Accessibility links

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорны жұмысшыларының жаппай ереуілі жалғасып жатыр


Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары аштық акциясын өткізуде.(сурет түнде түсірілген) Маңғыстау облысы 23 наурыз, 2009 жыл.
Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары аштық акциясын өткізуде.(сурет түнде түсірілген) Маңғыстау облысы 23 наурыз, 2009 жыл.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» ЖШС-нің барлық мұнайшысы наурыздың 20-ынан бері ереуіл өткізіп жатыр. Компанияның тағы 14 жұмысшысы аштық акциясында. Бірақ мереке күндерінде олардың талап-тілектеріне құлақ асқандар болмады.

«Бұрғылау» ЖШС-ның тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Данияр Беспаевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, компания мұнайшыларыжаппай наурыздың 20-ы күні өзара келісім бойынша жұмысты тоқтатып, жаппай ереуілді бастады. Жұмысшылар еңбек келісімшартын орындамай отырған «Бұрғылау» кәсіпорынын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына қайта енгізіліп, мемлекеттің қарауына берілуін талап етіп отыр.

- Себебі, компания ұжымдық келісімшарттың ережелерін орындамайды, жалақыны уақытында төлемейді, - деді тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Данияр Беспаев.

Мұнайшылар жаппай ереуілге шыққан күні 14 жұмысшы аштық акциясын бастаған. Солардың бірі - 1986 жылдан бері «Бұрғылау» компаниясында еңбек етуші - Қайыржан Шарабаев:

- Компания басшылығы биыл, дағдарысты сылтау етіп, жұмысшыларды қысқарта бастаған болатын. Бірақ біз өз арамыздан тәуелсіз кәсіподақ құрып, басшылықтың бұл әрекетіне қарсы шықтық. Алайда компания басшылығы мұнайшыларды өз еркімен жұмыстан кетіру мақсатымен қысымшылық әрекеттерге көшті. Бірқатар мұнайшылар арыздарын жазып жұмыстан кетті, тағы біреулері басшылықтың әрқилы қысымынан қашып жүр.
Ереуіл жасап жатқан жұмысшылар түнге қарай көліктерінде бір сәт мызғып алуға мәжбүр. Жаңаөзен, түн,23 наурыз, 2009 жыл


Сонымен қатар, мұнайшылар «Бұрғылау» ЖШС-і 2008 жылдың қазан айының жалақысын биыл ақпан айында төлегендігін, оның өзінде жұмысшылармен толық есептеспегендігін алға тартып отыр.

- Бұрын айлығым 120 мың теңге көлемінде еді. Ал өткен айда бухгалтерия 47 мың теңгені қолыма ұстатты. Өндірістің көлемі күрт қысқарды. Басшылық барлығын апарып дағдарысқа тіреп жатыр, - деді аштық акциясына қатысушы мұнайшы Ербол Тәжединов.

Жұмысшылардың айтуынша, дүйсенбі күні аштық акциясына қатысушылардың денсаулығын қараған дәрігерлер 5 жұмысшыны жағдайының күрт нашарлауына байланысты ауруханаға алып кеткен.

Маңғыстау өңірінде жеке сапарымен жүрген сәтінде «Бұрғылаудағы» жағдайды естіп, Жаңаөзенге арнайы соққан «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярованың айтуынша, ереуілдеген елдің талабына сөз болып отырған серіктестік басшылығы былай тұрсын, жергілікті әкімшілік өкілдері де құлақ аспаған.

- Мыңдаған жұмысшы өз талаптарын қойып жатқан кезде мекеме басшыларының Наурыз тойлаумен оған мән бермеуі - заңсыздық деп есептеймін. Бұдан қалды, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылары, жергілікті әкімшілік өкілдері төтенше жағдай орын алып жатқан кезде халықпен бетпе-бет кездесіп, жұртшылықтың көтеріп жатқан сұрақтарына жауабын беруі керек еді, - деді Маржан Аспандиярова.

Соңғы жарты жылдың көлемінде «Бұрғылау» ЖШС-нің мұнайшыларының қатысуымен наразылық шаралары жиілеп кетті. Мысалы, 2009 жылдың ақпан айында аталған компанияның жұмысшылары айлықтың кешіктірілуіне байланысты аштық акциясын жариялап, жергілікті құқық қорғау органдарына шағымданған.

Тексеру барысында серіктестіктің жалақы бойынша қарызы 130 миллион теңгені құрағандығы анықталды. Артынша-ақ, Жаңаөзен қаласының прокуроры Данияр Үсенов құзырлы органның компанияға қойған талаптары орындалып, 1700 жұмысшының құқығы толық қорғалғандығын хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамы өзінің қарамағындағы бұрғылау және барлау қызметін атқаратын «Бұрғылау» ЖШС-нің 100 пайыз жарғылық капиталын саудаға шығарып, соған қатысты 2007 жылы шілденің 2-і күні өткізілген тендерді «СБП «КазМунайГаз-Бурение» ЖШС-і жеңіп алды.

2009 жылы ақпанның 6-ы күні «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамының жұмыс тапсырысы бойынша байқаудың нәтижесін жариялады, ол бойынша «Өзенмұнайгаз» кенішінің 130 бұрғысын жөндеуге қатысты 1 млрд 81 млн теңгенің ұсынысын «Бұрғылау» ЖШС-і иеленген-ді.
XS
SM
MD
LG