Accessibility links

Қазақстанның батысында Ресейдің әскери техникасы ауылдағы газ құбырына тиіп кеткен. Командирге айыппұл салынған


Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев сейсенбілік брифинг кезінде Ресеймен шекарадағы Бөкейорда ауданында 20 қазанда болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ол кезде бес әскери жүк көлігінің бірі Сайхин ауылынан өтіп бара жатқан кезде тұрғын үйлердің газ құбырына тиіп кетіп, құбырды құлата жаздаған.

"Ресей әскері полигонда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқанда Бөкейорда ауданына қарасты аудан орталығы Сайхин арқылы өткен. Дәл сол уақытта бір апта бойы жаңбыр жауып, амалсыздан аудан орталығынан өтуге мәжбүр болды. Сайхин арқылы өткенде бір көліктің абайсызда газ құбырына тиіп кеткені белгілі болды. Бірақ газ құбырына ештеңе болған жоқ. Біздің құқық қорғау органдары осы бөлімше командирін ұстап, әкімшілік хаттама толтырды, әрине, айыппұл салды" деді BES.media басылымының тілшісінің сұрағына жауап берген БҚО әкімі.

Әкім қанша айыппұл салынғанын нақтыламады. Қазақстанның Әкімшілік кодексіне сәйкес, көлік, жүк, жол немесе өзге де жабдықтар мен мүліктердің бүлінуіне алып келген жол ережесін бұзған жүргізушіге 20 АЕК көлемінде (қазіргі доллар бағамы бойынша шамамен 150 доллар) айыппұл салынады немесе 6 айға дейін жүргізу құқығынан айырылады.

Ресей Қазақстанның батысында Бөкейордасы ауданы Сайхин ауылы маңынан 100 шақырым жерден полигонды жалға алған. Онда Ресейдің екі әскери бөлімі орналасқан. Ол жақта қызметкерлер вахта әдісімен істегендіктен Ресейдің әскери техникалары елдімекендерден тыс аумақта келісілген бағыт бойынша тұрақты түрде полигонға кіріп, шығып тұрады.

Сайхин ауылы Ресей жалға алған әскери полигонның шекарасына кірмейді. Жергілікті тұрғындар Бөкейорда ауданындағы азық-түлік дүкендерінен әскери техникаларды жиі көретінін айтады.

Қазақстанмен шекаралас Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр полигоны бар. Оны Ресей құрлықаралық баллистикалық ракеталарын сынауға пайдаланады.

Биыл мамыр мен маусым айларында Ресей қорғаныс министрлігі Беларусьтің қатысуымен стратегиялық емес күштердің жаттығуын өткізгенін хабарлаған.

Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде әскерилер «Искандер» кешенін қолдануды және оны зымыран ұшыру аймағына жасырын түрде қозғалтуды пысықтады. Ресейдің әскери-ғарыш күштері сонымен бірге дыбыссыз «Кинжал» зымырандарын жабдықтауды және ұшу аймағын бақылауды жаттықтырды. Екінші кезеңде Ресей және белорус әскері стратегиялық емес ядролық қаруды бірлесіп соғысқа дайындау мәселелерін пысықтады.

Азаттықтың Орыс қызметі Ресейдің қорғаныс министрлігі таратқан жаттығудың екінші кезеңінен түсірілген видеоның геолокациясын анықтады. Ол Капустин Яр полигонынан 50 шақырым жердегі Ахтубинск аэродромынан түсірілген.

XS
SM
MD
LG