ДОКТРИНА ЖАБЫҚ ЖИЫНДА ҚАБЫЛДАНДЫ
Дүйсенбі күні Астанада Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы болып өтті. Мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев төрағалық еткен жабық жиында Ел бірлігі доктринасының жобасы талқыланды.
Ассамблея таратқан баспасөз-баянында кеңес мүшелері «жобаны пысықтау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсыныстарын қарады», сондай-ақ құжатты «толықтыру және талқылау нәтижелері, осы жұмыстың ашық және азаматтар тарапынан асқан мүдделілікпен жүргізілгені туралы айтты» деп көрсетілген.
«Ассамблея кеңесі Ел бірлігі Доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жоба мақұлданды. Кеңес осы бағытта ғана шешім қабылдай алады, оны жүзеге асыру мәселесін қарастырмайды», - деді ассамблеяның баспасөз хатшысы Нәзипа Ыдырысқызы.
ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ ҮМІТІ
Алайда осы құжатты талқылау туралы қоғамдық комиссияның жұмысына қатысқан ұлтшыл-патриоттық қозғалыс өкілдері кеңесте қабылданған жобаның мазмұнымен таныс еместіктерін мәлімдеді.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің айтуынша, қоғамдық комиссияға қатысып, бір жарым айда өз жобасын ұсынған азаматтар кеңес отырысының өтетіндігін де естімей қалған.
«Жиын туралы бүгін ғана біліп отырмын. Қандай доктрина қабылданғанын да білмей қалдық. Біздің дайындаған жоба өткен болар деп үміттенемін. Оның ассамблея жобасынан айырмашылығы өте үлкен», - деді Көшім.
Құжаттың әуелгі жобасына қарсы шыққан ұлтшыл-патриоттар өз доктринасында ұлттық мемлекет құруды ұсынған болатын.
Көшімнің айтуынша, кеңесте қабылданған доктрина жобасына қатысты түпкілікті қорытынды 25-ші сәуірде Алматыда өтетін Қазақ құрылтайында таныстырылады.
ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНА ТУЫСҚАН ҰЛТТАР ҒАНА ҚАТЫСАДЫ
Алдағы жексенбіге шақырылған құрылтайда тек қазақ ұлтының мәселелері талқыланады. Ұлттық тіл, ұлттық мемлекет, ұлттық идея – құрылтайдың басты тақырыбы болмақ.
Форумда қазақтық соңғы ханы – Кенесарының бас сүйегін атамекенге алдыру, Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты, Қазақстанның кедендік одаққа мүше болуы және тағы басқа да ұлт мүддесіне қатысты мәселелер көтеріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылтайға түбі бір түркі тектес ұлттардың өкілдері ғана қатысады.
«Түркі халықтарын бөліп қарауды жөн көрмедік. Ұйғырларды, өзбектерді, түріктерді және басқа да туысқан халықтарды шақырдық. Өйткені олар бәрі қазақ тілді сөзімізді ұғады. Құрылтайда аударма болмайды», - деді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Болат Дүйсенбі.
Құрылтайға Қазақстандағы 10 саяси партия, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері шақырылған. Қазіргі күні бұл бастаманы ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров қолдап отырғаны белгілі болды.
ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ
Құрылтайды ұйымдастыру комитетінің мүшесі Нұрлан Әмреқұловтың айтуынша, бұл форумның Қырғызстандағы сәуірдегі саяси өзгерістерге ешқандай қатысы жоқ.
«Қырғыздар халық құрылтайын революцияға ұластыра білді. Біз әлі қырғыздардың рухани, саяси мәдениеті деңгейіне жеткен жоқпыз. Қазіргі құрылтай - қазақ атынан пікір айту ғана. Бұл билікке жақсы қозғау болады деп үміттенеміз», - дейді Нұрлан Әмреқұлов.
Құрылтайды ұйымдастырушылар оны өткізбеуді көздейтін түрлі кедергілер болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
Биыл сәуір айының басында қырғыз еліндегі халық толқулары Талас қаласындағы ұлттық құрылтайға қатысуға келген оппозиция өкілдерінің ұсталып, көпшіліктің соларды босатуды талап етуінен басталған еді.