Accessibility links

Жапон елі жойқын апаттан кейін қайта жаңару, жаңғыру жолын қарастырмақ


Апаттан қашқан жұрт эвакуациялық орталыққа жиналып жатыр. Натори, 16 наурыз 2011 жыл.
Апаттан қашқан жұрт эвакуациялық орталыққа жиналып жатыр. Натори, 16 наурыз 2011 жыл.

Жапониядағы жойқын жаратылыстық апаттан кейін қираған шығыс-солтүстік аймақты қайта оңалту үшін құрылған «Қайта гүлдендіру ойы» кеңесі 14 сәуірде Токиода алғашқы мәжілісін өткізді.

Жапониядағы жойқын жаратылыстық апаттан кейін қираған шығыс-солтүстік аймақты қайта оңалту үшін құрылған «Қайта гүлдендіру ойы» кеңесі 14 сәуірде Токиода алғашқы мәжілісін өткізді.

Жапония премьер-минстрі Наото Кан мәжілісте бұл жолғы жойқын жер сілкінісі соғыстан кейін кезіккен ең зор дағдарыс екенін айта келіп, апатқа ұшырған аймақты бұрынғы бейнеде қайта қалпына келтірумен шектелмей, өміршең қайта құру жобасын алға қоятынын әрі осы негізде нақтылы шараларды іске асыратынын шегелеп айтты.

Ол «Қайта гүлдендіру кеңесінен» маусымның соңына дейін қайта құру жобасын алға қоюды талап етті. Жапон премьер-министрі енді алдағы бір айда көршілес Қытай мен Корея еліне сапарлай барып, апаттан кейінгі қайта құру жобасы мен «Фукусима-1» АЭС шырғалаңын бір жақтылы етуді ойластыруда. 21 мамырда Жапон, Корея, Қытай басшылары Токио қаласында бас қосып, апаттан сақтану және АЭС қауіпсіздігі саласындағы селбестікті қауіпсіздік мәселесін күшейтудің нақты жобасын жасауды қолға алмаққа бекініп отыр. Жапония оған қоса дербес үшінші жақ комиссиясын құрып, бүкіл дүние жүзі мойындайтын тексеру жүргізуді ойластырып отыр.

Жапон үкіметі тек көршілермен кездесу, кеңестермен ғана шектеліп отырған жоқ. Бұдан бұрын сәуір айының басында Жапония экономика өндіріс министрлігі ластанған су мәселесін шешу үшін жасанды қалқыма арал жөткеу арқылы ластанған суды сақтайтындығын айтты. Бұл қалқыма аралдағы бостықта шамамен он мың тонна ластанған суды сақтауға болады деп межеленуде.

Жапон елімен Қытай, Корея халқы арасында тарихи салқындық сақталып отырса да, құдайы көрші болған үш ел өз мүдделері үшін бірігіп қимылдауға, қазіргі жағдайды ортақ ақылдаса отырып шешуге ұмтылуда.

Жапон үкіметі осындай алапат жағдайдан үлкен өзгеріс, жаңа жасампаздық жасауға мықтап кірісіп, елдің шығыс-солтүстігіндегі қаза мен қайғыға батқан халыққа жаңа тірліктің, жаңа өмірдің жарқын есігін ашуға мықтап кірісіп отыр. Енді аз жылда Жапон үкіметі жарқыраған жаңа қалаларды, жаңа өндіріс орындарын құрып шықпақ.

Соғыстан кейін қираған қиындыға айналған, екі қаласында атом бомбасы жарылып, жүз мыңдаған адамнан айрылып, қиын жағдайда қалған Жапон елі аз жылда қайта көтеріліп, экономика мен техникада дүниенің алдына оқ бойы озып шыққаны белгілі. Ол кездегі жағдайға қарағанда, бұл күнде Жапонның аяқта тұрып кетеріне мықты негіз бар.

Соңғы он бес жылда жапон үкіметі жетекшілеріндегі тұрақсыздық, мәнсіз саяси күрестер ел экономикасын тоқырауға ұшыратып, жоғары қарқынмен зулап келе жатқан жапон супер экспрессі жылдамдығын азайтып алғандай әсер еткені ешкімге жасырын емес. Бұл жолғы алапат апат соңғы кезде мәнсіз саяси күреспен айналысып кеткен Жапон елінің жетекшілеріне үлкен сабақ пен ескертудей сезіліп отыр. Осы сынақтан кейін біреулер айтқандай Жапон елі артқа емес, қайта тағы да үлкен серпін алатын, бүкіл құрылымдарын, ескі жүйелерін қайта бастан қарап, тағы бір үлкен жаңғырудан өтетіне сенім бар.

Жойқын апаттан кейін қандай сынаққа да төзетін қайта құрулар, қайта құрылымдаулар, қайта қарайтын қауіпсіздік шараларын жасақтау барысында жарыққа шығатын жаңа ойлар, жаңа тапқырлықтар миымен жұмыс істейтін Жапон елін тағы бір белеске көтеріп тастауы әбден мүмкін. Әрине, уақыттық экономикалық қиыншылықтар болатыны белгілі. Алайда бұдан да қиын кезде еңсесін көтере білген Жапон еліне бұл кедергі бола қоюы екіталай.

Мүмкін, бұл жолғы апат тәңірдің сынағы болар – осы сынақтың артында Жапон халқының жарқын болашағы жарқылдай күліп тұр ма, кім білсін... Мен солай болсын деп тілеймін...
XS
SM
MD
LG