Accessibility links

"Мұнда революция басталып кетсе қайтеміз деген ойыма келмепті". Сеулдегі Орталық Азия мигранттарының әңгімесі


Оңтүстік Кореяда әскери жағдай жариялау туралы президент жарлығына наразылық білдіріп, парламент алдына жиналған адамдар.
Оңтүстік Кореяда әскери жағдай жариялау туралы президент жарлығына наразылық білдіріп, парламент алдына жиналған адамдар.

Желтоқсанның басында Оңтүстік Кореяны дүр сілкіндірген саяси оқиға бүкіл әлемнің назарын аударды. Осы елде оқуда және жұмыс істеп жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтары өздері куә болған жайтты баяндап берді.

Оңтүстік Кореяда не болып жатыр?

3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель "ел ішіндегі Солтүстік Кореяның жандайшаптарымен күресу үшін" әскери жағдай тәртібін енгізу туралы жарлық шығарды.

Президент жарлығына сай, елде саяси партиялардың қызметіне, ереуілдерге тыйым салынып, цензура енгізілді, әскери трибуналдарға өлім жазасы туралы үкім шығару құқы беріледі деп жарияланды. Тұтқиылдан қабылданған жарлық халыққа төбеден жай түскендей әсер етті. Сеул көшесі наразы адамдарға толды. Президент жарлығын сынға алған парламент мүшелері ғимаратқа әскер басып кірмек болып жатқан сәтте, шұғыл отырыс өткізіп, президент жарлығына қарсы дауыс беріп үлгерді.

Бұдан кейін президент, заң талабына сай, парламенттің шешіміне бағынып, алты сағат бұрын қабылдаған жарлығының күшін жоюға мәжбүр болды.

Президентке импичмент, Кореядағы қазақтар, шарықтаған баға – AzatNEWS | 04.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:32:50 0:00

Президент жарлығында көрсетілген негізгі міндеттерді атқару жүктелген лауазымды шенеуніктер, арасында қорғаныс министрі Ким Ен Хен де бар (кейін ол қамауға алынды), қызметінен кетті.

7 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялау туралы мәселені дауысқа салды. Бірақ биліктегі "Халық күші" партиясынан парламентке сайланған депутаттар дауыс беруге қатысудан бас тартқандықтан, қажет дауыс жинай алмай, шешім қабылданбады.

9 желтоқсанда президентке Оңтүстік Кореядан шығуына тыйым салынды. Бас прокурор мұндай шектеу елде әскери жағдай енгізу туралы жарлықтан кейін қозғалған бүлік жөніндегі істі тергеуге байланысты қолданылып отыр деп мәлімдеді. Бұған қоса президент Юн Сок Ельге мемлекетке опасыздық жасау және билікті теріс пайдалану деген баптар бойынша айып тағылған.

"Бұл президент билікте отырғанда мигранттарға қарсы рейд үзілмейді"

Қазақстанның Түркістан облысының тумасы, 33 жастағы Санат Жүсіпбек Оңтүстік Кореяға 2017 жылы барған. Ол Оңтүстік Кореяның астанасынан бірнеше сағат жердегі Каннын қаласында тұрып жатыр, бірақ Сеулде жиі болып тұрады.

Әскери жағдай енгізілетіні жария болған кезде үйде едім деді Санат. Айтуынша, негізгі оқиғалар мигранттар тұрып жатқан жерден алыста болғандықтан, Санаттың таныстарының көбі не болып жатқанын дұрыс түсінбей де қалған.

"Оқиғалар бас алаңда және парламенттің алдында өрбіді. Сеулдегі таныстарым әскери тікұшақтың дыбысын естігенін айтты. Қазақтардың кейбірі чатқа: "Бәлкім, бұл жақтан кетіп, Қазақстанға оралғанымыз дұрыс па?" деп жазып жатты. Бірақ дүрбелең болған жоқ. Тіпті елшіліктің [Қазақстанның] өзі бұлай болады деп күтпесе керек, бізге "заңды сақтаңдар" деп қана үндеу жасады", – деді Санат.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай жариялағанына наразы халық парламенттің алдына жиналды. Сеул, 4 желтоқсан, 2024 жыл.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай жариялағанына наразы халық парламенттің алдына жиналды. Сеул, 4 желтоқсан, 2024 жыл.

