Accessibility links

АҚШ Қырғызстанның тағы бір компаниясына санкция салды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ қаржы министрлігі 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кірген Ресейдің әскери өнеркәсібін қолдағаны үшін Қырғызстандағы тағы бір компанияға санкция салды. Бұл жөнінде АҚШ қаржы министрлігінің сайтында жазылған.

Министрліктің мәліметінше, санкция Ресей әскери өнеркәсібі үшін маңызды өндірушілер, экспорттаушылар мен импорттаушыларға қарсы бағытталған. Олар тасымалдаған тауарлар арасында микроэлектроника мен программамен басқарылатын жабдықтар да бар.

Санкция салынған қырғыз компаниясы Service Fly Bishkek деп аталады. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, аталған компания Ресейде тіркелген Limited Liability Company Warehouse Foress компаниясына құны 1,2 млн доллар болатын тауар жіберген. Арасында америкалық және еуропалық компаниялар шығарған микроэлектроника және авиация бөлшектері болған.

Қырғызстан әділет министрлігінің дерегінше, Service Fly Bishkek 2023 жылы мамырда тіркелген, машина және жабдықтарды сатумен айналысады. Компанияға Магамед Омаров есімді адам жетекшілік етеді.

Service Fly Bishkek АҚШ санкциясына ілінген қырғызстандық алғашқы компания емес. 2024 жылдың маусымында АҚШ қаржы министрлігі қырғызстандық екі компанияға: Nova Project LLC және Transit Service Bishkek (TSB LLC) компаниясына қарсы санкция салған. Ал 2023 жылдың шілдесінде төрт қырғыз компаниясы санкция тізіміне енгізілгені белгілі болды: RM Design and Development, GTME Technologies, Progress Leader және Cargoline.

Одан бөлек, 2024 жылы маусымда Еуроодақ Қырғызстанда тіркелген «Мюллер Маркт» және «ПроффЛаб-қа» шектеу қойған.

АҚШ санкциясына жуырда қазақстандық Kazstanex компаниясы да ілінгені белгілі болды.

XS
SM
MD
LG