Accessibility links

Ереуіл уақытша тоқтатылғанымен аштық акциясы жалғаса бермек


Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары аштық акциясын өткізуде.(сурет түнде түсірілген) Маңғыстау облысы 23 наурыз, 2009 жыл.
Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары аштық акциясын өткізуде.(сурет түнде түсірілген) Маңғыстау облысы 23 наурыз, 2009 жыл.

Жаңаөзен қалалық соты жүздеген бұрғышылардың жаппай наразылығын заңсыз деп тапқан соң жұмысшылар ереуілді уақытша тоқтата тұруды ұйғарды. Бірақ, бұрғышылар жұмысқа шықпайды, өндіріс базасы ғимаратының алдындағы аштық акциясы да жалғасып жатыр. Компанияның шығыны 700 миллион теңгеге жақындағаны айтылды.

«Бұрғылау» компаниясының бас директоры Төлеген Әжібаевтың бейсенбі күні Азаттық радиосына хабарлауынша, сәуірдің 1-інде Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қалалық соты 1300 бұрғышының ереуілін заңсыз деп тану туралы мекеме басшысының шағымын қанағаттандырды.

– Сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Яғни, бұрғышылардың ереуілі заңсыз, - деді шағымданушы Әжібаев.

Оның айтуынша, бейсенбі күні сот орындаушылары шешімді жауапкерлерге, яғни бұрғышыларға оқып беріп, сот жұмысшыларды наразылық ереуілін тез арада тоқтатып, жұмыс орындарына қайтуын міндеттейтіндігін хабарлаған.

Осыны естіген бұрғышылар ереуілді уақытша тоқтата тұру туралы шешімге келген. Жұмысшылар өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жетекшісі Данияр Беспаевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, бұрғышылар ереуілді тоқтатқанымен жұмысқа шығудан бас тартты.

– Ереуілді сот өкілі тоқтатты. Жұмысқа ешкім шықпайды. Әрекетімізге бірқатар өзгерістер енгізген соң ереуілді қайта жалғастырамыз деген ойымыз бар. Сондай-ақ басшылыққа қойып отырған талаптарымыздың мазмұны өзгеруі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты әзірге пәлен деп ештеме айта алмаймын. Өйткені, біз ортақ ұстанымымызды енді ғана бірге жиналып нақтылағалы жатырмыз. Бірақ ертең ереуілге ешкім шықпайды, – деді тәуелсіз кәсіподақ төрағасы.

Сондай-ақ, Данияр Беспаев ереуіл тоқтағанымен де компанияның өндіріс базасы ғимаратының алдындағы аштық акциясы әлі жалғасып жатқандығын хабарлады:

– Аштық акциясында 10 адам жатыр. Айта кетерлік жайт, бұған дейін осы акцияға қатысқан жиырмаға жуық адам, оның екеуі әйел, денсаулықтарының нашарлауына байланысты ауруханаға түсті.

Бұл уақытта, «Бұрғылау» компаниясының басшысы Төлеген Әжібаев Азаттық радиосына бұрғышылардың талап-тілектерін тыңдап, мәселені бірлесіп шешуге дайын екендігін білдірді.

– Жұмысшылардың талаптары ескерілді. Компания бұрғышылар арасында бітімгер комиссия құру туралы ұсыныс жасады. Біз қолымыздан келетін талаптарын орындауға дайынбыз, – деді ол.

Ереуілшілер «Бұрғылау» компаниясын «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамының құрамына қайтаруды, еңбек келісім шарттарының ережелері сақталуын, жалақының уақытылы әрі толық көлемде берілуін, жұмысшыларды қысқартпауын талап еткен болатын. Бірақ, қазірдің өзінде компания басшысы Төлеген Әжібаев жоғарыда көрсетілген талаптардың бірқатарын компания орындай алмайтындығын айтты.

– Осыдан екі жыл бұрын сатып жіберген компанияны «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамына қайта сатып ал деп біз талап ете алмаймыз. Жалақы көлеміне келер болсақ, өткен жылы айлық көлемі 30 пайызға көтерілді. Одан артық, қазіргі дағдарыс жағдайында, компания жалақы мөлшерін көтере алмайды. Сонымен қатар, компания жұмысшыларды қысқартқан жоқ. Бірқатар жұмысшылардың еңбек келісім шартын соза алмаймыз, – деді «Бұрғылау» компаниясының бас директоры.

Жүздеген бұрғышының ереуілі наурыздың 20-ы күні басталған-ды. Компанияның мәліметі бойынша, өндіріс базасындағы жұмыстың тоқтауынан «Бұрғылау» ЖШС 686 миллион теңге шығынға батты.

Бұрғылау және ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Бұрғылау» компаниясы 1997 жылы қазан айында құрылған. Қазіргі таңда серіктестіктің есебінде 1773 жұмысшы бар.
XS
SM
MD
LG