Accessibility links

Алматы вагон жөндеу зауытының жұмысшылары ереуіл жариялады


«Ырысты» электрлік вагон жөндеу зауытының жұмысшылары сейсенбіден бастап бір аптаға жұмысты тоқтатты.Алматы, 30 маусым, 2009 жыл.
«Ырысты» электрлік вагон жөндеу зауытының жұмысшылары сейсенбіден бастап бір аптаға жұмысты тоқтатты.Алматы, 30 маусым, 2009 жыл.

Кәсіпорынды мемлекеттің иелігіне өткізу туралы талаппен «Ырысты» электрлік вагон жөндеу зауытының жұмысшылары сейсенбіден бастап бір аптаға жұмысты тоқтатты. Ал зауыт басшылығы болса, мұның барлығы уақытша қиындықтар екенін айтуда.

«ТАЛАБЫМЫЗ ОРЫНДАЛМАЙЫНША ЖҰМЫСҚА ШЫҚПАЙМЫЗ»

«Ырысты» электрлік вагон жөндеу зауытында маусымның 30-ы күні азаннан бастап жұмыс тоқтады. Таңғы сағат 8-де басталған жұмысшылардың жиналысында зауытты мемлекетке қайтарғанға дейін осылайша ереуілді жалғастыра беру керектігі туралы мәлімделіп жатты.

Осында бір жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан жұмысшы Манар Еділбаева кейбір цех бастықтарының жұмысты жалғастыруды талап етіп жұмысшыларды күштеп жатқанын айтады.
Зауыт жұмысшысы Манар Еділбаева Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, 30 маусым, 2009 жыл.


«Жаңа жиналыс кезінде айтылды ғой «барлығымыз жұмыс орындарымызда отырамыз, бірақ жұмыс істемейміз» деп. Ал енді цех-цехтардың бастықтары жұмысшыларды «жұмысқа шығыңдар» деп қинап жатыр. Бұл қалай? Біреуі шығып, біреуі шықпай жатса, онда не болғаны?! Сондай қиындықтар болып жатыр. Бұдан ешқандай нәтиже болмаса, онда бәріміз жиналып, көшені жауып, ірі ереуілге шығамыз», - дейді Манар Еділбаева.

Мұндағы жұмысшылардың айтуынша, соңғы кезде зауыттың жағдайы нашарлап кеткен. Еңбек демалысына шыққан күннің өзінде оған төленетін ақшаның тек жартысын ғана алдық деп отыр жұмысшылар. Ал зауытта ең төменгі жалақы мөлшері 22 мың теңге ($1=150 теңге) көрінеді.

«Мен мәселен, 25 мың теңге алам. Мұндай айлық тек біздің зауытта ғана бар шығар. Ондай ақша ештеңеге жетпейді. Осы жерде істейтін адамдардың 90 пайызының мойнында несиесі бар. Олардың барлығының отбасылары бар. Үш-төртеуден балалары бар. Тамақ, киім, жол, пәтерге төлеуі керек. Көбісі пәтер жалдап тұрады. Ал пәтерді білесіз, 20-25 мың теңге. Кей кезде еңбекақымызды 3 айға дейін бермей созады. Не үшін деп сұрасақ, «зауытта ақша жоқ» дейді. «Біз енді жұмысқа қалай келеміз, тіпті жолға ақша жоқ» десек, олар «жаяу келіңдер» дейді. Міне, біздің президент көпті осылайша «сыйлайды», - дейді Манар Еділбаева.

Зауыт жұмысшыларының пікірінше, кінә зауыттың жекеменшікке берілуінде. Себебі, зауытты басқаратын адамдардың аталмыш салаға мүлде қатысы жоқ, сондықтан ол шынайы жағдайды түсінбейді дейді зауыт шебері Владимир Стаканов.

«Зауытты мемлекет меншігіне қайтарудан басқа жол жоқ. Егер бұл жүзеге асса, мемлекеттің аты мемлекет. Біз мейлі, аз вагон жөндесек те, өмір сүруге болады. Жалақы да уақытында болатын еді, арнайы киімдер де дер кезінде жеткізілуші еді. Материалдар да жеткілікті болатын еді»
Ереуілдегі зауыт жұмысшылары. Алматы, 30 маусым, 2009 жыл.


Ал зауыт басшылығы болса, зауыттың маңындағы қиындықтардың барлығы уақытша екенін айтып, зауыт жұмысының тоқтамағанын айтты.