Ал жергілікті тұрғындар саяси талап көтеріп, жұмыла қимыл танытты деді Жүсіпбек.

"Олар келесі күні айтылған уақытта кездесіп, бірге митингіге шығамыз деп келісіп, қай жерге жиналатынын да белгілеп қойды. Кеше [5 желтоқсанда] олар кешкі сегізге дейін митинг өткізіп, президенттің қызметтен кетуін талап етті", – деді Санат Жүсіпбек.

Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар "наразылық таныта біледі".

"Корейлерде митинг мәдениеті бар, тәртіпсіздік жасап, тонап, бүлдіріп-қиратып жатқан ешкімді байқамадым, ал полицияның наразыларға қатыгездік танытқанын, резеңке таяқпен ұрып-соққанын көрген жоқпын", – деді ол.

Санат Жүсіпбек корейлер тым ерте жатып қалуға әдеттенгенін білгендіктен әскери жағдайды әдейі түнге қарай енгізген деп топшылайды.

"Қазір сағат кешкі тоғыз. Таңертең бес-алтыда тұрады. Құдды бәрі ұйқыға жататынын пайдаланып, үндемей ғана іске асырмақ болған сияқты", – деді ол.

Санат өзінің көптеген отандастары тәрізді, қолында заңды құжаты жоқ, еш жерде тіркелмей жұмыс істейтін еңбек мигранты. Күнде таңертең сағат 5-6-да Санат өзі секілді ауыр қара жұмысқа жалданатындар жиналатын жерге барып, жұмыс қолын іздеген біреу-міреу жолығып қала ма деп күтеді. Күнделікті орташа есеппен 100 долларға жуық табыс табады, бірақ үйге жұмыссыз қайтатын "бос күндер" де болып тұрады.

Жүсіпбек зауытта да жарым-жартылай жұмыс істейді. Бірақ ол жерде заңды жұмысшы болып тіркелмеген. Ондай адамдар ұсталып я ауырып қалмаймын ба деп үнемі қорқып жүреді дейді Санат. Оңтүстік Корея заңсыз жұмыс істейтіндер медициналық сақтандыруға қол жеткізе алмайды.

"Зауытқа тексерушілер келіп қалған кезде бәріміз тұра қаштық. Дуалдан секірем деп құлап түсіп, қолымды сындырып алдым. Сүйек дұрыс бітпеді, ота жасатпаса болмайды, бірақ ол үшін ең аз дегенде 40 күн жұмысқа шықпауым керек, өйтуге мүмкіндігім жоқ, сондықтан шыдап, күнде жұмысқа шығып жүрмін", – деп түсіндірді Санат Жүсіпбек.

Sanat Zhusipbek, a citizen of Kazakhstan living in South Korea
Оңтүстік Кореяда тұрып жатқан Қазақстан азаматы Санат Жүсіпбек

Қазақстан азаматы Оңтүстік Корея президенті қашан ауысатынын күтіп жүр. Ол саяси өзгеріс болса, мигранттардың өміріне де оң ықпал ететін шығар деп үміттенеді.

"Қазір оның [билікте отырған президенттің] кезінде экономика нашарлап кетті, жұмыссыздық көбейді. Табыс табу өте қиын болып жатыр. Тапсырыс аз, төлейтіні шамалы. [Қазақстандықтардың] кейбірі қарызға батса, енді біреулері елге оралуға мәжбүр. Бір кездері прокурор болған қазіргі президенттің жүргізген саясаты мигранттарға өте қатты батты. Ол мигранттар корейлердің ыдысына артық қасық салатын жатыпішер болды деп көпшілік алдында да айтқан. Мигранттар оны жек көреді. Оның кезінде рейдтер көбейген сияқты көрінеді маған. Мигранттарды ұстап, изоляторда 15 күн ұстайды, сосын билетке ақшаны олар өздері тапқаннан кейін депортация жасайды", – деді Жүсіпбек.

Қазақстанға оралу ойда бар ма деген сауалға елдегі жаңалықтарды қарап отыратынын, теңгенің долларға шаққандағы бағамы құлдырап жатқандықтан, енді ол бағаға да әсер ететіндіктен әзірге үйге қайтуға асықпайтынын айтты.

"Оңтүстік Кореяда билікке кім келсе де тіршілік үшін жанталасамыз. Шынымды айтайын, бұл елде революция басталып кетсе мигранттар қайтеді деген ойыма да келмепті", – деді Санат.

