Accessibility links

Грузияда "елдің тағдырын анықтайтын" парламент сайлауы өтіп жатыр


Грузияда парламент сайлауы өтіп жатыр, сарапшылар оны елдің тағдырын анықтайтын шешуші оқиға деп атайды.

Сайлауға 18 партия қатысып жатыр: басым бөлігі парламентке өту үшін қойылатын меже – 5 пайыздан өте алмайды, ал негізгі тартыс басқарушы "Грузин арманы" мен бірнеше партиядан құралған оппозиция арасында өтпек.

"Грузин арманы" партиясы сайлаушыларды бейбітшілік пен соғыстың бірін таңдауға шақырған, олар оппозицияны "сыртқы күштердің тапсырмасымен Грузияны қақтығысқа тартуға тырысып жатыр" деп айыптады. Осы сайлауда партия "Бейбітшілік, ұлттық бірегейлік, дәстүрлі құндылық және экономика дамуы үшін" деген ұранды негізгі месседж ретінде пайдаланып отыр.

Ал оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптайды. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".

Сайлауалды сауалнама нәтижесі "Грузин арманы" алда келе жатқанын көрсеткен, алайда ол парламенттегі басымдығынан айырылуы ықтимал.

Сенбі күні таңертең елде 3 111 сайлау учаскесі ашылды, 67-і шетелде орналасқан. 89 пайызында бюллетеньдер жәшікке түскенде бірден санайтын "сайлау бюллетеньдерін өңдеу кешені" орнатылған. Алдын ала нәтиже түнгі сағат 11-дерде дайын болатыны айтылды.

XS
SM
MD
LG