Зауыттың директорлар кеңесінің төрағасы Бірлесбек Әлияров:

«Біздің істеп отырған жұмысымыздың бағасы төмен. Жұмысшылардың айлықтары толық болу үшін, айына жиырмадан артық вагон шығаруымыз керек. Біз өткен жолы он-ақ вагон шығардық. Оның себептері көп. Керек заттарды ала алмадық, ақша жоқ. Қазір дағдарыс үлкен кәсіпорындар үшін қиынға тиіп отыр. Ақша айналымы кемдеу болып отыр», - дейді.

Зауыт жұмысшыларының жалақысының кешіктіріліп берілуінің себебін акционерлік қоғамның президенті Әділ Бейсенбаев былай түсіндіреді:

«Жұмысшылардың жалақысын төлеу процесі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бұл алдын ала төлеу. Ол жұмыстың 30-50 пайызын қамтиды. Вагон жөндеу үшін ең алдымен оларға қажет құрылғыларды сатып алу керек. Вагонды жөндеп, тапсырушыға бергеннен соң қалған ақшаны аламыз. Жыл басынан бергі жалақыны кешіктірулердің барлығы осының себебінен болып отыр. Қазір зауытта 93 вагон жөндеуден өтіп жатыр. Олардың бір бөлігіне алдын ала ақша төленген жоқ. Сол себепті зауытта ақша тапшылығы туындап отыр».

Зауыт басшылары мұның барлығы алдағы уақытта шешілетінін айтып отыр.

ЕРЕУІЛДІҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?
"Ырысты" электрлік вагон жөндеу зауытының кіре беріс қақпасы.


Зауыт төңірегінде осындай жағдайлар болып жатқан кезде, сарапшылар арасында «мұның артында жекелеген топтар тұрған жоқ па?» деген сұрақ қылаң берді. Ереуілдердің асқан ұйымшылдықпен болғаны сарапшылар күдігін ұлғайта түскендей.

Тәуелсіз журналист, Ермұрат Бапи:

«Компанияның өзі ішіндегі мүдделі топтардың қақтығыс түрі деп айта алам. «Қазақстан-Темір жолы» соңғы он жылдың ішінде жекешелендіру саясатынан кейін бірнеше акционерлік қоғамдарға бөлініп кетті. Бұлар жартылай мемлекеттік, жартылай акционерлердің меншігіндегі кәсіпорындар. Асқар Мәмин келгелі Қазақстан темір жолының басшылығы ауысқан сайын бұларда әлдебір құрылымдық өзгерістер болып отырады, оның әсері әрине, жұмысшы қауымына тиеді. Нақты жағдайда компанияда әлеуметтік кикілжің бола қойды деп ойламаймын. Бұл ереуілдің артында компанияның өз ішіндегі Асқар Мәминге, болмаса сондағы басшылыққа қарсы жасалған әрекет деп есептеймін. Ал егер де осы әрекет нақты солай болып жататын болса, онда алдағы 10-15 күннің ішінде Асқар Мәминді орнынан алу керек».

Мұны тіпті биліктің өзі де ұйымдастыруы да ғажап емес дейді Ермұрат Бапи:

«Асқар Мәминді орнынан алу үшін биліктің өзі ұйымдастырып отыруы да мүмкін. Себебі, Қазақстанда соңғы 5-6 жылдың көлемінде кадр саясатының өзі осындай интригалармен (біреуді біреуге айдап салумен, біреуді біреуге жаман етіп көрсетумен) жасалып жатқанын ескерер болсақ, зауыттағы ереуілдің астарын осыған балауға болады».

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

«Кез келген экономикалық жанжалда жекелеген бір топтар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Оның ішінде вагон жөндеу зауыты да бар. Нарық экономикасының логикасы сондай. Ең бастысы, бұл бәсекелестік заңды түрде болуы керек. Кәсіпорынды заңды түрдегі басшысы басқаруы керек»

Ал наразылық шараларын ұйымдастырушылардың бірі, зауыттың цех бастығы Есен Уктишбаев былай дейді:

«Жұмысшылардың басын қосуда ешқандай қиындық болған жоқ. Бұған дейін жұмысшылардың өздері ай сайын шерулерге шығып жүрді. Барлығының жағдайы бір ғой қазір. Бұл жерде 2100 адам, яғни 2100 отбасы бар. 10 мың адамның тағдыры тұр бұл жерде».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG