Accessibility links

Ирақ диқандары су тапшылығының зардабын тартып отыр


Басраның солтүстігіндегі сортаңға айналған жерлер осылай айрылып кеткен.
Басраның солтүстігіндегі сортаңға айналған жерлер осылай айрылып кеткен.

Екінші жылға ұласып отырған құрғақшылық Ирақ диқандарына ауыр тиюде. Олардың біразы ежелгі кәсіптерін доғарып, жұмыссыз қалуға мәжбүр.Халықаралық Қызыл крест ұйымы Ирақтың таулы аймағындағы тұрғындарға қаржылай көмек ұсынбақшы.

Ирақта жауын-шашынның болмауымен қоса жер астындағы су көздері де біртіндеп тартылып бара жатқандай.

Кезінде Иранмен шекарадағы Васит аймағы өзінің жемісі мол бау-бақшасымен даңқты еді. Алайда қазір Тигр өзеніндегі судың аздығы соншама, диқандар егістік жерінің тек ширегін ғана суғарғуға жағдайлы болып отыр.

Ал, Иранмен шекарадағы Диала аймағында талай диқан өздерінің өмірлік осынау кәсіптерін тоқтатып, енді олардың кетпендері күн астында қаңсуда.

Елдің Түркиямен шектесетін солтүстігіндегі таулы аймақтарда жағдайдың ушығып кеткені соншама, халықаралық Қызыл крест ұйымы алдағы қыркүйекте бұл аймаққа көмек ретінде алты миллион доллар қаржы ұсынатындығын айтып отыр.

Құрғақшылық салдарынан Ирақта биылғы жылы бидай өнімі 27 пайызға, ал сұлы 60 пайызға азайып кеткен.

Халықтың астыққа деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ресми Бағдад шеттен 2 миллион 800 мың тонна бидай сатып алмақшы.

Ефрат өзенінің төменгі сағасында да жағдай елдің өзге өңірлерімен шамалас.

Бидай мен күріш егістігіне арналған алқаптар құрғақшылықтан сортаңға айналып, тұз құрамы көбейіп кеткен топырақ жарықтық қақ айрылуда.

Молшылық жылдары арықтармен жеткізілген су тұзды шайып әкетіп, топырақтың құнары арта түсуші еді. Сортаңға айналған топыраққа түскен дәннің көктеп шықпасы анық.

Сарапшылардың айтуынша, құрғақшылық 2007-2008 жылдардағы күз бен қыс маусымында жауын-шашынның болмауынан басталған еді. Сол жылы Ирақ пен Түркияның оңтүстігіне түскен ылғал жылдағы деңгейінің 30-40 пайызына да жетпей қалған болатын. Биыл да жауын-шашын көлемі 30 пайызға төмендеп кеткен.

БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының Сумен қамтамасыз ету департаментінің басшысы Паскал Стедутоның айтуынша, құрғақшылық жылдары Ирақ өзінің ағын суының 85 пайызын егіс алқабын суғаруға және топырақтағы тұзды шайып шығаруға пайдаланады екен.

Сондықтан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы ел диқандарының табиғи су көздерін тек 40 пайыз көлемінде ғана пайдалануын көздеп, шектеу жасамақшы. Мұндай жағдайда Ирақ диқандары жауын-шашынның ыңғайына қарап қалатын болады.

Сарапшылардың айтуынша, Тигр мен Ефрат өзендерінің жоғарғы ағысындағы көрші елдер суды өздеріне қажетті көлемде байлап алып, соның әсерінен Ирақ жеріне жеткенде қос өзен жылап ағатындай дәрежеге жеткен.

Соңғы әзірде ирақтықтар елде қалыптасқан, яғни қауіпсіздік жағдайының жақсара түскен кезінде экономикасын көтеруге ұмтылуда.Бірақ сол ниетке құрғақшылық едәуір дәрежеде тұсау боп түскелі тұр.

Мұнайдан пайда болған қаржыға ел үкіметі халыққа керек астықты сырттан сатып алуда. Алайда, соның есебінен елді қайта қалпына келтіру істері, сондай-ақ жаңа су көздерін табу бағдарламалары тоқтап тұр.

Ауыл шаруашылығы - Ирақ үшін аса маңызды сала. Оған ел тұрғындарының 26 пайызы жұмылдырылған еді. Алайда су тапшылығының кесірінен Ирақ диқандары жұмыссыздар қатарын көбейте түсуде.

Олар қазір өз үміттерін келер қыстың ылғалды болу ықтималдығына сүйеп отыр.
XS
SM
MD
LG