Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау шарасында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз" деп мәлімдеді.
– Оның қазіргі қазақ мемлекетін құруда шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. "Жақсының жақсылығын айт" деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – Тоқаев.
Көптен бері жұрт көзіне түспеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 6 қазанда АЭС салу туралы референдумға дауыс беруге барып, төбе көрсетті. Экс-президент "табыс пен бақыт тілеп", сұрақ қойған журналистерге қайырылмастан кетіп қалды.
Назарбаевтың ықпалы кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін әлсіреген.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде сарапшылар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Тоқаев арасында тартыс жүріп жатыр деп болжаған. Қаңтар оқиғасы кезінде көпшілікке көрінбей, 18 қаңтарда бір-ақ мәлімдеме жасаған Назарбаев "зейнет демалысында" екенін, "билік тұтастай Тоқаевтың қолында" екенін айтып, элита ішіндегі қақтығыс туралы сөзді жоққа шығарған. Бірақ дүрбелеңнен кейін Назарбаевтың өзі, жақын туыстары мен серіктері лауазымынан айырылды, кейбір туысы сотталды.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" дейтін мемуары жарыққа шықты. Назарбаев сол кітапта қазіргі президент Тоқаевты "сенімді серігім" деп атаған. 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен кезде өз орнына Тоқаевты қалдырғаны дұрыс шешім болғанын айтқан. Назарбаевқа жақын адамдардың Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен шеттетілгені, өзінің "Тұңғыш президент және елбасы" мәртебесінен айырылғаны туралы ешқандай пікір айтпаған.
ПІКІРЛЕР