"Басыма бөтен ой келген жоқ, қыңқ етпедім"

Ал Сеулге 10 ай бұрын заңды жолмен келген Диас ешнәрсеге қатты алаңдамай тұрып жатқанын айтты. Қазір ол университетте корей тілін оқып жүр. Әрқайсы үш айлық курстың құны – 1100 доллар. Диас қосымша даяшы болып жұмыс істеп жүр, айына 1,5 мың долларға жуық ақша табады.

Әскери жағдай жарияланған кезде Диас жұмыста болыпты.

"Төлем қабылдап жатқан едім, әріптес корей жігіті жаныма келіп, телефоннан көрсетті, президент әскери жағдай жариялапты. Ол шошып қалыпты. Ертең барлық жерде әскер жүретін шығар деді. Мен қыңқ етпедім, басыма бөтен ой келген жоқ. Кейінірек бастығым келіп, әскери жағдайға байланысты ертең жұмыс ауысымы ертерек аяқталады, түнгі 11-ден кейін көшеге шығуға болмайды, ID-картаны үнемі бірге алып жүріңдер", – деп ескертті.

Қазақстандық студент Оңтүстік Кореядағы саяси ахуал мен ел басшылығындағы ауыс-түйіс ол елде заңды жолмен жүрген шетелдіктерге әсер етпейтіндігіне сенімді. Бірақ заңсыз жүргендерге қиын тиюі мүмкін екенін айтады.

"Осында келгеннен бері президенттердің елде құжатсыз жүргендерді қолдап сөйлегенін естімедім", – деді ол.

A view of the streets of Seoul the day after martial law was declared and lifted.
Әскери жағдай жарияланып, көпке жетпей күші жойылған күннің ертесіне Сеул қаласының көрінісі.

"Корей тіліндегі жаңалықтарды түсінбей, үрейге берілді"

Оңтүстік Кореядағы қырғыз студенттер қауымдастығының төрағасы Бектұр Абдыкалыков та Сеулде оқып жүр. Оның сөзінше, әскери жағдай жарияланғаннан кейін әсіресе корей тілін білмейтіндер үрейге берілген. Бірақ жағдайдың егжей-тегжейін шетелдік БАҚ хабарлағаннан кейін, өмір күнделікті қалыпты арнасына қайта түскен.

"Сол күні [3 желтоқсанда] әскери жағдай еннгізетіндей төтенше ештеңе болған жоқ. Президент Юн Сок Ель күндіз әдеттегідей жұмыс істеді, біздің (Қырғызстанның – ред.) президентімізбен [Садыр Жапаровпен] кездесті. Президент шамамен кешкі 10:30 кезінде әскери жағдай жариялады, ол кезде мен Қырғызстан білім министрімен кездесуден оралған едім, біз онымен президент түскен қонақүйде, Сеулдің қақ ортасында кездестік. Қала тып-тыныш болатын. Бір сағаттың ішінде әскери техника толып кетті. Көкте тікұшақтар ұшып жүрді. Шетелдіктер қатты үйрейленді, өйткені олар тіл білмегендіктен, корейше жаңалықтарда не айтылып жатқанын түсінбеді. Шетелдік басылымдар мұнда [не болып жатқанын] тек бірнеше сағаттан кейін хабарлады", – деп еске алды Бектұр Абдыкалыков.

Bektur Abdykalykov, Chairman of the Association of Kyrgyz Students in Korea
Оңтүстік Кореядағы қырғыз студенттер қауымдастығының төрағасы Бектұр Абдыкалыков

Оның сөзінше, әскери жағдай жарияланып, бірнеше сағаттан кейін күшін жойғаны ахуалдың шиеленісіп кетпеуіне септескен.

"Таңертеңіне мекемелердің барлығы әдеттегідей жұмысына кірісті. Егер шектен шыққан тыйымдар енгізілгенде, ел экономикасына орасан зор шығын әкеліп, жауапкершілік жүгі артып, бұл халық наразылығын туғызып, жаппай қарсылық акцияларына ұласар еді", – деді Бектұр Абдыкалыков.

"Қызым жылап хабарласты"

Оңтүстік Кореядағы қырғыз диаспорасының белсендісі, 48 жастағы Эмиль Калилов ол елге 1999 жылы көшіп барған, қазір сонда тұрақты тұруға рұқсаты бар. Ол Оңтүстік Корея әділет министрлігі жанындағы иммигранттарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі ментор болып жұмыс істейді, отандастарына тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі.

