Accessibility links

Алданған үлескерлер әкімдік алдында пикет өткізді, әкім төбесін көрсеткен жоқ


Алматы әкімдігі алдындағы наразылық пикеті. 22қазан, 2008ж.
Алматы әкімдігі алдындағы наразылық пикеті. 22қазан, 2008ж.

Сәрсенбі күні жүздеген алданған үлескер Алматы қаласы әкімшілігінің алдында рұқсат етілмеген пикет өткізушілер қанша талап етсе де, әкіммен кездесе алмады

Сәрсенбіде әкімшілік ғимаратының алдына жиналған үлескерлер қала әкімі Ахметжан Есімовтің кездесуге шығып, алданған үлескерлердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндіріп беруді талап етті. Алайда, алданған үлескерлер «Әкім шықсын!» деп айқайлағанымен, Ахметжан Есімовтің төбесін көру мұң болды. Жұртты тарқатуға келген әкімшілік қызметкерлері мен полицияның талпынысынан ештеңе шықпады.
Алматы әкімдігі алдындағы наразылық пикетіне жиналғандар. 22қазан, 2008


Алданған үлескерлердің алған бетінен қайтпайтын райы байқалған соң ғана олармен кездесуге қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов шықты.

Серік Сейдуманов, «Алданған үлескерлердің мәселесін шешуге үкімет бөлген қаржы түскенімен, бұл бір күнде шешіле салатын шаруа емес» екенін тілге тиек ете келе:

— Сіздер әкімшіліктің алдына жиналып айқайлау арқылы ешнәрсе шеше алмайсыздар. Одан да өз араларыңыздан құрылған ынталы топқа өтініш, тілектеріңізді айтыңыздар. Олар өз кезегінде оны жауапты орындарға жеткізеді.

Жақында ҚР Үкіметі алданған үлескерлердің қордаланған мәселесін шешу үшін 10 млрд. теңге бөлген болатын. Ал, алданған үлескерлер сол ақшаның қандай құрылыс нысандарына және қалай жұмсалып жатқандығын білгісі келетіндерін мәлім еткенде, Серік Сейдуманов «Қаржы түсті. Енді тендер өткіземіз. Оған 1-2 ай уақыт қажет болады. Сосын құрылыс басталады. Оны аяқтауға кемінде 9 айдай уақыт керек екенін білесіздер» деді.


Сондай-ақ, әкімшілік алдына жиналғандар қала әкімі Ахметжан Есімовтің атына жазылған петицияны С.Сейдумановқа тапсырды.

Петицияда: «Аталмыш жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Біз, алданған үлескерлер үшін Үкіметтен бөлінген ақшаның тиімді жұмсалып жатқанын көріп отырған жоқпыз. Қала әкімшілігі жағдайды оңтайландыруға талпыныс жасап жатқан жоқ. Бұл алданған үлескерлерді шарасыздыққа итермелеуде» делінген.

Наразылық пикетінен видео

XS
SM
MD
LG