Accessibility links

Далада қалған ескерткіш-мүсіндегі қазақ хандарының келбеті "қытайланып" кетіпті-міс


Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл
Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл

Өкіметтік басылымда дабыралы мүсіндердің түр-тұлғасы қытайларға ұқсап кеткен деген пікір айтылады және мүсіндердің қоладан құйылғанына да күмән келтірілген. Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштеріне қатысты Астана әкімі де өз ұстанымын білдірді.

Қазақ Ордасының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың қола мүсіндерінің далада қалуына біразға дейін билік селт етпесе де, қоғам бейжай қалмады. «Қазақ елі» монументінің құрамдас бөлігі болуға тиіс жәдігерлердің иесіз далада жатқанына жас саясаткерлердің кейбірі Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов жауапты деген де болатын.

Үш апталық үнсіздіктен соң Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тарихи ескерткіштерге қатысты осы аптада журналистерге былай деп жауап берді
Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл

– Мен ескерткіштер жөнінде айтудан қорықпаймын. Бұл сұрақты маған емес, рұқсат құжатсыз жасаған мүсіншіге қойыңдар. Рұқсат құжат деген не? Бұл – мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ескерткішті салуға рұқсат беретін мемлекеттік комиссияның құжаты деген сөз. Ал мұндай құжаттар мүлдем жоқ. Демек ескерткіштер жөнінде де сұрақ туындамау керек, – деді Иманғали Тасмағамбетов.

Ол сонымен бірге журналистерге «Егемен Қазақстан» газетін оқуға кеңес берген еді.

Ал осыдан бірер апта бұрын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарихи жәдігерлерге қатысты сұрақтарына мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құлмұхаммед мемлекеттік комиссия жөнінде ләм-мим деместен «Бұл мәдениет министрлігінің шаруасы емес, әкімдіктен сұраңдар» деп, журналистерді әкімдікке қарай жолға салған еді.

«ҚЫТАЙЛАРҒА ҰҚСАП КЕТКЕН»

10 қараша күні ең басты ресми газет «Егемен Қазақстанда» тарихшы Қойшығара Салғараұлының «Ұшқары сөз – ушықтыруға себепші» деген мақаласы жарық көрген еді.

Мақала ауторы «С.Смағұлов тобының іс-әрекеті баяғы науқаншылдық, «давай-давай», қалайда Астананың онжылдығы мерекесіне жасап үлгеру керек деген талап. Асығыстықтың қашанда заңсыздыққа итермелейтіні өмір шындығы. С.Смағұлов тобы да хандар мен батырлардың ескерткіштерін тез бітіру мақсатында сол кездегі қала басшысы А.Маминнің қолдауымен, өз қалауларынша іске кірісіп, бірнеше заңсыздықтарға жол береді...» деп жазады.
«Қазақ елі» монументінің алғашқы нұсқасында Керей мен Жәнібек хандардың және батырлардың ескерткіштері бейнеленген.

Қойшығара Салғараұлының сөзіне қарағанда, ескерткіштердің алғашқы пластилиннен жасалған үлгісін Мемлекеттік комиссия қарап бекітпеген.

«Мәжіліс өтпегеннен кейін, оның хаттамасы да болмаған. Сөйтіп Мемлекеттік комиссияның мақұлдауын алмаған модель өндіріске кете барған» деп жазады тарихшы.

Мақалада Салғараұлы сондай-ақ «Солардың ішінде біздің хандарымыз бен батырларымыздың бет әлпеті, дене тұрқы біраз «қытайланып» кеткен деген пікір де бар...» деп те атап көрсетеді де, «хандар мен батырлар қоқысқа тасталды» деген сөздер «даңғазалық» деген ойын білдіреді.

Азаттық радиосының тілшісі осы мақаланың ауторы Қойшығара Салғараұлымен кездесіп, ой бөлісуге шақырған еді.

Ешкімге сұхбат бермейтінін айтқан ол «өз шаруамды бітірдім, тарихпен айналысып жүрген азамат ретінде пікірімді айттым. Мен
Керей және Жәнібек хандар мен қазақ батырлары ескерткіштерінің Қытайда жасалынып жатқан кезі. 2008 жыл.
бірнәрсеге қызығып жүрген адам емеспін» дегендей қысқа қайырған.

ЖОБАНЫҢ БАСҚА ДА АВТОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРЛЕРІ

Қойшығара Салғараұлының мақаласы жарық көріп, әкім Иманғали Тасмағамбетов пікірін білдіргеннен кейін, бір топ қылқалам шеберлері мен мүсіншілер Астанада баспасөз мәслихатын өткізбекші болды. Алайда, белгісіз себептермен баспасөз мәслихаты өтпей қалды. Солардың арасында хандар мен батырлардың мүсінін өзі жасаған мүсінші Тоқтар Ермеков те бар. Ол Азаттық радиосына мән-жайды былайша түсіндірді.

– «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов болатын. Ал мүсіндерді мен, Асқар Нартов және Қанат Нұрбатыровтар жасадық. Сол ескерткіштердің тек жалғыз авторы – Сембіғали Смағұлов дегенге келіспейміз. Ол тек қана жобаның жетекшісі болды. Онымен өзара келісімдерді тек ауызша жүргіздік. Бірақ сол жасаған еңбегіміз үшін бүгінгі күнге дейін бір тиын да алған жоқпыз.

