Accessibility links

Сирияда жұрт Хафез Асадтың кесенесін тонап, өртеп кетті


Сирияның бұрынғы президенті Хафез Асадтың құлаған ескерткіші. 6 желтоқсан 2024 жыл.
Сирияның бұрынғы президенті Хафез Асадтың құлаған ескерткіші. 6 желтоқсан 2024 жыл.

11 желтоқсанда көтерілісшілердің жақтастары Сирияның бұрынғы президенті және Башар Асадтың әкесі Хафез Асадтың туған қаласы Кардахағы кесенесін басып алды. Олар бұрынғы президенттің сүйегі жатқан табыт бар мемориалды өртеп жіберді.

Кесененің терезелері шағылып, ішін жартылай тонап кеткен. Кесенеде Хафездің әйелі Аниса мен олардың үлкен ұлы Басилдің қабірі де бар, билікке келеді деген Басил Асад 1994 жылы жол апатынан қаза болған. "Әл-Арабия" агенттігі қабірдегі сүйектерге не болғаны белгісіз деп хабарлады.

Асад отбасы Сирияны 50 жылдан астам уақыт басқарған.

Әлеуметтік желіде көтерілісшілер жер астынан синтетикалық есірткі-стимулятор – каптагон шығаратын бірнеше ірі зауыт тапты деген ақпарат тарады, оны ондаған жыл бойы Сирия өндіріп отырған. Зерттеушілердің пікірінше, Сириядағы каптагон өндірісін Асад кланының мүшелері жеке бақылаған, өндіріс жылына ондаған мың тоннаға жеткен.

Каптагон алғашында медициналық дәрі ретінде жасалған, бірақ 1986 жылдан кейін әлемнің көп елінде оған тыйым салынды. Алайда ол Таяу Шығыстағы заңсыз айналымда кең тарап, "жиһад есірткісі" деген атқа ие болды, соғысып жатқан исламшыл топтардың мүшелері бұл психостимуляторды түнде ұйықтап қалмас үшін, эмоцияны басу үшін жиі қабылдайды.

Ақпаратқа қарағанда, көтерілісшілер табылған есірткіні өртеп жіберген.

Сириядағы қарулы топтар қарашаның соңында белсенді әрекетке көшіп, айналасы 11 күннің ішінде ел астанасы Дамаскіге басып кірген. Үкімет әскері оларға еш қарсылық көрсетпеді. 8 желтоқсанда наразы топ билікті қолына алғанын мәлімдеді. Елді ұзақ басқарған Башар Асад отбасымен Мәскеуге кетіп, сол жақта пана тапқаны белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG