Accessibility links

Әзербайжан ұшақ апаты құрбандарын аза тұтып жатыр. Баку әуежайы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.
Әзербайжан ұшақ апаты құрбандарын аза тұтып жатыр. Баку әуежайы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтаудағы ұшақ апатына Ресей әуе қорғаныс жүйесінің қатысы бар деген болжам айтылды

Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза тапты. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен.

16:11 26.12.2024

Кремль Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде "гипотеза құрмайтынын" айтты

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Астана, 27 қараша, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Астана, 27 қараша, 2024 жыл.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Azerbaijan Arilines компаниясы жолаушы ұшағының Қазақстанда апатқа ұшырауын тергеу ісі аяқталғанша, оның себебі жөнінде гипотеза құрмайтынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты 26 желтоқсанда "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

"Тергеу қорытындысы шыққанға дейін қандай да бір гипотеза құрған дұрыс болмайды. Біз, әрине, олай істемейміз, және ешкім де олай істемеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күткен жөн", – деген Песков бейсенбі күні Мәскеуде өткен брифингте.

25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңына Azerbaijan Arilines компаниясының жолаушы ұшағы құлап, ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29 тірі қалған. Тірі қалғандар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылған.

Апат орнынан түсірілген фото/видеоларда ұшақтың құйрық жағында диаметрі әртүрлі көп тесік бары анық байқалады. Кейбір сарапшылар ол тесіктер зенит ракетасынан қалған ізге қатты ұқсайтынын айтып, жолаушы ұшағын ресейлік әуе шабуылына қарсы жүйе нысанаға алған болуы мүмкін деп топшылаған.

Бұған дейін Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "ұшаққа оқ тиген болуы мүмкін" деген долбарды "хайп қуу" деп атап, ресми тергеу аяқталғанын күтуге үндеген.

17:12 26.12.2024

Денсаулық сақтау министрлігі: ұшақ апатынан зардап шеккен екі адам аса ауыр халде

Маңғыстауда болған ұшақ апатынан аман қалып, ауруханаға жеткізілген адамдардың екеуінің жағдайы аса ауыр деп хабарлады бейсенбіде Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі.

"11 науқастың жағдайы ауыр, 14-інің жағдайы орташа ауыр дәрежесінде, 2 адамның ахуалы қанағаттанарлық жағдайда", – деді министрлік.

Апаттан зардап шеккен сегіз адам өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныстап жатыр.

Ресми дерекке сай, 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған Әзербайжанның жолаушы таситын ұшағында болған 67 адамның 38-і мерт болып, әртүрлі дәрежедегі жарақат алған 29 адам Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы. Ақтау, 26 желтоқсан, 2024 жыл.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы. Ақтау, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Денсаулық сақтау министрлігі ұшақ апатынан зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын, ем-домға керек дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық жеткілікті деп хабарлады.

26 желтоқсан таңертең Ресейдің арнаулы ұшағы 9 ресейлік азаматты Ақтау ауруханасынан Мәскеуге алып кеткен. Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр, дегенмен жол жүруді көтереді деп айтқан.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағында болған Қазақстанның 6 азаматы түгелдей қазаға ұшырады. Олардың арасында жасы кәмелетке толмаған бір ұл бар.

17:31 26.12.2024

Azerbaijan Airlines компаниясы басшысы ұшақ пен ұшқыштар жайлы не деді?

Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының президенті Самир Рзаев Ақтау маңына құлаған Embraer E190AR жолаушы ұшағында техникалық проблема болған жоқ, ұшақ биыл қазан айында толық жөндеуден өткен деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ұшақ жиі тексеріліп тұрған.

Рзаев апатқа ұшыраған ұшақты басқарған ұшқыштар өте тәжірибелі маман болғанын, әрқайсы жиынтығы 15 мың сағат ұшқанын айтты.

Әуе компаниясының басшысы "тергеу жалғасып жатқандықтан қандай да бір гипотеза жасауға әлі ерте" деді. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі хабарлады.

Қазақстанның Маңғыстау облысы аумағына құлаған Әзербайжан әуекомпаниясының Embraer E190AR жолаушы ұшағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Қазақстанның Маңғыстау облысы аумағына құлаған Әзербайжан әуекомпаниясының Embraer E190AR жолаушы ұшағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

AZAL әуекомпаниясының Embraer E190AR жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда Қазақстанның Маңғыстау облысы аумағына құлап, ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29 тірі қалған. Аман қалған адамдар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылды.

Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E190AR жолаушы ұшағы ең алғаш рет 2013 жылы шілде айында сапарға шыққан деп хабарлады маңғыстаулық Lada.kz басылымы. Содан бері ұшақ бір ғана компанияның меншігінде болған, бірнеше жыл оның Buta Airways деген еншілес компаниясы пайдаланған.

4K-AZ65 тіркеу нөмірі берілген ұшақ Бакуден Ресейдің Волгоград, Самара, Қазан, Астрахань мен Грозный қалаларына, сонымен бірге Ақтау, Бішкек, Тбилиси және Трабзон қалаларына жолаушы тасыған. Flightradar сервисінің дерегі бойынша, бұл ұшақ 20 желтоқсанда Ақтау әуежайына қонып, қайтадан ұшып кеткен деп жазды Lada.kz.

17:36 26.12.2024

Апатқа ұшыраған ұшақтың "қара жәшігі" қайда? Ресми органдардың айтқаны

25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңына құлаған Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer E190AR жолаушы ұшағының ұшқыштар кабинасындағы әңгіме мен ақпаратты жазып алатын арнаулы құрылғы ("қара жәшік") Қазақстанның жедел-тергеу тобына берілген. Бұл туралы Азаттыққа бейсенбі күні Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов айтты.

Ал Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева "қара жәшік" ешқайда әкетілмегенін растады.

Бұған дейін желіде "қара жәшікті Ресейге алып кеткен-мыс" деген ақпарат тараған еді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG