Accessibility links

Серікболсын Әбділдин: «1937 жыл үшін біздің партия кімнен кешірім сұрауы керек?»


ҚКП бұрынғы жетекшісі С.Әбділдин. Алматы, 20 сәуір 2010 ж.
ҚКП бұрынғы жетекшісі С.Әбділдин. Алматы, 20 сәуір 2010 ж.

Пост-советтік Қазақстанның коммунистеріне 14 жыл жетекші болған С.Әбділдин қызметінен кеткен күні Азаттық радиосына сұхбат берді. Саясаткер өзінің Н.Назарбаевпен әу бастан сайысқа түсе алмағанын мойындайды. Бірақ, елде коммунистердің жас буыны қалыптасып келеді деп кәміл сенеді.



Серікболсын мырза, тәуелсіздік жылдары сіз президент Н.Назарбаевтың бірден-бір саяси бәсекелесі болып келдіңіз. Енді нендей оймен немесе нәтижемен саясаттан кетіп барасыз?

– Өзіңіз білесіз, бұл жерде сайысқа түсетіндей саясат жүргізгенім жоқ. Біздің егемендік жариялаған кезде, президент сайланғанда, Назарбаевты мен қатты қолдап жүрдім. Кейін, ол азаматтың іс-қимылы теріс болғандықтан біз ажырадық. Мен негізінде оның көптеген іс-қимылына наразылық білдірдіп, оппозициямен шұғылдандым.

Ал егер өзіңіз жағдайға қарап отырсаңыз, біздің елде президентті құқықтық жолымен ауыстыру деген жоқ. Конституцияның бабымен, заңды сайлау өткізетін болсақ, онда күресуге болар еді. Ал қазір Назарбаев өмір-бақи осы тақта отырам деп жариялаған кезде онымен күресіп, сайлауда жеңіске жететін ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Сол себептен де Назарбаевтың бағдарлап отырған келешегін байқағандықтан, мен оны тақтан түсіруге іс-қимыл жасайтын саясат жүргізуді лайықты деп есептемеймін. Өйткені ол өзінің партиясы, өзінің парламенті, өзінің билігі, оның үстіне басқа да құрылымдар құрып алды. Бәрі соның аузына қарап отырған уақытта, біздің елде, өкінішке орай, демократия жоқ.

Серікболсын мырза, Совет Одағының ыдырауы қарсаңында және одан кейін Балтық теңізі жағалауы мен Шығыс Еуропа елдерінде Компартия саяси күш, саяси ұйым ретінде мүлде жойылса, Молдова және Ресей сынды елдерде дербес саяси күшке айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Коммунистік партиясының көтерген саяси жүгі мен рөлі қандай болды?

– Біздің бір үлкен жетістігіміз – Отан соғысына қатысып, жеңіске жетіп келген коммунистер, Қазақстанның экономикасын және мәдиенетін көтеру үшін іс-қимыл жасады. Конгресс, Социалистік партия, РНПК, «Азат», «Азамат» деген партиялар біздің Компартия қайтадан тіркеуден өткен жылдары пайда болған. Олардың қазір біреуі де саяси алаңында жоқ. Біздің ризашылықпен айтатын жеңісіміз – Коммунисттік партия алғашында шамалы санменен құрылса да, қазір біздің партияның қатарында 86 мыңнан астам мүше бар. Қазақстанның Коммунисттік партиясы деген аты мен затын, мағынасын біз жойғызбадық.
Оппозициялық күштердің митингісі. Алматы, 2010

Екінші айтатын жағдай, парламент сайлауында да, президент сайлауында да партиямыз екінші орында келе жатты. Өкінішке орай, кейінгі сайлауларда бізді «Қой, басқа партиялар кіре алмай қалады» [деген уәж тоқтатты]. Сондықтан қазір парламенттің құрамында біздің мүмкіндігіміз жоқ.

Мәжілістің екінші сайлауында 1999 бен 2002 жылдардың арасында парламентте бес-алты коммунист болдық, 11 адамнан фракция құрдық. Біздің парламенттегі іс қарау, заң жобаларын талқылау және оны қабылдау істерінде салмағымыз ерекше болды. Және осы комунистердің жасаған ықпалымен, сол табандылығымен біздің Қазақстанның бюджет құру, бюджеттің ақшасын көбейту жолдары ашылды.

Мен өз басыма байланысты жағдайды айтайын, осы Назарбаевтың ақша тығып жүргенін біліп, бір депутаттық сауал жасаған кезде Тасмағамбетов келіп оның бір миллиард долларды 1996 жылы шетелге апарып тығып қойғанын айтуға мәжбүр болды. Сол себептен, коммунистер парламентте отырғанда халықтың жағдайына ықпал жасайтындай шешім қабылдауға күшіміз [бар еді], аз болса да, сөзіміз өтімді болатын. Ал біз келешекте дұрыс сайлау өтетін болса, өзіміздің өкілдерімізді тағы да парламентке депутат етіп өткізуге дайынбыз.

Халықтың арасында қазіргі коммунистердің жүріс-тұрысы, бет-беделі басқа партиялармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Әрине «Нұр-Отан» партиясы жалауды қолына алып, күнде тоқпақтап отыр. Теледидар, радио, байлық солардың қолында болғандықтан халықтан құлағынан кетпейтін саясат жасап отыр. Бізді ешқайда жібермегеннің өзінде де, жалғыз газетіміздің ықпылы арқылы халықтың арасында біз жоғалып кеткен партия емеспіз, қайта өзіміздің орнымызды сақтап отырған партиямыз. Бұл екінші жеңіс.

Ал енді үшінші бір айтатын жағдай, 1995 жылдың 20 ақпанда біз қайтадан тіркелген кезде партияның қатарындағы адамдардың жасы үлкенірек еді. Содан кейінгі партияның қатарына қабылданған адамдардың жасы қазір партияның қарқынды жұмыс істеуіне сай деп есептеуге болады. Осы кеше ғана Пленумда біздің белсенділер Алматы облысында 447 адамды партия қатарына қабылдады. Соның 80 пайызы 20-30 жастағы адамдар. Ол біздің үшінші бір жетістігіміз деп есептейміз.

Бүгінгі Қазақстанда коммунистердің жаңа буыны, жаңа ұрпағы деген түсінік қалыптаспады. Қазір тіпті орныңызға отырған Ғазиз Алдамжаров та сіздің буыныңызға жатады. Қазақстанда Коммунистік партия мен коммунизм уағдыздамасының келешегі бар ма?

– Жалпы «коммунист», «коммунизм» дегендер біз ойлап шығарған ұғым емес. Дүние жүзінде бұл ғылымның бір жүйесі, саясаттың бір арнасы деп есептеледі. Коммунистік идеология деген біздің партия болсын-болмасын бәрібір халықтың арасында бар ұғым. Ал бізге сеніп, партияның қатарына түсіп жатқан адамдар біздің жазған-сызған бағдарламамызды бойына қондырып, солар арқылы келіп жатыр.

Екіншіден, біздің халық коммунистер басқарған кездегі социализм жағдайын ұмытқан жоқ. Мынау киыншылық басына түскен уақытта «Қап! Баяғы жағдайымыз әлде-қайда тәуір еді» деген адамдар бізде жай мыңдаған емес, миллиондаған. Солардың да ықпалы бар. Оның үстіне әрине біздің Қазақстандағы жастардың тұрмыс жағдайы жақсы деп есептеуге болмайды.

Төрт миллион жас бар деп есептейміз, соның жартысынан көбі жағдайы жоқ жастар, жұмысы жоқ, оқуда жүрген студенттердің өзі оқуға қаржысы жетпей жүрген жастар. Олар да ойланады, біздің әке-шешеміз, сіз сияқты ағаларымыз бұрын оқу орындарында бір тиын төлемей оқыған. Жатақханасы бар, тамағы бар болған. Институтте жоғарға оқу орнын бітіргеннен кейін дипломын алып, жұмысқа орналасатын жері болған. Сөйтіп өмір сүрген, солай жағдайын түзеген, ал біз неге қаңғып жүрміз деген сұрақтар өте көп қойылады.
Қырым коммунистері Лениннің туған күнін атап өтті. Симферополь, 2010 ж.

Оның үстіне мына Коммунистік партияның жанында «Абырой» деген жастардың ұйымы бар. Онда да көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Сол себептен де тек ҚКП емес, дүние жүзіндегі коммунистер де келешекке бет бұратындай бір жақсы жағдай туды деп есептеймін.

Өйткені капиталистік құрылыстың өзі, дүние жүзіндегі болып жатқан дағдарыстың өзі, тіпті басқа салада жүрген басшылардың өзін ойландырып жатыр ғой. Францияның ел басын тыңдап отырсаңыз қайта-қайта айтып жүр ғой социалисттік жолға [түсуді], социализмның жүейсімен мәселе шешуді. Маркстың айтқанын құптайтын адамдар аз емес.

Марксизм деген ол бұрынғыдай қайтадан тірілген бағыт болып тұр ғой. Сондықтан да, менің ойымша, коммунистердің келешегі бар. Біздің партияның басшылығының ішінде жас жоқ деп айтуға болмайды. Төлен Тоқтасынов біздің бір хатшы, ол қырықтан жаңа ғана асқан. Әсел деген бір қыз бар отыздан жаңа ғана асқан, бюро мүшесі. Басқа да бюро мүшелерінің жастары 30-40 арасында. Сол себептен де, партияның жолы да, ыңғайы да, келешегі де бар деп есептеймін.

1991 жылға дейін Қазақстанды билеп келген Компартияның орнын осы күні президент Н.Назарбаев бастаған «Нұр Отан» партиясы иемденіп отыр деген пікір бар, олай болса – сіз басқарып келген Компарияның орны қайда?

– Өзіңізде жақсы білесіңіз, Назарбаев қанша мақтанса да, мемлекетті басқару жағынан өте нашар жігіт болып шықты. Ол әрі сөйлеп, бері сөйлеп, әрі шайқап, бері шайқап, нарықты экономика құрам деп, құра алмады. Оған өзімнің көзім жетіп отыр. Нарықты экономика өзінен өзі қалыптасады деген ұғымды жариялап еді, оның бүлініп, өзін-өзі басқара алмайтыны белгілі болды.

Енді осы ел басқару және экономика мен әлеуметтік жағдайды реттеу кезінде Назарбаев үшін басқа тәсіл табылды деп айта алмаймын. Назарбаев қайтадан айналып сол коммунистік режимге оралып отыр. Сол [баяғы идеалдарды] қуып келе жатыр. [Жеке басына лайықталған] партия құрып, сол саяси партияға мемлекеттік жұмысты икемдеу Конституция бойынша заңсыз әрекет.

Конституцияны бұзып, «Нұр-Отанға» тапсырма беріп отыр. Бірақ «Нұр-Отанды» халық шынайы пиғылымен қабылдап отырған жоқ. Және олардың партиясының мүшелер саны бұрынғы Қазақстанның Компартиясы мүшелерінің санына тақалып қалды: 800 мыңдай адам мүше бар деп отыр. Ал олардың ұстап отырған жолы социалистік жол емес, көздеп отырғаны жолдары капиталисттік жүйедегі басқару. Біздің одан айырмашылығымыз қалай болса да, әділетті қоғам құру жолын іздеп отырған партиямыз. Енді салыстырмалы түрде қарағанда, бұқара үшін капиталистен гөрі социалистер дұрыс екенін біз айқындап отырмыз.
Қазақ коммунистері қолдаған оппозициялық митинг. Алматы, қаңтар 2010 ж.

Социализм кезінде халыққа қандай да бір бір қысым жасалды деп ойлағанның өзінде де күнгөрісі, жағдайы қазіргі миллиондаған кедей, қайыршы қазақтан әлдеқайда жоғары болатын. Біздің ойымызша, бұл халық арасындағы бесенеден белгілі жағдай.

Әрине, шіріген байлар бар, жерге қарап отырған миллиондаған қазақтар бар. Соны салыстырып келетін болсаңыз, олардың партиясының істеп отырғаны – байлардың мүддесін шешу. Бұл буржуазиялық партия. Ал біздің іс-қимылымыз бұқара халықты, еңбекші халықты қорғау, соларды көтеру, соларды мемлекет құруға дайындайтын жолды ұстану екені көпшілікке аян.

Серікболсын мырза, бірқатар оппозиция қайраткерлері сізді, Коммунисттік партияның жетекшісі ретінде, Совет үкіметі орнатылғаннан кейінгі заманда Қазақстанға, әсіресе, қазақ халқына қарсы жасаған зұлымдықтары – жаппай саяси қуғын-сүргін саясаты үшін кешірім сұрауға үндеді. Сіз Компартияның қазақ халқынан кешірім сұрайтын еш зұлымдығы жоқ деп есептейсіз бе? Жалпы совет дәуірінде қазақ халқына жасалған зұлымдықтар үшін кім жауап беруге тиіс деп санайсыз?

– Мен президенттік сайлауға түскен кезде барлығы жабылып маған осы сұрақты қойған. Сондағы менің жауабыма халық риза болды. Ең алдыменен кешірім сұрайтын адам болса, Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған уақытындағы бірінші хатшысы Назарбаев жауап беру керек дегем. Негізінде Коммунистік партияның кезінде, ұжымдастыру кезінде болған олқылықтар көп. Оның бәрін жасаған Сталинді 20-шы съезде әшкерелеген.

1937 жылды алатын болсақ, олар қанды жылдардың бірі. Ол кездегі партияның басындағы адамдардың сүйегі қурап қалды. Ал қазір біздің партия кімнің алдында кешірім сұрау керек? Назарбаевтан ба? Журналистерден бе? Немесе кейбір саясаткерлер бар, мысалы Жүкеев Төлеген деген. Сол Төлегеннің алдына барып кешірім сұрауымыз керек пе?
ҚКП жетекшісі С.Әбділдин Тәуелсіздік күніне арналған жиында. Алматы, 2009 ж.

Маған кеңес заманында бірде-бір партияның қызметін берген жоқ. Оны енді қазір айтуға болады. Сол кезде түрлі ұсыныс болған уақытта, тіпті, сол кезде бірінші хатшы болып отырған Дінмұхаммед Қонаев «Бұл Әбділдин теріс шешім қабылдап қояды, оны партияның жұмысына қоюдың қажеті жоқ» деп тұжырым айтыпты. Сол себептен мен партияны басқармасам, 1937 жылғы қантөгіске қатыспасам, кімнің алдына барып бас иіп кешірім сұрауым керек? Сондықтан мен бұның бәрін алжығанның сөзі деп есептеймін.

Әрине, партияның кәзіргі жұмысында, КПСС жасаған жақсы және жаман іс-әрекеттерін талдап алғанбыз. Кәзіргі Коммунистік партия билікке [бәсеке арқылы] ұмтылып отырған партия. Біз көп саяси партиялардың біріміз, демократиялық жолмен ұтып, қызмет жасайтындай жағдайға келу керек деген дайындықпен жүрген партиямыз.

– Серікболсын мырза, сұқбатыңыз үшін рақмет.
XS
SM
MD
LG