Accessibility links

Халықаралық сот Косовоның тәуелсіздік жариялауын заңды деп тапты


Косово албандары Косово мен Албания туларын ат арбаға бекітіп алып желіп барады. Митровица, 17 ақпан 2010 жыл
Косово албандары Косово мен Албания туларын ат арбаға бекітіп алып желіп барады. Митровица, 17 ақпан 2010 жыл

БҰҰ-ның Жоғарғы соты бүгін Косовоның 2008 жылы Сербиядан бөлініп шығып, тәуелсіздігін біржақты жариялауы халықаралық заң нормаларын бұзған жоқ деп ресми түрде төрелік айтты.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Халықаралық соттың Косово тәуелсіздігіне қатысты шешімін орындау міндетті болмаса да, Жоғарғы сот қорытындысының Белград пен Приштина арасындағы дауға ықпал етуі ықтимал.

Бұған қоса, заңгерлер сот шешімі басқа аймақтардағы жікшілдік қозғалыстарына да әсер етеді деп есептейді.

Сербия Косово аймағын өзінің ұлттық болмысы қалыптасқан мекен ретінде қарастырады. Бірақ, Белград бұл аймақты бақылау тізгінінен 1999 жылы айрылып қалды. Сол кезде НАТО Косовода серб әскері мен этникалық албандар арасындағы соғысқа араласқан болатын.
Косоволық албан қариясы қақтығыс құрбандарын еске алу күнін атап өтуге шықты. Мейе ауылы, 27 сәуір 2010 жыл

Дегенмен, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі 1244 резолюциясына сәйкес Косовода БҰҰ-ның уақытша әкімшілігін құрған кезде, Югославия Федеративті Республикасының тәуелсіздігі мен аймақтық біртұтастығын мойындай отырып, Косово автономиясы мен өзін-өзі басқару мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Белград 2009 жылы БҰҰ-на арызданып, Косовадағы этникалық албандардың тәуелсіздік жариялауы Сербияның территориялық тұтастығын «өрескел бұзу» деп мәлімдеді. Жоғарғы соттың бүгінгі шешімі осы талапқа қатысты шығарылады.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Кембридж университетінің халықаралық құқық бойынша дәріскері Марк Веллер Азат Еуропа/Азаттық радиосына сот шешімі шықпай тұрып мынадай болжам айтқан:

«Біріншіден, сот мұндай арызға жауап берілмейді деген қорытынды жасауы мүмкін. Бірақ бұндай шешім шығармайды деп ойлаймын. Екіншіден, сот тәуелсіздікті біржақты жариялау қаншалықты заңды деген мәселеге қысқаша түсініктеме берумен шектеледі. Әйтсе де сот осындай шешім шығарады дегенге сену қиын, өйткені ол тым заңсыз көрінеді. Үшіншіден, сот жалпы мемлекеттің тәуелсіздігі пен өз болашағын анықтау құқығы туралы кең көлемді мәлімдеме жасау мүмкін. Халықаралық құқық мәселесін соттың солайша қарастырғаны мақұл болар еді».

Косово тәуелсіздігін әлемнің 70-ке жуық мемлекеті таныды, солардың ішінде АҚШ және Еуропалық Одақтың көптеген елдері бар.
Полиция сербтерге қарсы жас ағызатын газ атып тұр. Митровица, 4 мамыр 2009 жыл.

Бірақ Сербия билігі Ресей мен Қытайдың қолдауына сүйеніп, дипломатиялық тәсілдер арқылы басқа да мемлекеттерді Косовоның тәуелсіздігін мойындамауға үгіттей алды. Ал тәуелсіздікті қолдау науқанын АҚШ басқарды.
Лондон экономика мектебінің профессоры Джеймс Кер-Линдсей Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында, сот Сербияны қолдап шешім шығарған жағдайда Косово тәуелсіздігін мойындаған Еуропалық Одақ елдері қиын жағдайда қалады деп мәлімдеді.

«Сот кеңес ретінде қорытынды шығарады деп айтып жатқанымен, оның маңызы жоқ деуге болмайды. Қорытындының маңызы өте зор. Бұны БҰҰ-ның бас органдарының бірі шығарып отыр. Ұлыбритания, Франция, Германия және Еуропалық Одақтың басқа да мемлекеттері халықаралық құқыққа сүйенеді. Егер халықаралық сот тәуелсіздікті жариялау заңсыз деп шешсе, олар тығырыққа барып тіреледі, халықаралық сахнада беделінен айрылады. Олар Солтүстік Корея, Иран секілді елдерге барып: «Сіздер халықаралық құқықты сыйлаңыздар», деп айта алмайды», - деді Джеймс Кер-Линдсей.

СЕРБ ПЕН АЛБАН ҰСТАНЫМЫ

Сербия президенті Борис Тадич шілденің 21-і күні БҰҰ-ның Жоғарғы соты «халықаралық құқыққа құрмет» ретінде Сербияның территориялық тұтастығын қолдаса деген үмітін жеткізді. Бірақ ол Сербияға қатысты сот шешімі Белград ұстанымын өзгертпейді деп атап көрсетті.
Серб президенті Борис Тадич Днепр өзенінде Серб-Қытай достығын бейнелейтін көпірдің іргетасын қалап жатыр. Белград, 14 шілде 2010 ж.


«Бұл, бірінші кезекте, Косоводағы албандардың Сербиядан бөліну құқығы жоқ екендігін білдіреді. Біз, әрине, Еуропалық Одақпен әріптес ретінде, бұған қоса осы ұйымға мүше болуға үміткер ел ретінде келіссөздер жүргіземіз. Бұған қоса, соңғы бірнеше күн бойы мен Еуропадағы біздің достарымызбен кездесулер барысында Сербияның бұлжымас мүдделері, өз шекарасы бар екендігін айтумен болдым. Мүддеміз баршаға мәлім.- Косовоның Сербиядан ажырамас аймақ екенін дәлелдеу. Бұндай ұстанымнан Сербия ешқашан бас тартпайды», - деді Борис Тадич.

Бұл уақытта, осы аптада Вашингтонға барған Косово этникалық албандардың премьер-министрі Хашим Тачи БҰҰ-ның соты Косово тәуелсіздігіне қарсы шешім шығарған күннің өзінде, Приштина ұстанымы өзгермейді деп мәлімдеді.
Косово премьер-министрі Хашим Тачи АҚШ вице-президенті Джозэф Байденмен кездесіп тұр. Вашингтон, 21 шілде 2010 жыл

«Мен соттың Косовода қалыптасқан жағдайды дәл анықтайтындай, ешкімге қарсы бағытталмаған шешім шығаратындығына сенемін. Бірақ Халықаралық сот шешімі қандай болмасын, Косово тәуелсіздігін сақтап қалады, менің халқымның азаттығы мызғымайды», - деді Хашим Тачи.
XS
SM
MD
LG