Accessibility links

Кәмелетке жетпеген үш баланы анасымен қоса өлтірді деп айыпталған Олег Евлоевқа қарсы сот басталды


Аса ауыр қылмыстық іс бойынша айыпталушылар: Дмитрий Тян (сол жақта) және Олег Евлоев. Астана, 31 наурыз 2009 ж.
Аса ауыр қылмыстық іс бойынша айыпталушылар: Дмитрий Тян (сол жақта) және Олег Евлоев. Астана, 31 наурыз 2009 ж.

Күдікті Олег Евлоевқа астаналық кәсіпкердің үш бірдей баласы мен әйелін бауыздап өлтірді деген айып тағылып отыр. Наурыздың 31-і күні Астанада басталған сот тыңдауы алқа билердің қатысуымен өтеді. Жәбірленуші тараптың сотты жабық есік жағдайында өткізуді сұраған өтінішіне қарамастан судья Тілеухан Нұғманов процестің ашық болатынын жария етті.

Атышулы ауыр қылмыстық іске қатысты Астана қалалық сотында басталған сот процесіне алқа билерді іріктеу үшін 60 адамнан таңдап алынған 35 адам келді. Сот залында 35 адамның ішінен іске бастан аяқ қатысып, тұжырымын шығаратын 11 адам таңдап алынды. Олардың көбі жұмыстарына байланысты, кішкентай балалары бар екендіктерін айтып өз еріктерімен бас тартты.

Алқа билер рөлін атқаратын қарапайым азаматтардың көбі университетте не болмаса мектепте оқытушы екен. Алқа билерге қойылатын талаптар бойынша, олардың құқық қорғау саласына еш қатысы болмауы керек. Сонымен бірге, олардың жеке қауіпсіздігі үшін бейнекамерға түсуге, ақпарат құралдарына сұхбат берулеріне болмайды. Алқа билерге мемлекет тарапынан күніне 6 мың теңгеге жуық енбекақы төленеді. Яғни, судья Тілеухан Нұғмановтың айтуынша, олардың жалақысы Астана қалалық судьяларының бір айлық енбек ақысының жартысынан аспауы қажет.

Жәбірленуші Мұрат Есемсейітов (сол жақта) пен оның қорғаушысы Владимир Церенко. Астана, 31 наурыз 2009 ж.
Ал сот процесі басталар алдында жәбірленуші Мұрат Есемсейітовтің қорғаушылары Сәлімжан Мусин мен Владимир Церенко Есемсейітовтің жеке өмірінің қауіпсіздігі үшін сот тыңдауын бастан аяқ жабық есік жағдайында өткізуді сұрады. Адвокат Владимир Церенко кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тергеу ісі барысындағы құпия мәліметтерді де жариялап жібергенін алға тартып, бұл қайғы жұтқан жәбірленуші Есемсейітовке моральдық тұрғыдан ауыр соққанын жеткізді.

«Оның үстіне Есемсейтіов сот ісі жеке отбасына ғана қатысты екенін айтады, оның қоғамға жария болғанын қаламайды», – деді адвокат Церенко. Мұны мемлекеттік айыптаушылар да құптады.

Алайда, айыпталушы тараптың қорғаушылары сот ісінің қоғамға ашық болуын қалайтындықтарын жеткізді. Қылмыстық іске қатысы бар деген тағы бір күдікті Дмитрий Тянның адвокаты Қайрат Құспеков Қылмыстық кодекске сәйкес жабық есік жағдайында тек кәмелетке жасы толмағандарын ісін не болмаса азаматтың жеке өміріне байланысты болған кезде ғана өтетіндігін айтып, сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуын сұрады.

Сот отырысына төрағалық етуші судья Тілеухан Нұғманов тараптардың сөздерінен кейін, жәбірленуші жақтың өтініштерін қабылдамады. Ол процесті жабық жағдайда өткізуге еш негіз жоқ деген өз байламын жеткізді.

«Тек адамның жеке өміріне қатысты құпия болады деген жағдайда ғана, БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып отырамыз», - деді судья.

Астана қаласындағы Шұбар шағын ауданында 2008 жылдың 21-ші қазанында шетелге іссапарға кеткен жергілікті кәсіпкердің отбасындағы 28 жастағы әйелі мен 10, 7 және 3 жастағы үш баласын әлдекім асқан қатыгездікпен бауыздап өлтіріп кетті. Кәсіпкердің «Тойота Камри 40» маркалы автокөлігін және жалпы сомасы 500 мың теңге (сол кездегі бағаммен 4 мың АҚШ доллары) болатын алтын мен ақшаны алып кеткені анықталған. Ұрланған автокөлік бір жарым тәуліктен кейін Астанадағы көшелердің бірінен табылды.

Іле-шала негізгі күдікті ретінде Астана қаласының 28 жастағы тұрғыны Олег Евлоевтың есімі аталды. Қазақстан полициясы қалың елге жар салып, іздеу жариялағанына қарамастан Олег Евлоев ұшаққа мініп Қазақстаннан Ресейге бой тасалап үлгергені кейіннен мәлім болды.

Қазақстан тарапынан халықаралық іздеу жарияланған күдікті қазанның 29-ы күні Ингушетия жерінде ұсталып, сол күні көршілес Шешенстан астанасы Грозныйдағы тергеу абақтысына жеткізіліп қамалды. Олег Евлоевты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі бір айдан астам уақытқа созылды. Ресей, Шешенстан құқық орындарының көмегімен ол былтыр желтоқсанның 9-ында Қазақстанға жеткізілді. Заң орындарының ақпараты бойынша, Евлоев бұған дейін есірткі қылмысына қатысты Қазақстанда жауапқа тартылған.

Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген жантүршігерлік оқиғаға байланысты парламент депутаттары қылмыскерге өлім жазасы берілуін талап еткен еді. Алайда, Қазақстанда 2004 жылғы қаңтардың 1-інен бастап өлім жазасына мораторий жарияланған.
XS
SM
MD
LG