Кейбіреулердің дертіне шипа болғанымен де күмәнді емдік тәсіл...
70 жастағы Павел Вичинский тері ауруына (экзема) шалдыққан. Сөзіне қарағанда, дәстүрлі медицинаның бар мүмкіндігін қолданып көргенімен еш нәтиже шықпаған екен. Бірде таныстары Фархат атаның «денсаулық формуласымен» емделуді ұсынған екен. Сұрастыра келе Фархат атаға - «Алла-аят» бірлестігінің негізін қалаушы Фархат Абдуллаевтың өзіне келген. Павел Вичинскийдің айтуынша, Фархат атаның ұсынған «денсаулық формуласының» арқасында 3 айдан кейін ауруынан айыққан.
«Алла-аят» бірлестігінің емдеудегі қолданатын тәсілі:
Күнге қарау (аурудың түріне байланысты бірнеше минут күнге қарап энергия алу),
Тұз қосылған (еткен) шәй ішу (оны кей уақытта денеге де жағуға болады),
Фархат атаның ұсынған «денсаулық формуласын» қайталау. (Формулада Фархат пен оның әйелінің есімдері, олардың туылған күндерінің датасы мен балаларының санын, сондай-ақ «элля» сөзін сан мәрте қайталау).
Емделушілердің сөзіне қарағанда, бұл әдіс олардың көпшілігіне ем болған.
«Денсаулық формуласының» белгісіз (екінші) жағы
Көпшілік арасында Фархат Абдуллаев өзін «Алланың жердегі елшісі – пайғамбармын!» деген мәлімдемесімен есте қалған болатын. Осыдан 2 жыл бұрын ол бақилық болған.
Алматы облысы, Ұйғыр ауданында Фархат Абдуллаев есімді азаматтың басшылық етуімен құрылған «Алла-аят» ұйымы дәстүрлі діндерді мойындамай, ауру-сырқауды күн арқылы емдеген.
Алматы облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Назар Ыбыраймолдаев бір қарағанда қарапайым рәсімдер болып көрінгенмен, бұл жерде гипноз қолданылады дейді. Арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде осы тәсілді қолданған бірнеше адамның психикалық ауытқуларға тап болғаны анықталған.
- Астана қаласының психикалық саулық мәселелері жөніндегі медицина орталығының мәліметінше, 2006 жылы аталмыш мекемеде «шизофрения» диагнозымен Такиева деген азаматша емделген. Науқастың ауру тарихына қарағанда, дәл осы Фархат ата ұсынған емдеу тәсілінен кейін азаматшаның ауруы асқынып кеткен. Осы сынды Омарова және Байгелина деген азаматшалар да бар. Олардың барлығы да әркез осы Фархат атаның формуласын аузынан тастамай, гипноздалып қалғандай әсер қалдырған. Туыстарының айтуынша оларды осы сөздерді қайталамасақ «бірнәрсеге ұшырап қаламыз» деген үрей жаулап алған, – дейді Назар Ыбыраймолдаев.
Прокуратура мамандары Алматы облысының Ұйғыр ауданына ай сайын дертіне шипа іздеген 3 мыңнан астам кісі ағылатындығын айтады. Алайда күн сәулесі ешкімді ауруынан айықтырмаған. Керісінше, дерті асқынып, денесін күйдіріп, көру мүмкіндігінен айырылғандар көп. Күнге табынушылар ислам мен христиан діндерін мойындамайды.
Сондай-ақ тергеу барысында тек соңғы 3 жылда 5 адамның өз-өзіне қол жұмсағаны анықталған.
Заңгер Сергей Уткин сот сараптамасы күмәнды және дәлелсіз дәйектердің негізінде жасалғандығын алға тартқан заңгер, бұл істі қайта тергеуге жіберу қажет деп есептейді.
- Бұл әдістің белгілі бір пайда әкелетіндігіне мен де сенбеймін. Алайда, заңгер ретінде мен әр нәрсенің дәлелденгенін қалаймын. «Алла-аят» бірлестігін тарату туралы шешімде ол әдістің адамға зиян әкелетіндігі туралы нақты дәлелдер жоқ. Мүмкін ол шын мәнісінде зиян шығар, мен білмеймін, анықтап соған көзімізді жеткізейік. Ал әзірге тек осы әдіс арқылы емделіп жатқандардың басым екендігін байқап отырмыз, – дейді Сергей Уткин.
Маманның сөзіне қарағанда адамның белгілі бір нәрсеге сенуіне тиым салуға болмайды. Бұл жерде дәстүрлі медицинадан күдер үзген жандар «денсаулық формуласы» арқылы емделеміз деп сенеді. Кей кездерде ол адамның өзін -өзі соған дайындағанынан да болуы ғажап емес.
«... Күннен қуат алмасаң, жойыласың!»
Фархат атаның ізбасарлары Русланды күннің сәулесімен, тұз қосылған шаймен емдеген. Еш нәтиже шықпаған жігіт бірлестік құрамынан кетуді жөн санаған. Алайда ауруы асқынған жігітке “Алла-аят” діни бірлестігінің құрсауынан құтылу оңайға соқпапты.
- «Егер сен бізден кетсең, күннен қуат алмайсың, жойыласың!» деп қорқытады. Көбісі содан қорқып кете алмайды, – дейді Руслан өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол бірлестік мүшелері Құран аяттарын, хадистерді жоққа шығаратындығын айтады. Олардың пайымдауынша, Қасиетті Құран Кәрімнің 2 парағы ғана дұрыс көрінеді. Ал қалғанын өртеу қажет екен.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің айтуынша, бұл арбау екендігін әр адам түсіну қажет. Республикадағы дәстүрлі діндерді жоққа шығарып отырған осындай ұйымдардың әрекетіне тосқауыл қойылғандығы дұрыс дейді ол.
- Осы әдіспен «ем» алған адамдар әр жерде көрініс беріп, жасы кіші Фархаттар шығып жатыр. Дін деп айтуға болмайды. Не кітабы жоқ, не пайғамбары жоқ. Шала сауаттылар. Олар жан дүниесі ауыр күйге түсіп жүрген адамдарды алдап - арбаумен айналысады, – дейді Оңғар Өмірбек.
Басқарма өкілі «жаратушымын» деп жар салғандар соңғы кезде жиілеп кеткендігін айтады. Алматының өзінде соңғы бір жыл ішінде 2 адам өзін "пайғамбармын" деп жариялап, Құран Кәрімнің жаңа нұсқасын жазуға кірісіпті.