Таңертеңгі сағат 11-де «Базис А» компаниясының алдына келген наразы топтың қолында 1986 жылы Желтоқсан көтерлісі болған тарихи маңызы бар алаңды қалпына келтіру туралы талаптар жазылған плакаттар болды. Бірақ, осы жерге олардан бұрын келіп алған полицияның шенді қызметкерлерінің ескертуінен соң наразы топ мүшелері плакаттарды жинап алды.
Бұдан кейін компания басшысы Александр Белович пен наразы топ мүшелерінің кеңседе өткен кездесуіне баспасөз өкілдері де қатыстырылды.
Кездесуде Белович өзі басқаратын компания алаңның астындағы құрылыс жобасының бастапқы қалпын өзгертіп, жерастынан автотұрақ және қоғамдық орындар ашуды көздейтін жаңа жобаны қаңтар айының аяғына дейін қала әкімшілігіне ұсынбақшы екенін хабарлады.
«Жаңа жоба бойынша, алаңның астымен өтетін автокөліктер өтетін жол Фурманов пен Желтоқсан көшелерінен шығатын болады, алаңның үсті тек жаяу жүргіншілерге арналатын болады. Сонымен бірге, осында келетін жұрттың қажетін өтейтін қоғамдық орындар салынады», - деді Белович.
Қазірде бұл жобаға қаржы тартуға инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан Белович, егер жоба қала әкімдігінің тарапынан қолдау тауып, мақұлданса, алдағы жылдың ақпан айынан жұмысты жалғастырып, 2011 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындары басталғанға дейін құрылысты толық аяқтауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Беловичтің айтуынша, қала билігі «Базис А» компаниясына 49 жылға жалға берген алаңның астындағы жұмыстарды жүргізуге осы кезге дейін 1 млрд 300 млн теңге жұмсалған.
Кездесуге келгендер 1986 жылы Желтоқсан көтерлісі болған алаңның тарихи маңызы барын, ондағы құрылысты саларда қоғам пікірін ескеру қажеттігін айтты.
Кездесуге келгендер 1986 жылы Желтоқсан көтерлісі болған алаңның тарихи маңызы барын, ондағы құрылысты саларда қоғам пікірін ескеру қажеттігін айтты.
«Бізге алаңның о бастағы қалпын сақтап қалғаны өте маңызды. Сол оқиғаның тірісі куәсі ретінде біз өскелең ұрпаққа тарихи мұра ретінде көрсету үшін, алаңда халқымыздың тәуелсіздігі үшін тоталитарлық билікке қарсы шыққан жастарға қарсы қалың әскерді жұмсаған билік иелері тұрған мінбер сол жерге қайта орнатылуы тиіс», - деді 1986 жылғы Желтоқсан көтерлісіне қатысқандардың бірі Құрманғазы Рахметов.
Оппозициялық саясаткер Маржан Аспандиярова алаңдағы құрылыс жұмыстарының жүргіншілер өміріне қауіп төндірмеуіне байланысты барлық жауапкершілік тікелей компания басшысының мойнына жүктелетінін А.Беловичтің есіне салды.
Өткен жұма күні Алматыдағы орталық алаңды қалпына келтіруді талап етіп қала әкімдігіне барған наразы топ өкілдерін Алматының әкімі Ахметжан Есімов қабылдаған болатын.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Алматының орталық алаңының астынан ауқымы 100 мың шаршы метр болатын «Алмалы» ойын-сауық және сауда орталығын салу туралы ұсыныс сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауына ие болған-тұғын. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен ұлтшыл ұйымдардың қарсылығына қарамастан бұрынғы әкім «Базис А» компаниясына құрылысты бастауға рұқсат берген еді.
Бастапқы жобалық құны 24 млрд теңге болып белгіленген «Алмалы» кешенінің құрылысы жоспар бойынша 2010 жылы аяқталуы тиіс еді.
«Базис-А» корпорациясы о баста кешен құрылысын жер астында ғана жүргізіп, алаңның үстімен өтетін Сатпаев көшесіндегі автокөлік жолы жабылмайды деп уәде берген болатын. Алайда, кейіннен жер бетінде жарықтар пайда болып, биылғы ақпан айының соңында корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович компания ашық әдіспен жер қазу жұмыстарын бастайтынын хабарлады.
Құрылыс жұмыстары барысында алаңның үстінде совет кезінен тұрған мінбер алынып, ондаған жылдар бойы өсіп тұрған биік те әсем шыршалар құртылды.
Ал соңғы жарты жылдан астам уақыт қаржы дағдарысына тап болған «Базис А» компаниясының алаңдағы жұмыстары тоқтап қалды.
Осы мақалаға қатысты түсірілген бейнесюжетті қараңыз.
Осы мақалаға қатысты түсірілген бейнесюжетті қараңыз.