Ұшақ құлаған аумақты полиция күзетіп тұр
- Авторы: Айнұр САПАРОВА
Азаттық тілшісі Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылына барды. Әзербайжан әуе компаниясының жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда осы маңға құлаған.
Мұнда "Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз" (KCOI) компаниясы бар, Ақтаудағы әуежайға жақын орналасқан.
Ұшақ құлаған аумақты бақылап тұрған полиция "тергеу жүріп жатыр" деп, тілшіге апат болған жерге жақын баруға рұқсат бермеді.
Бұл жаққа Әзербайжан төтенше жағдай министрлігінің мамандары да келді. Олар сұхбат беруге келіспеді.
"Хайп қуу". Әшімбаев "ұшақты атып түсіруі мүмкін" деген болжамға не деді?
Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Azerbaijan Airlines ұшағын атып түсіруі мүмкін деген болжамды "дұрыс емес" деп санайды.
"Суреттерге қарап апаттың себебі "анау-мынау" деу – спекуляция. Мұндай баға беру – дұрыс емес әрі этикаға қайшы. Бұл қандай да бір адамдардың өзіне ұпай жинауы, қаралымын көтеруі, хайп қууы. Комиссия мен мамандар жұмыс істеп жатыр, қарап жатыр. Олар өзі шешімін айтады" деді Әшімбаев.
Спикердің сөзін Orda.kz сайты жариялады.
Қазақстанда болған ұшақ апаттарының хроникасы
Қазақстанда кейінгі 12 жылда адамдардың өмірін қиған бірнеше ұшақ апаты болды:
- 2021 жылғы 13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді;
- 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайы маңында қазақстандық Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапты. Ұшақта 98 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған;
- 2019 жылғы 27 наурызда Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Қазақстан қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады;
- 2016 жылы 27 қаңтарда Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, бес адам мерт болған;
- 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған "Ан-2" ұшағы құлаған. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды;
- 2013 жылы 29 қаңтарда Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына Көкшетаудан Алматыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді;
- 2012 жылғы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 адам қаза болған.
Әзербайжан аза тұтып жатыр
Әзербайжан халқы ұшақ апатына байланысты аза тұтып жатыр. 26 желтоқсанда бүкіл ел құрбандарды бір минут еске алды. Сағат 12-де елдегі бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, көліктер мен кемелер, пойыздар сигналдатты. Елдегі мекемелерде ел туы төменге түсірілді. Баку әуежайына халық гүл шоқтарын қойып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі хабарлады.
ПІКІРЛЕР