Қыркүйектің 3-і күні Алматының ескі алаңында қаладағы бірқатар мүгедектер ұйымдары «Біздің қолымыздан бәрі келеді» атты ұранмен арнайы акция бастады. Бірнеше күнге жалғасатын акция барысында мүмкіндігі шектеулі жандар қаладағы қоғамдық орындарды аралап, жолда кездесетін түрлі тосқауылдарды қалай жеңуге болатыны турасында тәжірибелерімен өзара бөліседі.
- Бұған қоса қандай қоғамдық орында қандай тосқауылдар барын зерттейміз. Акцияға қатысушыларды кеңістікте өзін-өзі таба білуге баулимыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдар өздерін-өздері көрсетпесе, өзіміздің мұң-мұқтажымызды өзіміз айтпасақ, бізді ешкім білмейді, - дейді «Жігер» қоғамдық жастар ұйымының өкілі Сейітжан Кенжеғұлұлы.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, қазір Қазақстан қоғамында мүгедек адамдар үшін кедергілер аз емес, ол тіпті үлкен мәселеге айналып отыр. Өзге елдердегідей дыбысы бар бағдаршамның жоқтығы салдарынан зағип жандар жол-көлік апатының құрбаны болып жатса, тұрғын үйлерде, түрлі ғимараттарда пандустың жоқтығы - арбамен жүретіндердің қоғамға араласа алмай, төрт қабырғада қамалып отыруға мәжбүр ететін бірден бір себеп.
- Қоғамдық орындарда мүгедектердің жүруіне жағдай жасалынбаған. Мәселен, біз қасымызға біреуді ертпей жүре алмаймыз. Қай жерге кірсек те, алдымыздан түрлі қиындықтар кезігеді. Қарапайым мысал - дүкеннің есігін таба алмаймыз. Кірсек қандай зат сатылып жатыр, оны да біле алмаймыз, - дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі Алмас Мырзабеков.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға акция өткізуге студенттерден құралған еріктілер көмектеспекші.
Жұма күні басталған шараға 70-ке жуық адам жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуел баста акцияға шамамен 100-ге жуық адам қатыспақ болған екен. Бірақ Алматы қалалық әкімшілігі оған рұқсат бермепті.
Шара барысында акцияны ұйымдастырушылар: «Бұл шараның саясатқа еш қатысы жоқ!» деп айғайлап тұрды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына арналған бұл акция басталған кезде алаңға жиналғандардың іс-қимылын бақылап, ұйымдастырушыларға бұл шараның митингке айналып кетпеуін ескертіп, Алмалы аудандық прокуратурасының өкілдері қадағалап жүрді.
Ресми статистика бойынша, Қазақстан тұрғындарының үш пайызы - мүгедек жандар. 2009 жылы өткізілген жалпыұлттық халық санағы бойынша, елде 16 миллион адам бар.