Қыркүйектің 22-і күні Алатау ауданының басшылары мен қоғамдық ұйым мүшелерінен құрылған арнайы комиссия осы аудандағы Шаңырақ ықшамауданы тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімі Бағдат Мәнізоров тұрғындарға кезінде заңсыз сатылған жерлерін мүмкін болғанша заңдастырып беруге уәде айтты. Дегенмен қоғамдық ұйым мүшелері «бұл - биліктің кезекті алдаусырқатуы болуы мүмкін» деп қауіптенеді.
АЛДАНҒАНДАР
Бүгінде екі баланың анасы алматылық Нұргүл Тілеужанова, 2007 жылы күйеуінің көзі тірі кезінде өздерін «Жетісу аудандық әкімдігінің адамдарымыз» деген біреулерден жер телімін сатып алғанын айтады. Алайда, әкімдіктің атын жамылған адамдар алаяқ болып шығып, билік сол кезде Тілеужановтардың енді ғана көтерген шағын баспанасын күреп тастапты. Нұргүл Тілеужанованың айтуынша, осы оқиғадан соң оның күйеуі оңалмапты.
- Жерді бізге алдап сатқан ғой. Жердің сондағы шешіміне «айғақ жоқ» деп жатыр ғой. Бәрімізге сондай шешім беріп кеткен. Үйді салып, енді кіреміз дегенде күреп кетті. Күйеуім содан ауырып, жүрегі тоқтап қайтыс болды. Өзі жүрегі ауырып жүретін. Екі баламен қалдым, қазір пәтерде тұрамын, - дейді Нұргүл Тілеужанова.
Тілеужановтар сияқты алданғандардың қатарында Бұлбұл Дайрабаева да бар. Жер телімін банктен несие алып жеті мың АҚШ долларына сатып алған Бұлбұл әлі күнге дейін сол қарыздан құтыла алмай жүр екен.
УӘДЕ
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Сақ қорғаны және Шаңырақ-5 атанып кеткен бұл ықшамауданда қырыққа жуық жер телімі бар. Оның кейбірінің іргетасы ғана қаланған, қайсыбірі кезінде билік «заңсыз» деп танып қиратып тастаған баспаналардан қалған.
Алатау ауданы әкімдігі мен қоғамдық ұйым мүшелерінен құрылған арнайы комиссия қыркүйектің 22-і күні Шаңырақ тұрғындарыменкездесіп, жағдаймен қанықты. Әкім олардың жағдайын қала басшылығы мен мәслихат депутаттарына жеткізетінін айтты.
- Электр жүйесі тартылмаған, су жоқ, жол салынбаған. Осы жағдайдың бәрін хатта көрсетіп, қалалық әкімшілікке, депутаттарға жолдаймын, олар комиссияда қарайды. Бұрын да күнделікті келіп жүрген жерім. Алайда бүгін халық ұйымдасып, комиссия құрып шақырғаннан кейін мен келіп отырмын. Әкім ретінде тиісті мекемелерге тапсырма бердім. Қанша іргетас қанша жерді алып жатқаны жөнінде қалалық әкімдікке ақпарат береміз, - деді Алатау ауданы әкімі Бағдат Мәнізоров.
Дегенмен әкім іргетастары жаңадан құйылып жатқан жер телімдері заңдастырылмайтынын ескертті. «Өйткені осы сәтті пайдаланып бірнеше жер телімін қарпып қалушылар да бар» деген уәж айтты ол. Мұны қоғамдық ұйым мүшелері де мойындап отыр.
КҮМӘН
Әйткенмен де комиссия құрамындағы кейбір қоғамдық ұйым мүшелері жергілікті биліктің жылы қабағына күмәнмен қарайды.
- Осы жолы мүмкін қоғамның қыспағымен жаңағыдай уәде берген болар. Оның нәтижелі болатынын білмеймін. Өйткені біз билікке көп алдандық. Талай рет кабинеттерден қолымызды шапалақтап шығып, кейін сан соғып қалғанбыз. Әзірше жер комиссиясы «міне берілетін болды» демейінше мен ешкімге сенбеймін, - дейді Алатау аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ризада Жақыпбек.
Бұл пікірге қосылатын «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының басшысы Әмірбек Тоғысов әкім сөзінің нәтижесі енді бір айдан кейін көрінетінін айтады.
ЖЫЛДАРҒА ЖАЛҒАСҚАН ЖЕР ДАУЫ
Қазақстан тарихына «Шаңырақ көтерілісі» деген атпен енген оқиғаларға төрт жылдан асып барады. 2006 жылы шілденің 14-і күні Алматы маңындағы Шаңырақ ықшамауданында «заңсыз» деп танылған үй-жайларды бұзу туралы сот шешімін орындатуға келген полиция күші мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болғаны мәлім.
Қақтығыс кезінде көптеген адамдар жарақат алып, әлдекімдер тірідей өртеген полиция офицері кейін ауруханада көз жұмды. Осы өлімге қатысы бар деген айып бойынша төрт адам сот үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Алайда сол бір атышулы оқиғадан кейін де өз беттерімен жерді басып алып үй салып алу және ондай баспаналарын қирату осы күнге дейін ішінара жалғасып келеді.
Бүгінгі күні билік «заңсыз» деп есептейтін 4523 баспананың үш жарым мыңға жуығы заңдастырылды. Ал қалған жер телімдері санитарлық талаптарға сай келмейтінін алға тартып отыр жергілікті әкімдік.
Шаңырақ-5 ықшамауданында өткен кездесуден түсірілген видео. Алматы, 22 қыркүйек 2010 жыл.