Негізінде ескерткіштерді жасау 2007 жылдың аяғында шешілді. Оны 2008 жылдың 6 шілдесіне дейін аяқтау керек болды. Шын мәнінде ескерткіштер асығыс жасалды. Уақыт өте тығыз болды. Қытайда үш ай болдық. Енді үш айдың ішінде Керей мен Жәнібек хандарды, алты батырды және екі барыс пен Конституцияны, қосымша барельефтерді жасау дегеніміз тым аз уақыт. Сол себептен біз белгіленген мерзімде мүсіндерді жеткізе алмадық. Оның үстіне ескерткіштер шекара кеденінде біраз уақыт тұрып қалды.
Тоқтар Ермеков, Керей мен Жәнібек хандар және батырлар ескерткіштерінің пішінін қолымен жасаған мүсінші. Астана, 12 қараша 2009 жыл.

Ескерткіштер мемлекеттік комиссиядан өтпеген дейді. Рас па?

– Ол жағы енді рас. Мемлекеттік комиссиядан өткен жоқ. Ал не себептен екенін мен айта алмаймын. Сол кезде бір жағынан әкімдер ауысып жатты да, ескерткіштер мәселесі тұрып қалды. Оның үстіне Сембіғали Смағұловты әкіммен қатты ұрсысып қалды деп естідік. Содан кейін бұл ескерткіштердің жолы жабылатынын түсіндік.

Егер қолдарыңызда келісімшарт пен ақша болмаса, онда Қытайға қалай барып, жасатып жүрсіздер?

– Менің білетінім, әкімдіктен 100 миллион теңге аударылған. Ал құжат жағын Сембіғали Смағұлов шешкен.

Ескерткіште хандар мен батырлардың түрлері қытайға ұқсап қалған екен дейді. Оған не айтасыз?

– Енді оны адамдар өздері шешсін. Келбетін өзіміз жасадық. Жалпы, қазақтарды алсаңыз, кейбірі орысқа ұқсайды, енді бірі моңғолға ұқсайды. Қазақтар бар ұлтқа ұқсайды ғой. Сондықтан менің ойымша, қытайға ұқсап кетіпті деп айтуға болмайды.

Қоладан құйылғаны да күмәнді делініпті. Бұған не уәж айтасыз?

– Менің ойымша, мүсіндер таза қоладан құйылған. Егер оған күмән болса, сараптамалық комиссия бар. Солар тексерсін.

Азаттық радиосының тілшілері осы даудағы негізгі тұлға – суретші Сембіғали Смғұловтың пікірін білуге тырысқан еді. Бірақ та суретшіні таба алмады, оның телефондарының ешқайсысы жауап бермей қойды.

«ӘРКІМНІҢ АТАСЫНА ЕМЕС, ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛСЫН»

Тарихи жәдігерлердің жағдайынан елдегі өзге өнер адамдары да бейхабар емес. Әріптестерінің басындағы жағдайға қатысты қылқалам шебері Төрежан Батанов Азаттық радиосына өз пікірін білдірді.
Төрежан Батанов, мәдениет қайраткері, суретші. Астана, 12 қараша 2009 жыл.

– Бұрын Совет Одағы кезінде суретшілер кеңесі деген болған. Барлық мәселені солар шешетін. Ал қазір жағдайымызды шенеуніктер шешетін болды ғой. Оларға жақсақ, жақсы боламыз. Жақпасақ, жаман боламыз. Сондықтан елдегі көп суретшілер зардап шегіп жатыр. Суретші сол ескерткіштерге орасан еңбегін жіберген соң, оны сарапшылар дұрыстап қарау керек еді. Ал енді бір-екі адамның ғана шешімімен жұмыстарын жоққа шығарып тастауға болмайды, – дейді Төрежан Батанов.

Қазақстанның елтаңба авторларының бірі, суретші Жандарбек Мәлібекұлы да тарихи тұлғаларға ескерткіш қою мәселесін парламент пен үкімет деңгейінде шешу керек деп біледі.

– Бұл оқиғаны естідім. Қолды сілтей салатын ұсақ дүние емес. Ол – біздің тарихымыз. Бұл үкімет, парламент деңгейінде шешілуі керек мәселе деп білемін. Ең дұрысы, халықтық талқыға салу керек еді. Жеке шенеуніктің айтуымен ғана шешілу керек деген дұрыс емес. Ертең келетін басшы басқасын қалауы мүмкін. Қазір әркім өзінің аталарына ескерткіш қою, мешіт салу деген таңсық болмай қалды ғой. Ал хандарымыздың ескерткіші ол бөлек дүние. Оның үстіне Астанадағы жәдігерлер мәселесі ерекше қаралу керек деп ойлаймын, – дейді Жандарбек Мәлібекұлы.

Естеріңізге салар болсақ, алғашқы қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейдің және алты батырдың қола мүсіндерінен тұратын мемориал кешені Астана жанында иесіз далада жатыр. Ол жөнінде ең бірінші болып Азаттық хабарлаған еді, 20 қазанда Астанада «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болды, бірақ оның қатарынан хандар мен батырлар есекерткішіне орын табылған жоқ.

1456 жылы, яғни XV ғасырда Қазақ Ордасының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар жөнінде «бұрынғы-соңғы тарихта орны бөлек екі адам бар десек – Қазақ Ордасының негізін салған әуелгі екі ханымыз – Керей мен Жәнібек» деген баға берілген.
XS
SM
MD
LG