Accessibility links

Оппозициялық қайраткер Төлен Тоқтасыновтың жары араша сұрайды


Төлен Тоқтасыновтың әйелі Алма Оразбекова (оң жақта), Серікбослын Әбділдин (ортада) және Сейтқазы Матаев. Алматы, 24 қараша 2008 ж.
Төлен Тоқтасыновтың әйелі Алма Оразбекова (оң жақта), Серікбослын Әбділдин (ортада) және Сейтқазы Матаев. Алматы, 24 қараша 2008 ж.

Оппозициялық саясаткер Төлен Тоқтасыновтың әйелі Алма Оразбекова, дүйсенбі күні Алматыда баспасөз өкілдеріне, өз отбасына полицияның түрлі қоқан-лоқы жасап жатқанын мәлімдеді.

Қазақстандық полицейлер қылмыскерді жасырған күдікті санап отырған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің хатшысы Төлен Тоқтасыновтың өзі бірталай уақыттан бері Моңғолияда ем алып жатыр дейді туыстары мен серіктері. Саясаткердің зайыбы Алма Оразбекованың айтуынша, полиция өкілдері оның отбасына тыным бермеген.

- Олар алғашында Төленді тергеушіге шақыртқан қағазды алуға мені мәжбүр етпек болып әрекеттенді. Мен оны алудан бас тарттым. Мамандығым заңгер болғандықтан, біздегі заң бойынша ешкім де өзінің жақын-туысына қарсы куәлік бермеуге құқылы екенін жақсы білетінімді айттым. Бірақ, олар мені мазалауды қоймады. Кейін шақырту қағазды менің атыма жазатын болды, мен іссапарда жүргенде үйге келіп, дікіңдеп есікті қағып, балаларымды үрейлендірген. Мені көшеде алдымды көлікпен кес-кестеп тоқтатты. Екі рет тергеу басқармасының бастығы полковник Машанлоның алдында болып, маған қойған барлық сұрақтарына жауап бердім. Төленнің ешкімнен қашып жүрмегендігін, осы қылмыстық іс басталғанға дейін-ақ Қазақстаннан тыс жерге емделуге кеткенін айттым. Әрине, оппозициялық қайраткердің әйелі ретінде, біздің еліміздегі саяси жағдайда өзіндік көзқарасы бар жеке адамдардың құқықтары сақтала бермейтіндігін, сондықтан бұл мәселе бойынша қандай да бір ресми органдарға шағымданудың пайдасы болмайтындығын түсінемін. Бірақ, өз отбасымның құқығын қорғай отырып мен осы мәселеге қоғамның назарын аударғым келеді, – деді А.Оразбекова.

Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин өзінің партиялас серігі Тоқтасыновты жауапқа тартудың астарында саяси мақсат жатыр деп санайды.

- Әдетте, біздің елде сайлау секілді үлкен саяси науқан жақындаған кезде биліктегілер осындай қимыл-қарекетке кіріседі. Яғни, азаматты сайланбалы органға дауысқа түсуге қатыстырмаудың бір амалы солай жасалады. Төлен өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлім болса салысымен осы істі жүргізіп отырған ІІМ полковнигі Машанлоға хабарласып, өзі шетелде отырса да телефонмен немесе қазіргі өркениетті әлемде бар кез-келген басқа құралдардың көмегімен тергеушілердің сауалдарына жауап беруге әзір екенін және ол жауап алу сәтін видеоға жазуға келісім беретінін айтқан болатын. Бірақ, алғашында келіскендей сыңай танытқан полковник Машанло кейін, Төлен онымен екінші рет телефонмен сөйлескенде, алғашқы ойынан айнып, Тоқтасыновтан тек қана көзбе-көз отырып жауап алатынын, сондықтан оның Қазақстанға келуін талап еткен. ІІМ лауазымды адамдарының бұндай іс-әрекетін түсіну өте қиын, - деді Серікболсын Әбділдин.

Осы айтылған жайттарға байланысты Азаттық тілшісінің сауалына Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов мынадай түсініктеме берді:

- Қазір қылмысты жасыру оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр. Тергеуші Машанло өз ісін заң шеңберінде жүргізуде. Ал Тоқтасыновтың бізбен хабарласқаны жайына келсек, шындық сәл өзгешелеу. Онымен біз өзіміз хабарластық. Өткен аптада біз БАҚ арқылы Тоқтасыновты тергеу амалдарына қатысу үшін ресми шақырдық, бірақ ол келмеді. Менің пікірімше, тергеу тарапынан заң бұзу болған жоқ. Олар шақыртуды азаматтың тұрғылықты орны арқылы тапсырады.

Биылғы қыркүйек айында Қазақстан İшкі істер министрлігі Қазақстан оппозициясының бірқатар жетекшілеріне қарсы аса ауыр қылмысты жасырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны жайында хабарлаған-ды. Оппозиция жетекшілері 2005 жылы Украина билігінен Қазақстан азаматы Есентай Байсақовқа саяси баспана беруді сұрап хат жазған болатын. Байсақовты Қазақстан полициясы 2001 жылы кәсіпкер Борис Костановты өлтіруге тапсырыс берген күдікті ретінде қарастырады.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан тергеу ісінде оппозициялық саясаткерлер Төлен Тоқтасынов пен Асылбек Қожахметовті Е.Байсақовқа саяси баспана беру туралы Украина билігіне жазылған үндеулерге қатысты басты күдіктілер деп отыр.

9 қараша күні Вена әуежайында Есентай Байсақовтың немере інісі Асанәлі Жекебаевтың ұсталғаны хабарланды. Австрия заң органдарының айтуынша, оны Қазақстан жағының сұрауы бойынша Интерпол тұтқындаған. Кезінде 11 жылға сотталған Жекебаев түрмеден мерзімінен бұрын шыққан болатын (толығырақ мына жерде).

Ал қарашаның 13-і күні Еуропалық сот Е.Байсақовты Қазақстан жағына бермеу туралы шешім шығарған, сондай-ақ, А.Жекебаевқа қатысты қосымша толыққанды деректер жинастырып, істің ақ-қарасы анықталғанша оны да Қазақстан жағына бермеуді ұйғарған деп хабарлаған болатын өткен аптада Алматыда журналистерге адвокат Сәлімжан Мусин.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG