Accessibility links

Күлекеевтің сотына негізгі куәгерлер келмей қалды


Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сот үйі
Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сот үйі

Күлекеевке айып тағуға негіз болған басты куәгерлердің жауабы болмағандықтан, адвокат өз қорғаушысының қолхат арқылы үйіне шығарылуын талап етті.

Қыркүйектің 22 і күні Астанадағы № 2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевтің үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты кезекті сот тыңдауы болмай қалды. Өйткені негізгі куәгерлер сот отырысына келмеді. Басты куәгерлерден жауап алынбағандықтан, Күлекеевтің адвокаты сотталушыға қолданылған шара өзгертіліп, оның қолхат арқылы үйіне шығарылуын сұрады.
Атап айтқанда сотқа бұл жолы да келмеген куәгерлердің бірі - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сатып алу жөніндегі басқарма директоры Руслан Местоев. Айта кету керек, Күлекеевке пара алуға байланысты айыптаулар осы куәнің берген жауабының негізінде тағылған болатын.
Местоевтың адвокаты Ермек Бектасовтың айтуына қарағанда, ол әлі ауырып жатыр және дәрігерлік ем қабылдауды Германияда жалғастырмақ ойы бар.
- Менің клиентім денсаулық жағдайына байланысты сотқа келе алмайды. Ол Мәскеуде стационарлық ем қабылдап жатыр. Оның буындарына операция жасады. Мұның сыртында емін жалғастыру үшін оған Германияға бару керек. Бәлкім, осы аптада ол сонда кететін шығар,- деп адвокат сотқа медициналық анықтаманы көрсетті.
Оның үстіне адвокат Бектасов соттың Местоевтың жауабын оқып берумен ғана шектелуін сұрады.
Оның бұл ұсынысына Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин қарсы шықты:
- Мұндай жағдайда сотқа дәлел ретіндегі Местовтың жауабынан бас тартып, қорғаушымды қолхат арқылы үйіне шығаруға болады.
Бірақ айыпталушының адвокатының бұл мәлімдемесіне сотқа қатысушылардың ешқайсысы назар аударған жоқ.
Сондай-ақ дүйсенбідегі сот отырысына Күлекеев өзінен 100 мың доллар пара талап етті деген кәсіпкер Кенжеболат Такеев та, 2008 жылдың 31 наурызында Муминов ақшаны қаржы полициясына берген кезде куәлікке тартылған Владимир Грибанов та келмеді.
Мемлекеттік айыптаушының дерегіне жүгінсек, куәгер Такеев үш аптадан бері Орынборда, ал Грибанов Қостанайда жүр. Өз сөзінде прокурор Еркін Шәріпов прокуратураның бұл куәгерлермен байланыса алмай отырғанын мойындады.
Сондай-ақ прокурор Жақсыбек Күлекеев ҚТЖ компаниясын шпалдармен қамтамасыз ету үшін «Edгрупп» ЖШС - іне заңсыз жолмен тендерді жеңіп алуға көмектесті деген айып бойынша тергеу жұмысын жүргізген қаржы полициясының тергеушісі Олжас Ертісбаевтың сотқа шақырылуын сұрады.
Алайда оның бұл өтініші қанағаттандырылмады. Сотқа төрағалық еткен судья Күлекеевтің адвокатының тергеушінің жауабы обьективті болмайды деген пікірімен келісті.
- Жаңа куәлерді шақырғанның орнына бұрынғыларының сотқа келіп, куәлік жауабын беруін қамтамасыз етуге тырыспайсыз ба?- деп ескертті судья Нұржан Жолдасбеков прокурорға қарап, сондай-ақ ол қалған куәгерлерді күштеп келтіру туралы шешім шығаратындығын мәлімдеді.
Жақсыбек Күлекеевке қатысты сот 25 тамызда басталған. Тергеу ісі бойынша Күлекеевке 100 мың доллар пара алды, өзінің автокөлігін өзі басқаратын ұлттық компанияға сатты, компанияның қызметкерлеріне өзінің жекеменшігіндегі үйді күзеттірді және теміржолға қажетті заттарды сатып алу үшін ұйымдастырылған тендерде өзінің туысқаны құрған жекеменшік компанияның жеңіске жеткендігі туралы заңсыз шешім шығарды деген айыптар тағылды.
Қазақстанның Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің қызметкерлері биылғы жылы 1 сәуірде «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Жақсыбек Күлекеевті 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұстап, қамауға алған болатын. Ж. Күлекеев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.
Ж.Күлекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті қызметіне 2007 жылдың 28 мамырында тағайындалған

XS
SM
MD
LG