Accessibility links

Желтоқсан құрбандарын еске алу жиынында сөйлеген қайраткерлер елді «тыныштық сақтауға» шақырды


Желтоқсан құрбандарын еске алуға жиналған жұрт әруақтарға бағыштап құран оқыды. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.
Желтоқсан құрбандарын еске алуға жиналған жұрт әруақтарға бағыштап құран оқыды. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

17-желтоқсан күні Алматыдағы Республика алаңында тағы да жиын өтті. Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойған соң ел алдында сөйлеген саясаткерлер жұртты арандап қалмаудан сақтандырып, тыныш қайтуын сұрады. Жұрттың көбі бұл үндеуге құлақ асса, біраз жұрт сол жерде кешке дейін жүріп тарады.


ШАХАНОВ ТАҒЫ ДА ЖҰРТТЫ «АРАНДАП ҚАЛМАУҒА» ШАҚЫРДЫ

17-желтоқсан күні сағат 11 шамасында Алматыдағы Республика алаңына жүздеген адам жиналды. Олардың арасында Желтоқсан құрбандарына арнап гүл шоқтарын қоюға келген ұлт патриоттары мен саяси партия жетекшілері де болды.

Бір кезде, алаңдағы Тәуелсіздік ескерткішінің жанында үйіріліп тұрған жұртқа Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысы жағынан
Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысы жағынан Тәуелсіздік алаңына Қазақстанның әнұраны «Менің елім» әнін шырқап, қол ұстасып келе жатқан адамдар. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстанның әнұраны «Менің елім» әнін шырқап, қол ұстаса тізілген ондаған адам келіп қосылды.

Бұдан соң осы жердегі жекелеген адамдардан Қазақстан билігі тарапынан Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасына, Қытайға қазақ жерін беруге қарсылық айтылған сөздер естіліп жатты.

Жиналғандардың толқуын басу үшін ортаға «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі, ақын Мұхтар Шаханов шығып, «Ел бірлігі» доктринасын респубилка бойынша талқылау тоқтатылғанын және ұлт патриоттары тарапынан билікке қойылған ұлттық мәселелер жөніндегі талаптар мен сұрақтаға билік жауап қайтарғанын атап өтті.

Мұхтар Шаханов өз сөзінде мемлекеттік тілге және басқа ұлттық мәселелерге байланысты Қазақстан билігі нақты іске кірісуге уәде еткенін айтты.

– Егер билік айтқан уәдесін орындамайтын болса, онда біз өзіміздің талаптарымызды алға қоямыз.Бәріміз ұлттық мүдде төңірегінде бірігейік. Бөлінбейік. Артық-ауыс қимыл болмасын жігіттер! Ең бастысы халық оянды. Бәріміз қазір құран оқиық. Сосын қайтайық, – деді Мұхтар Шаханов.

ЖЕР ТУРАЛЫ

Алаңға жиналған көпшіліктің алдында сөйлеген «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов Қытай 1 млн. гектар егіншілік мақсатта Қазақстаннан жалға беруді сұрап отырғаны жөнінде сөзді президент Назарбаевтың өзі қозғанын еске салды.

– Қытайға 1 млн. гектар жер берілетін болса, әр 1 гектар жерге 15 адам келіп жұмыс істесе, Қытайдан 15 млн. адам келеді. Бір жылда бір бала туса, 50 жылда 50 млн. адамға өседі. Онда бәрі бітті деген сөз. Сондықтан, жерді жалға беру туралы кім айтты? Назарбаев айтты. Ендеше, Назарбаевтың өзі шығып жердің ешкімге берілмейтінін айтсын! – деді Болат Әбілов.

Оппозиция жетекшілері Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қоюға келе жатыр. Алматы, 17 желтоқсан, 2009 жыл.
Тәуелсіздік ескерткішінің алдында Желтоқсан оқиғасы құрбандарының аруақтарына Құран оқылып, дұға бағышталды. Жиын барысын полицияның қалың күші бақылап тұрды, алаң арқылы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Бұдан кейін саясаткерлер осында жиналған жүздеген жұртпен бірге 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың құрметіне ілінген тақтайша алдына және 2006 жылы күзде ашылған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Аталған шаралардан кейін халық біртіндеп тарқай бастады. Әйткенмен, жұрттың бір бөлігі Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің маңында бірнеше сағат бойы тұрды.
Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Сонымен бірге Республика алаңында ондаған адам өздерінің «Ел бірлігі» доктринасы мен жерді жалға беруге қарсы екендіктерін айтып, оны билікке жеткізу үшін осы жерге Алматы қаласы әкімшілігінен арнайы өкіл келуін талап етті.

Бірақ та, жиналғандарды үш қатар қоршаған полиция қызметкерлері оларды Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінің алдынан тықсырып алаңның шетіне шығарды. Дауыс зорайтқышпен сөйлеген құқық қызметкері монумент маңына тазалау жұмыстары жүретіндіктен алаңның сол тұсын босатуды сұрады.

Алаң шетіне ығыстырылған жұрт қас қарайғанда бір-ақ тарқасты.
XS
SM
MD
LG