Эмиль әскери жағдай енгізілгені туралы жаңалықты көшеде келе жатқанда естіген. Ол да кейбір таныстарының "үрейленуге уақыты жетпей қалғанын" айтып берді.

"Не болып жатқанын бірден естіген жоқпыз. Ал мен отандастарым мүлде хабарсыз болды, өйткені қырғызстандықтардың көбі Сеулден тысқары тұрады. Көшеде достарыммен отырғам, 15 жасар қызым маған телефон соқты, қорқып қалған, жылап тұр. Ол корейше өте жақсы біледі, жаңалықтардан естіп-білген. Мен үйге қайтып келе жатқанымда көше тып-тыныш болатын, бірақ көңілім алай-түлей, "не болып жатыр?", "ары қарай не болмақ?" деген сауалдар жегідей жеді", – деді Эмиль.

Emil Kalilov, a citizen of Kyrgyzstan, living in Seoul on a permanent basis
Қырғызстан азаматы Эмиль Калиловтың Сеулде тұрақты тұру құжаты бар

Ол президенттің әскери жағдай енгізу туралы жарлығы елдің абырой-беделіне өте үлкен нұқсан келтірді деп есептейді. Калиловтың айтуынша, егер осы жайттардан кейін Оңтүстік Кореяда билік ауысып, үкімет тізгіні оппозицияның қолына тисе, елде заңды түрде жүрген мигранттардың өміріне оң әсер етуі мүмкін.

"[Оппозиция лидері] Ли Дже Мен мен [оның] партиясы Қытайға жылы қабақ танытып, Солтүстік Кореямен арадағы қатынасты жұмсартуды қолдайды. Сол себепті, мигранттарға көзқарас жақсарады деп күтуге болады, өйткені мигранттардың көпшілігі қытайлар", – деді Эмиль Калилов.

Бұған қоса, оның пікірінше, елде қазірдің өзінде мигранттар үшін жақсы жағдай жасалған.

"Елге келетін шетел азаматтарының жұмыс тәртібі ережесі, реттеу жүйесі ойластырылып, енгізілді. Иммигранттар мен келетін жұмысшылардың мүдделері ескерілген. Мемлекет заңсыз жүргендерді ұстап, кері қайтарады, бірақ оны сауатты түрде, адамның құқықтарын ескеріп, қажетті көмек және тамақпен қамтамасыз ете отырып істейді. Әлдебір салаға жұмыс күші жетпей жатса мемлекет көп жағдайда оған көз жұма қарайды", – деді Калилов.

A view of the streets of Seoul the day after martial law was declared and lifted.
Әскери жағдай жарияланып, көпке жетпей күші жойылған күннің ертесіне Сеул қаласының көрінісі.

Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда Қырғызстанның 15 мыңға жуық азаматы тұрып жатыр. Ресми Сеул бұл елден келетін еңбек мигранттарына квота белгілеп қойған. Биыл оның саны үш мыңнан асты.

Қазақстан еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 1 қарашадағы мәліметке сай, Оңтүстік Кореяда 17300 қазақстандық жұмыс істеп жүр. Оның 12300-і – заңсыз жүргендер. Қазан айында Қазақстан мен Оңтүстік Корея өкілдері қазақстандықтарды заңды жұмысқа тарту мәселесі жөнінде келіссөз өткізген. Қазақстан еңбек министрлігі биылғы жылдың аяғына дейін келісімге қол қойылады деп күтіп отырғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, 29 қарашадан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында визасыз режим күшіне енді.

Kazakhstan - Korea migrants illustrations
Иллюстрация авторы – Алсу Жасқайратова

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда 69 мың Өзбекстан азаматы тұрады – бұл саны жағынан осы елдегі бесінші ірі диаспора. Биыл Оңтүстік Корея Өзбекстаннан баратын еңбек мигранттарына бөлген квота – 37 мың.

Азаттықтың Тәжік қызметінің ақпараты бойынша, Оңтүстік Кореяда Тәжікстаннан барған бес мыңнан астам еңбек мигранты жүр. Екі ел арасында тәжікстандықтарды ресми жұмысқа тарту туралы келісім бар, ол жаңа жылдан бастап күшіне енбек.

XS
SM
MD
LG