Accessibility links

Астана соты «Алға, ҚДТ!» қозғалысының тіркеуін жою туралы шешім шығарды


"Алға, ҚДТ" қоғамдық қозғалысының белгісі.
"Алға, ҚДТ" қоғамдық қозғалысының белгісі.

Қазақстанда ресми тіркелген «Алға, ҚДТ!» республикалық қоғамдық бірлестігіне жабылып қалу қаупі төнді. Сот ұйымды тіркеу туралы әділет мекемесінің екі жыл бұрынғы бұйрығын жою туралы шешім шығарды. Ұйым жетекшісі Владимир Козлов бұны биліктің Мұхтар Әблязовқа қарсы әрекеті деп есептейді.

«Алға, ҚДТ!» қозғалысының жетекшісі Владимир Козловтың айтуынша, сәрсенбі күні Астананың ауданаралық экономикалық соты, бас прокуратураның арызын қанағаттандырып, 2007 жылғы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Алға, ҚДТ!» қозғалысын тіркеу туралы бұйрығын жою туралы шешім шығарды.

Владимир Козловтың өзі қозғалысты жабуды қолдаған сот шешімінің саяси астары бар деп есептейді. Оның пікірінше, соңғы уақыттары ірі лауазымды саясаткерлер мен кәсіпкерлерді қудалау науқаны, соның ішінде БТА банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті қуғындау барысында, билік «Алға, ҚДТ!» қозғалысының да көзін жоюға кіріскен секілді.

Владимир Козлов, "Алға, ҚДТ!" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі әрі тіркелмеген "Алға" саяси партиясы үйлестіру кеңесінің төрағасы. Алматы, қазан, 2008 ж.
Владимир Козлов осы кезге дейін, «Алға, ҚДТ!» қозғалысынан бөлек, әлі тіркеуден өтпеген оппозициялық «Алға» саяси партиясының үйлестіру комитетін басқарып келеді.

– Біздің партияны 2006 жылдан бері тіркемей келеді. Бұл – бір. Екіншіден, жалпы «ҚДТ» – Қазақстанның демократиялық таңдауы – қозғалысы Мұхтар Әблязовтың есімімен тығыз байланысты. Биыл Әблязовқа қатысы бар нәрселердің бәрі жойылып жатыр. Соған қарағанда, осы қарқынның бір ұшы «Алға, ҚДТ!» қозғалысына да тиіп кетсе керек. Оның үстіне біз аймақтарда белсенді жұмыс істейміз. Осындай әрекеттер билік үшін көзге шыққан сүйелдей көрінетін секілді. Соған байланысты билік өзіне ұнамсыз нәрседен арылудың уақыты келді деп есептеуі бек мүмкін. Бар айтарым осы, – деді Владимир Козлов Азаттық тілшісіне.

Дегенмен «алғалықтар» аудандық соттың шешімін мойындағылары жоқ. Яғни, ұйым жетекшісі қалалық сотқа шағым түсіретіндігін айтты.

– Сот шешімі әзірге күшіне ене қойған жоқ. Заң бойынша біздің оған келіспеуге құқығымыз бар. Және біз мұндай мүмкіндіктен бас тартпаймыз, – деді ол.

Бұдан бөлек, Владимир Козлов Алматы соттарымен арадағы мәселені түпкілікті шешіп үлгерген жоқ.

Биыл Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры К.Үсіпбаев ҚР Әкімшілік кодексінің 1-бөлімі, 374-і бабы бойынша тіркелмеген қоғамдық ұйымды басқаруға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықты негізге ала отырып, ресми тіркеуде жоқ «Алға» оппозициялық партиясының үйлестіру комитетінің жетекшісі Владимир Козловқа қарсы әкімшілік іс қозғаған болатын.

Атап айтқанда, «Алға» партиясының жетекшілігіне Әділет министрлігінде тіркеуден өтпей тұрып, партияның атынан саяси мәлімдемелер жасады, тіркелмеген партия атымен аттас газет шығарып отыр деген айып тағылды.

Бұл істі қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мамырдың 19-ы күні ұйым жетекшісін айыпты деп тауып, оған 127 мың теңге айыппұл салған болатын.

Владимир Козловтың Азаттық радиосына хабарлауынша, соттың бұл шешіміне шағым Алматы қалалық сотына мамырдың 27-і күні түсірілген.

Осылайша «алғалықтар» Астана және Алматы қалаларының прокуратураларымен соттасып жатыр. Ал, ҚР Әділет министрлігі болса «Алға» ұйымын партия ретінде тіркеу жұмыстарын тездетер емес.

Владимир Козловтың айтуынша, партияны тіркеу туралы өтініш аталған құзырлы мекемеге сонау 2007 жылы жасалынған. Заң бойынша 30 жұмыс күннің ішінде жауабын беруі тиіс министрлік 53 мың адамның қолы қойылған тіркеу өтінішін 930 күннен бері ұстап отыр.

Ресми тіркеуде жоқ «Алға» халықтық партиясының құрылтай съезі 2005 жылы шілденің 23-і күні өткен. Ол 2005 жылы қаңтарда сот шешімімен жабылған «Қазақстан демократиялық таңдауы» халықтық партиясының мұрагері саналады.
XS
SM
MD
LG