Accessibility links

Грузиядағы сайлау: ОСК мәліметінше, "Грузин арманы" алда келеді


Грузияда парламент сайлауы өтті. Хаттамалардың 70% пайызы есептелгеннен кейін 2012 жылдан бері басқарушы партия болып келе жатқан миллиардар Бидзин Иванишвилидің "Грузин арманы" партиясының шамамен 52% дауыс алғаны белгілі болды. Парламентке тағы төрт партия өтеді: арасында "Өзгерістер үшін коалициясы", Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы, "Грузия үшін" және "Лело" партиялары бар.

Еуропашыл бағыт ұстанатын оппозициялық партиялар алдын ала мәлімет бойынша, басымдыққа ие болған жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, "Грузин арманы" партиясы парламенттен 88 орын алуы мүмкін. Үкімет жасақтау үшін 76 мандат керек. Конституциялық басымдық үшін 90 мандат қажет.

"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" және "Өзгерістер үшін коалициясы" сайлаудың нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, "Грузин арманы" партиясын "конституициялық төңкеріс" жасады деп айыптады. Оппозиция жетекшілерінің бірі Ника Гварамия сайлаудың қорытындысы бұрмаланды деп мәлімдеді. Оппозиция күштері наразылық акциясына дайындалып жатыр.

Билікшіл де, оппозициялық БАҚ та осыған дейін экзит-полл мәліметін жариялаған. "Имеди" телекомпаниясының сауалнама нәтижесі бойынша, басқарушы "Грузин арманы" партиясы 56% астам дауыс алып, парламентте басымдыққа ие болған. Ал оппозициялық "Басты арна" сауалнамасы "Грузин арманы" партиясының 42% ғана алғанын көрсеткен. Ал оппозиция күштері 50 пайыздан артық дауыс жинаған. "Формула" арнасының да сауалнама нәтижесі осыған ұқсас. Оларды Edison research және Harrys X компаниялары жүргізген.

Экзит-полдың нәтижесіне сүйенген басқарушы партия өкілдері жеңіске жеткендерін мәлімдеді. Тбилисиде өткен "Грузин арманы" партиясының митингісінде мерекелік отшашу болды. Премьер-министр Ираклий Кобахидзе сенімді түрде "жеңіске жеткендерін" мәлімдеді.

Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан сайлаудың ресми қорытындысы жарияланбай тұрып, X желісінде "Грузин арманы" партиясын жеңісімен құттықтады.

Ал оппозиция "Грузин арманы" партиясының басымдықты жоғалтқанына сенімді. Оппозиция күштерінің 52% дауыс алғанын Грузия президенті Саломе Зурабишвили де айтты.

Сайлауға 18 партия қатысқан. Олар парламенттегі 150 орынға таласқан. Заң бойынша партиялар парламентке өту үшін 5 пайыздық межеден өтуі керек. Сайлау пропорционалдық жүйе бойынша өтіп жатыр.

Сайлау кампаниясы тартысты өтті. Билік те, оппозиция да сайлауды "елдің тағдырын анықтайтын" шешуші оқиға деп атаған.

"Грузин арманы" партиясы сайлаушыларды бейбітшілік пен соғыстың бірін таңдауға шақырған, олар оппозицияны "сыртқы күштердің тапсырмасымен Грузияны қақтығысқа тартуға тырысып жатыр" деп айыптады. Осы сайлауда партия "Бейбітшілік, ұлттық бірегейлік, дәстүрлі құндылық және экономика дамуы үшін" деген ұранды негізгі месседж ретінде пайдаланды.

Ал оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптайды. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".

XS
SM
MD
LG