Одақ басшысына өкпелері қара қазандай болып отырған бір топ суретші одақ төрағасы Еркін Мергеновтың әрі қарай да ұйымды басқаруына қарсы болып отыр. Олардың айтуынша, одақты 20 жыл басқарып келген Еркін Мергенов өзі басшылық еткен жылдары қолындағы билікті пайдаланып, одаққа тиесілі мүліктерді жеке мақсатына қарай жұмсаған. Ал мұның салдары одақтың күйзеліске ұшырауына әкеп соққан көрінеді.
11 әріптесінің пленумды тастап кеткеніне қарамастан одақтың өзге мүшелері жиылыста өздерінің төрағаға дән риза екендіктерін айтып, алғыстарын жеткізіп жатты. Алайда мұның бәрі жағымпаздықтың жағымсыз көрінісі деп бағалап жатқан суретшілер де болды.
Бірнеше сағатқа созылған пленум соңында одақ төрағасы Еркін Мергеновты әңгімеге тартып, одақтың кейбір мүшелерінің өкпе-реніштері турасында пікірін біліп көрген едік.
- Оларды осыншалықты әрекетке қандай мақсат сүйреп жүргенін білмеймін. Бүгін біз 6-шы пленумды өткіздік, республиканың әр аймағынан суретшілер жиналды. Барлығы да басшылықтың өкілеттілік мерзімінің ұзартылғанына бір ауыздан келісім берді. Атқарылған шаруаларға оң баға берді. Мен басқарған жылдары 106 рет тегін көрме ұйымдастырдық. Жас өнер иелері, зейнеткерлер үшін 58 млн теңге жұмсадық. Мұның бәрінің құжаттары бар. Жақында 81 шеберхананы аяқтадық. Ал 10-15 жыл бұрын жағдай бұдан да нашар болатын. Ол кезде одақтың шешілмеген мәселелерінен өзге ешнәрсесі болмайтын.
Ал пленумның жұмысын мойындамай, оны жай ғана шараға теңеген суретші Амандос Аканаев одақ басшысына қатысты өз қарсылығын былайша жеткізеді.
- Суретшілердің кезекті съезі осы жылдың шілде айында өтуі тиіс болатын. Мерзімі бітті. Одақтың жарғысы бойынша, оның мерзімін ұзарту тек айрықша жағдайда ғана мүмкін. Біз жедел түрде суретшілерден құралған комитет құрып, съезд өткізіп, төрағаны ауыстыруды талап етеміз. 16 жыл бойы ол шығармашылық иелерін құртып келеді. Біз сол себепті де ел президентінің атына, мемлекеттік хатшыға, Нұр-Отан партиясына ашық хат жолдадық. Онда бізге республикалық маңызы бар көрме залын қайтарып беру туралы өтініш айттық. Ол орын 1997 жылдан бастап, жиһаз сататын дүкенге айналып кеткен. Қазір бізге ол орынның 1500 шаршы метрі жиһаз сатумен айналысатын жеке компанияға сатылып кеткені белгілі болып отыр, - дейді суретші. Одақ басшысының одаққа келтірген зиянын шамалаған сұхбаттасымыз әңгімесін төмендегі мысалмен жалғастырады.
- Қазір суретшілерге деп үш қабатты үй салынып жатыр. Бұл жерде де Мергенов баяғы үрдісті жалғастырайын деп отыр. Әлгінде баспасөз бетінде соған қатысты мақала жарияланғаннан кейін ол үйдің тағы бір қабаты пайда болады. Қазір осыған байланысты көпшілікте көптеген сұрақтар туындап жатыр.
Одақ басшылығына қарсы суретшілер тобы егер талаптарымыз орындалмаса, соттың көмегіне жүгінуге дайын екендіктерін де жеткізеді.
Қазақстанның Суретшілер Одағы 1934 жылы құрылған. Қазіргі таңда оған 800 суретші мүше.