Республика күні қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ адамды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері, әскери қызметкерлер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.
Тоқаевтың жарлығымен президент жанындағы ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев "Қазақстанның еңбек ері" атағын алды. Одан бөлек, алматылық мұғалім Гүлжанар Нұрпейісова мен оралдық мұғалім Эльмара Траисоваға, Қарағанды облысындағы "Шахтерское" компаниясының директоры Георгий Прокопқа да осы атақ берілді.
Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиника орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев пен ақын Нұрлан Оразалин "Отан" орденімен марапатталды.
Тоқаев ақын Нұржан Светқалиға, жазушы Құлбек Ергөбекке, суретші Жанұзақ Мүсәпірке Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын берді.
Биылдан бастап марапаттар қатарына "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы қосылып, оны үш дәрігер алды.
Ақорда "биыл мемлекеттік наградалар тағайындауда қарапайым жұмысшылар мәртебесін асыруға, еңбек өкілдерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді" деп мәлімдеді.
Марапат алғандар қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.
ПІКІРЛЕР