Accessibility links

Еуропарламент Украинаға 35 млрд еуро несие бөлуді мақұлдады


Еуропарламент Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыста бұғатталған Ресей активтерінен түскен табыстан Киевке 35 млрд еуроға дейін несие бөлуді мақұлдады.

22 қазанда бұл шешімді 518 депутат қолдап дауыс берді, 56 адам қарсы болған, 61-і қалыс қалды.

Еуропарламент мақұлдаған қаржы – бұған дейін "Үлкен жетілік" (G7) елдері келіскен 50 млрд долларға дейінгі несиенің бір бөлігі. Әзірге ол елдер ортақ пакет аясында нақты қанша қаржы беретіні белгісіз. Бірнеше күн бұрын хабарланғандай, АҚШ Украинаға 20 млрд доллар беретін болса, Еуроодақ жарнасы мақұлданған 35 млрд еуродан аз болады.

Сейсенбі күні Ұлыбритания G7 елдерінің ортақ несиесі аясында Киевке 3 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді.

Украинаға несие бөлу туралы шешім биыл жазда өткен G7 саммитінде қабылданған. Киев оған қару-жарақ сатып алып, соғыс кезінде бүлінген, қираған жерлерін қалпына келтіруге жұмсай алады. АҚШ Еуроодақтан Ресей активтері ұзақ уақыт бойы бұғатталып тұрады дегенге кепілдік беруді талап еткеннен кейін келісімді жүзеге асыру қиындай түскен. АҚШ әдетте алты айда бір рет санкция мерзімін созатын Еуроодақ бір сәтте оларды созбай қалса, несие өтелмей қалуы мүмкін деп алаңдаған. Венгрия активтерді бұғаттау мерзімін 3 жылға созуға келіспеді.

Бірнеше күн бұрын Financial Times басылымы осы жағдаймен таныс үш дереккөзге сілтеп, АҚШ Еуроодақтан талап еткен кепілдіктерін алмай, уәде етілген 20 млрд долларды бөлуге шешім қабылдады деп хабарлады. Оның алдында несие бөлуді Еурокомиссия мақұлдаған.

G7 елдерінің қаржы министрлері Вашингтонда 25 қазанда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк отырыстарында кездеседі, сол жерде олар несиенің жай-жапсарын айтуы мүмкін деген болжам бар. Олар келісімге келер болса, Украина жыл соңына дейін уәде етілген қаржының бірінші бөлігін ала алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG