Accessibility links

Алпыс төртінші көктеміне ұмтылған жұп еді...


Советтік Қазақстанның Министрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Бәйкен Әшімовтың ұрпақтары. Алматы, 6 наурыз 2010 жыл.
Советтік Қазақстанның Министрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Бәйкен Әшімовтың ұрпақтары. Алматы, 6 наурыз 2010 жыл.

Совет дәуірінде Қазақстан Министрлер кеңесіңің төрағасы болып 14 жылдай қызмет еткен Бәйкен Әшімов биыл Алматыда 93 жасында дүние салды. 64 жыл жұптасып бақытты өмір кешкен жары Бақыт Әсетқызынан кейін 20 күнге жетпей өзі де о дүниелік болған марқұмның қырқы берілер қарсаңда ұрпақтарымен жүздесіп, әңгімелесіп қайтқан едік.


ЕГІЗ ҚОЗЫДАЙ ЖҰПТАСҚАН

Бөлмеде бірден айнала ілінген отбасылық суреттер көзге шалынады. Көбісінде Бәйкең жұбайы Бақыт Әсетқызымен бейнеленген. Қол ұстасып, қолтықтасып, бір-біріне мейірлене қарап түскен суреттерінен-ақ ол кісілердің айрықша бақытты өмір сүргендері аңғарылып тұр.

Араларына 19 күндей уақыт аралатып, бірінен кейін бірі дүниеден өтіп кеткен ол кісілердің отбасылық өмірі расында да терең үйлесімге негізделген екен.

Бәйкен Әшімұлының үлкен қызы Нэйлюфар айтады:

Бәйкен Әшімовтің тұңғыш перзенті Нэйлюфар. Алматы, 6 наурыз, 2010 жыл.
– Сіз білесіз бе, әкемнің кісілік қасиеттерін әңгіме еткенде анам жайлы айтпай кету мүмкін емес сияқты. Себебі, осылай деп әкем айтып отыратын еді. «Барлық жетістіктеріміз – аналарыңның арқасында жүзеге асуда. Ол кісі – менің жарым, досым, мұңдасым, тірегім де. Мамаларың – мықты адам» деуші еді ол кісі.

Кейде әкемізге арнайы ілтипат көрсетіп, жағдай жасайық десек, ол кісі:

«Маған әуре болмаңдар. Аналарыңа қараңдар, көмектесіңдер» деп отыратын еді. Әкемнің қызметтен қолы тие бермейтін. Сондықтан бізге берілген тәрбиенің басым бөлігі үшін анамызға қарыздармыз.

Ол кісі жиі-жиі қонақ күтетін. Әр нәрсені бабымен жасаушы еді. Ондай өнерді бізге де үйрететін. Дастарқан ұстау, достармен араласу, үй жиһаздарын сәнді етіп жинау... шешемнің сүйікті істері болатын, – дейді Нэйлюфар.

Расында шаңырақтағы әрбір заттан отанасының ұқыпты, қазақы мінезді жан болғаны аңғарылатындай. Кабинеттің қос қабырғасы сірескен кітап сөрелері екен.

Тұңғыш қызы Нэйлюфар мен тұңғыш немере Лаураның айтуынша Бақыт апай балалары мен немерелеріне кітапқа деген құмарлықты бала кездерінен сіңірсе керек. «Кітаптан алатын білімге басқа ешқандай таным бұлағы жете алмайды» дейді екен ол кісі.

Мамандығы бойынша математик болғандығына қарамастан Бақыт Әсетқызы қазақ және әлемдік әдебиеттерді жақсы білген көрінеді.

Нэйлюфарды тыңдап көрсек:

– Әкеміз зейнет демалысына шыққаннан кейін екеуінің сыйластығы бұрынғыдан да арта түсті. Бәріміз бірге отырып, мамам ғана басқа бөлмеде жүрсе, әкеміз: «Балам қайда, балам?» – дейді. «Балаларыңыз біз емеспіз бе?» деп сұрасақ: «Жоқ, менің балам – шешелерің» дейді.
Бәйкен Әшімовтің тұңғыш немересі Лаура ата-әже портреті жанында, Алматы, 24 ақпан 2010 жыл.
Сөйтеді де шешем қай бөлмеге барса, әкеміз соңынан қалмай, еріп жүретін.

Анамыз бір орындыққа отыруға бет алса, әуелі әкем барып, жылы жапқыш жауып жатады. «Жаурап қалмашы» деп бәйек болып, үстін қымтап жүретін. Екеуі егіз қозыдай еді.

Екеуі диванға жайғаса отырып, жастық шақтарында бастан кешкен оқиғаларын еске алысатын. Әңгімелері таусылмаушы еді.

Өзара бірлесе жүріп, жуылған кірлерді екеуінің жайғанын көрсеңіз ғой... Ақ жайманың екі ұшын әкеме ұстатып, қалған екі ұшын анам өзі ұстап, ал кеп сілкиді дерсіз екеуі. Ол қылықтары өздеріне жарасып-ақ тұратын.

Өткен жылы күзде анамыз ауруханаға түскен кезде әкем де реанимацияға көрші бөлімге жатқан болатын. Ондағы мақсаты – қалаған кезінде аяулы жарының қасында болу. Шынын айтқанда, әкем өз басы осы ұзақ өмірінде бірде-бір рет ауырып, ауруханаға жатып көрмеген екен.

Неше түрлі түтікшелер астында жатқан жан жарының қолын әкеміз сағаттар бойы ұстап отыруға пейіл болды.

– «Бақытым, әлі тәуір боп кетесің, үйге бірге қайтамыз» деген үмітті сөздерін сағат сайын қайталайтын. Тіпті болмаған соң әкемізді үйге өзіміз шығарып алдық.

Анамыздың көз жұмғанына 19 күндей өткен кезде, жүрек қабынуынан әкеміз де о дүниеге аттанып кетті.

Тіршілігінде жұрттың мазасын орынсыз алмауға тырысатын әкеміз өмірден де осылайша момақан, тыныш күйінде өтіп кетті.

Бұл кісілер қайтпас сапарларына аттанғалы бері, менің ойыма әкемнің өз 85 жылдығында, опера театрындағы салтанатты жиынға жиналғандарға айтқан сөзі орала береді.

– «Жүз жасаңыз!» – деп жатырсыздар. Жақсы жас. Талас жоқ. Түсінемін. Бірақ мұндай ұсыныспен, егер сол кезде менің қасымда, жан жарым Бақыт Әсетқызы болатын болса ғана келісемін, – деген еді әкем анам жаққа қарай бұрылып. Анам айтатын: «Бізді ғарыш қосты» деп. (Бәлкім, «Тәңір қосты» дегісі келді ме екен?! – Н.Ү.)

Нэйлюфардың айтуынша, Бақыт апайдың нағашы атасы Нұрғали өз аймағына аса сыйлы хазыреті болған көрінеді. Анасы Фатима да медресе бітірген, бес уақыт намазын тастамаған, діндар кісі болған екен.

Ал Бақыт Әсетқызы болса, дінге қатаң тыйым салынған Совет үкіметінің өзінде өз білгенінше Аллаға сыйынып жүрген көрінеді. Елінің, отбасының, балаларының амандығын тілеген екен.

Ол кісі өмірлік серігінен 9 жас кіші болыпты. Соғысқа аттанарда «Күт мені» деп кеткен Бәйкен Әшімұлы оқ пен оттың арасынан аман оралып, екеуі 1946 жылдың 2 тамызында шаңырақ көтерген екен.

ӨМІРІМЕН ҮЛГІ БОЛҒАН АТА-АНА

Бәйкен Әшімұлы мен Бақыт Әсетқызы үш перзент тәрбиелеп өсірген ата - ана.

Үлкендері Нэйлюфар – ғылым кандидаты, мамандығы бойынша инженер –экономист. Ұлы Оңдасын – техника ғылымдарының докторы, академик, Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры. Кенже қызы Рауза анасының жолын қуып, математиканы таңдады. Ғылым кандидаты.

Олардың әрқайсысынан екі немереден сүйген Бәйкен Әшімұлы мен Бақыт Әсетқызы мейірімді ата-әже де бола білген.

Нэйлюфардың айтуынша, әкелері оларды құрғақ ақыл айтып емес, өмірдегі жеке үлгі-өнегесімен тәрбиелеген көрінеді.

– Өзі туралы мақтана әңгіме айтқанын естіген емеспін. «Өздеріңді өздерің мақтамаңдар» деп отырушы еді ол кісі. Былайша айтқанда, адал өмір сүру принципін бойымызға бала кезден екті десек болады.

Тәуелсіздік жылдары жекешелендіру үдерісі басталды ғой. Біреулер оны «прихватизация» деп те атап жүр. Содан бастап, әкемді айналдырушылар көп болды. Ел шаруашылығының кез-келген саласына әкем өтінішпен барса, қолын қайтармайтындарын ол адамдар жақсы білді. Алайда әкем ондай ұсыныстарға, өмірінің соңына дейін, табанды түрде қарсыласып өтті. Бізге де: «Таза жүріңдер» деп отыратын.

Үш кітабының бірін: «Ел сенімі – ең қымбаты» деп атауы да тегіннен-тегін емес еді. Балаларына үнемі адал еңбекті насихаттап отыратын.

Ол кісінің бізге деген әкелік махаббаты анама деген биік сезімінен бастау алып жатты ғой деймін. «Не нәрсені болсын аналарыңмен ақылдасып отырыңдар» деуші еді, жарықтық.

Студент кезімде әкемнің майдандас досы, ленинградтық азамат Крапивин Михаил Алексеевичтің үйінде қонақта болғанмын. Досы маған сонда: «Сенің әкеңнің өмірде талай биіктерге шығатынын, 24 жасында майданға бізбен бірге кірген, сол соғыс жылдары-ақ болжаған едік. Үмітіміз ақталды» - деген еді. Мақтаныштан төбем көкке екі елі ғана жетпей қалғандай болған еді,- деп ағынан жарылды үлкен қызы Нэйлюфар.

НЕМЕРЕЛЕРІНЕ ДЕМОКРАТ АТА

Шыр етіп дүниеге келгенінен бастап атасы мен әжесінің бауырында өскен тұңғыш немересі Лаураның айтуынша, ол кісілерді туған әке-шешесінен де артық көрген екен. Сол үйдің құдды кенже баласындай боп өсті.

Бәйкен атасы жұмыстан шаршап келген кезінде Лаура алдынан жүгіріп шығатын. Немересін бауырына басып, терең тыныс алады екен сонда атасы.

– Атамның демократ кісі болғаны сонша, ол кісімен кез-келген тақырыпта пікірлесе беруші едім. Маған сөз салып жүрген жігіттер туралы да айтатынмын. «Жігіт таңдағанда оның байлығына қарама, адамгершілігіне назар аудар. Байлық деген кейін өзі-ақ келеді» дейтін еді атам.

Ол кісінің өзіне ғана тән еркелету, жұбату сөздері болатын. Мысалы, көңіл-күйім болмай тұрса, «Еңсеңді түсірме!» дейтін. Ал еркелеткенінде: «Менің форточкам» деуші еді. Ондағы айтпағы – «менің тынысымды кеңейтіп, қуаныш сыйлайтын немерем» дегені болар. Атам сондай, өте қарапайым, мейірімді әрі дана кісі еді, – дейді Лаура.

Бір қызығы Лаурадан басқа, Ләйла, Айгерім, Әділ, Алуа, Азат атты немерелерінің қай-қайсысы да өздерін атасы мен әжесінің «ең сүйікті және қайталанбайтын қасиеттерге ие немересімін» деп сезінеді екен. Әрине мұндай сезімдердің түп-тамыры ата-әженің даналыққа толы «дипломатиясында» жатқаны сөзсіз ғой.

Ол кісілер шөберелері Сейлин мен Дәрияны да талай-талай әлдилеп, тербеткен екен.

* * *

Бәйкен Әшімұлының жұмыс үстелінде ең соңғы жазып қалдырған бір парақ қағазы жатыр. «93 жастағы батагөй қарт не жазды екен?» - деп қағазға үңілеміз. Тағы да жан жары жайлы.

Аудармасы шамамен былай болатындай: «1946-1950 жылдары Айыртау ауданының орталығы Володарское ауылында тұрдық. Ол жақта қыс аязды болатын. Бақыт жаным үйден мектепке және кері қарай жадағай пальто киіп, жүгіріп жүруші еді. (Соғыстан кейінгі жылдары кедей тұрдық.) Құшағында тексеруге арналған дәптерлері болушы еді», – деп жазылған екен.

Мынау жалған дүниедегі ең соңғы жазған жазуы... Ақын-жазушылар жабыла сипаттауға тырысып жататын ерлі-зайыптылардың шынайы махаббаты осы шығар, бәлкім?!
XS
SM
MD
LG