Accessibility links

Жәкішевті сот залынан ауруханаға алып кетті, мәжіліс айыпкерсіз жалғасты


«Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев өзі тұтқында отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. www.time.kz сайтындағы сурет.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев өзі тұтқында отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. www.time.kz сайтындағы сурет.

Сот залында денсаулығы сыр берген «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті ауруханаға алып кетті. Оның адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сот отырысты айыпкерсіз жалғастыра беруді ұйғарған.

Желтоқсанның 23-күні Астананың Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдаулары жалғасты. Бұл күні айыпкердің адвокаты Нұрлан Бейсекеев осы істі судья Нұрлан Жолдасбековтың қарауына өз қарсылығын білдірді.

Жоғары тұрған сот орындары адвокат Н.Бейсекеевтің кеше берген өтінішіне байланысты тиісті қаулы қабылдауы керек болатын.

Осыдан бір күн бұрын адвокат Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевке айып тағылып отырған қылмыстық істі Астанада емес, Алматының сотында қарау туралы өтініш түсірген еді. Оған негіз ретінде адвокат «Қазатомпром» ұлттық компаниясының Алматыда тіркелгендігін алға тартты.

Бірақ, адвокаттың айтуынша, судья Нұрлан Жолдасбеков бүгін шығарған қаулысында алдын ала тыңдауды тәмамдап, негізгі сот
Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
отырысын бастау туралы ұйғарымын жариялаған.

Сондай-ақ сот «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президентінің күзетшісі Талғат Қыстаубаевтың өтінішін қанағаттандырмай тастады. Қыстаубаев «мектепте және университетте қазақ тілінде білім алғандығын» алға тартып, өзінің тергеу ісінің материалдарымен қазақ тілінде танысуға рұқсат сұрап өтініш жасаған болатын.

Бұл орайда адвокат Нұрлан Бейсекеев Қыстаубаевтың «орыс тілін жетік білмейтіндігі» себепті, оған аудармашының көмегі қажет екендігі кешегі алдын ала тыңдау басталған сәттен-ақ сотқа белгілі болғандығына журналистердің назарын аударды.

«Іске байланысты судьяның ұстанымы осындай болғаннан кейін, яғни, біздің берген өтініштеріміздің барлығын қанағаттандырмай кері қағып, сот отырысы қай тілде жүрсе де оның қылмыстық-процессуалдық заң талабына қайшылығын көрмей тұрмын деп мәлімдеуінен соң мен сот ісін бұл судьяның қарауына өзімнің қарсылығымды білдіруге мәжбүр болдым. Бұл сотқа лайық қылық емес, сот мұндай қателік-кемшіліктерді болмашы нәрсе деп қарамауы тиіс», – деді адвокат Нұрлан Бейсекеев.

Ол, сондай-ақ Мұхтар Жәкішевтің денсаулық жағдайын соттың ескергендігін атап өтті. «Сот залында дәрігердің болуын соттың өзі қамтамасыз еткенін мен бірінші рет көріп отырмын. Ол туралы заңда қарастырылса да бұған дейін іс жүзінде болған емес. Бүгінгі жайттың өзі көп нәрсені аңғартады», – деді ол.
Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева, қыркүйек, 2009 жыл.
Айыпкердің әйелі Жәмила Жәкішева мен адвокат Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевтің денсаулық жағдайына қауіп төніп тұрғанын айтып, оны дереу ауруханаға жатқызуды сұрап бұған дейін бірнеше рет мәлімдемелер жасаған болатын.

Сәрсенбі күні сот отырысындағы үзіліс кезінде журналистерге шыққан адвокат Бейсекеевтің сұхбатынан соң бірнеше минут өтісімен, сот залында денсаулығы нашарлап қалған Мұхтар Жәкішевке жедел жәрдем шақырылды.

«Оның қан қысымы көтеріліп кетті. Дәл қазір оған жедел жәрдем шақырылды», – деді кейінірек адвокат. Ол сондай-ақ, сот отырысты айыпкердің қатысуынсыз жалғастыра беруді ұйғарғанын хабарлады.

Кеше, желтоқсанның 22-күні алдын ала сот тыңдауы басталардан бұрын Мұхтар Жәкішевтің қан қысымын өлшеген кезде 185/125 екендігі анықталды, деді адвокат.

Азаттық радиосына Жәмила Жәкішева желтоқсанның 23-күні сот залында денсаулығы күрт нашарлап кеткен жұбайына шақырылған жедел жәрдем оны Астанадағы №1 қалалық ауруханаға алып кеткенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG