Accessibility links

Қытай Еуропалық қаржы тұрақтандыру қорын толтыруға ниет білдірді


Еуро және юань. (Көрнекі сурет)
Еуро және юань. (Көрнекі сурет)
Егер Еуропа одағының басшылығы Еуропалық қаржы тұрақтандыру қорына қаржы салудың қауіпсіздігіне көз жеткізетіндей дәлелдер келтіретін болса, онда Бейжің осы қорды өз қаржысымен толтыруға дайын.

Қытай үкіметінің жоғары лауазымды кеңесшілері осылай деп мәлімдегені туралы бүгін «Файненшл таймс» газеті хабарлады. Басылымның жазуынша, тағы бір дерек көзінен мәлім болғанындай, Қытай 100 миллиард долларға дейін қаржылай үлес қоса алады.

Қытай орталық банкінің монетарлық саясат жөніндегі комитетінің өкілі Ли Даокуй Еуропаға жәрдемдесу Қытайдың ұзақ мерзімді ішкі мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген.

Бұл мәлімдемелер бүгін Бейжіңге Еуропалық қаржы тұрақтандыру қорының басшысы Клаус Реглингтің сапары басталған кезде айтылып отыр.

Қазаннның 27-і күні Брюссельде Еуропа одағы елдері Еуропалық қаржы тұрақтандыру қорын 400 миллиард еуродан шамамен 1 триллион еуроға (1,4 триллион доллар) дейін ұлғайтуға келіскен еді.
XS
SM
MD
LG