Accessibility links

Американдық кәсіпкер Қазақстанда құны 30 миллиард долларлық қала тұрғызбақшы


Алматыдағы жасырын казинолардың бірі.(ІІД баспасөз-қызметі түсірген сурет) Алматы, наурыз, 2009
Алматыдағы жасырын казинолардың бірі.(ІІД баспасөз-қызметі түсірген сурет) Алматы, наурыз, 2009

Девелопер Марк Адвент өзінің Қазақстанда құны 30 миллиард долларлық қала түріндегі ойын-сауық орталығын салмақ ойы бар екенін жария етті. Қала Алматының солтүстігіне қарай жатқан аумақта бой көтермек.

ҚАЗАҚСТАНДА ЛАС-ВЕГАСТЫҢ КӨШІРМЕСІ САЛЫНУЫ МҮМКІН

Құрылыс пен көңіл көтеру саласында бизнеспен айналысатын американдық кәсіпкер - девелопер Марк Адвент Қазақстанның оңтүстік-шығысында Лас-Вегастың көшірмесін салмақ деп хабарлайды «Le Monde» газеті. Дүйсенбі, қазан айының 12 жұлдызында жасалған бизнесменнің өзінің мәлімдеуіне қарағанда, жобаны іс жүзіне асыруға 10 жыл кетпек. Жобаның жалпы құны 25-30 миллиард доллар (немесе 17 мен 20 миллиард еуро) маңында болады делініп отыр.

«Біз онда бүкіл дүние жүзінен туристердің келуі үшін барлық жағдай туғызбақпыз. Туристер Үндістан, Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия мен Еуропадан да келмек деген ойдамыз», - деп түсінік береді демалыс пен ойын-сауық саласында қызмет көрсетумен айналысатын Oz companies тобының бас директоры аталған жобаға қатысты.

Жобаның бірінші сатыдағы жұмыстары «2009 жылдың соңғы тоқсанында басталуы тиіс. Олардың жалпы құны 250 миллион долларға (170 миллион еуроға) тең болмақ» деген Марк Адвенттің сөзін келтірген басылым. Бұл жұмыс барысында қол жеткізілер басты мақсат Алматыдан солтүстікке қарай жатқан аймақта Fraport компаниясының қатысуымен әуежай салу болмақшы. Бүгінгі таңда Fraport Франкфурт қаласының әуежайын басқару міндетін атқарып отыр. «2011 жыл соңына таман» ашылады деп жоспарланған әуежай әуелі жылына 5 миллион жолаушыны қабылдаса, он жылдан соң «жылына шамамен 25 миллион жолаушыны қабылдайды» деп мәлімдейді Марк Адвент.

Оның сөзін Fraport жобасының директоры: «Біз Oz – бен олардың бұл жобаны іс жүзіне асыруы үшін ноу-хау беруі мен әуежайды басқаруға қатысты атқарылатын жұмысы жайлы келіссөздер жүргізудеміз. Алайда біз бұған қаражат салмақ емеспіз. Біз таяу арада келісімшартқа қол қоямыз деп отырмыз», - деген сөзімен растап берген.

Марк Адвенттің айтуынша, Оз деген ат қойылып, ойын-сауық пен көңіл көтеру бизнесінің болашақтағы жұмағына айналғалы отырған бұл қалаға «жыл сайын 15 - 20 миллион қонақ келетін болады». Ал оны «мөлшермен 800 мың тұрғын» мекендемек. Яғни қала қу тақыр, медиен далада он жыл ішінде сәулет түзеп, қанат жайып үлгірген елдің жас астанасы Астана кенті тәрізді тез бой көтереді деп атап көрсетеді Адвент.

Инвестордың пікірінше, бұл кешен бүгінде бос жатқан далалы аймақтың 11 жарым мың гектар аумағында салынбақшы. Ол елдің бұрынғы астанасы Алматыдан 70 километр солтүстікке қарай орналасады деп жобаланып отыр. Озда 25 казино, 42 мың ұйықтайтын бөлмесі бар қонақ үйлер, 300 мыңдай тұрғын үй мен мыңға тарта мейрамхана тұрғызылады деп түсіндіреді газет. Жобаны іс жүзіне асыру жөніндегі келісімге Қазақстан үкіметі 2008 жылдың шілдесінде қол қойып та үлгіріпті.

2007 жылы республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев «елдегі барлық казиноны жапты» да, ойын-сауық үшін деп бөлінген арнайы аймақтарда ғана осы бизнеспен айналысатын компаниялардың рұқсат қағазын күшінде қалдырған еді деп жазады «Монд». Оздың орналасар жері осындай аймақтар қатарына жатады. «Жобаны іс жүзіне асыруға он жыл кетеді», - деп мәлімдепті Қазақстанның туризм министрі. Алайда министр жұмыстың қашан басталары туралы ештеңе айтпаған. Оның ойынша,- дейді «Монд»,- жобаның «техникалық-экономикалық негіздемесін жасау жұмысы осы жылдың соңына дейін бітіп те қалуы тиіс».

Енді қаланың атына тоқтала кетсек. Жалпы «Оз» термині өлшем бірлігі унцияны белгілеу үшін қолданылады. Халықаралық саудада ол алтынның салмағын өлшеу мақсатында пайдаланылып келе жатыр.


ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ДАМУШЫ ЕЛДЕРДІҢ ӨСУ ЖЫЛДАМДЫҒЫНДАҒЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚ АРТА ТҮСПЕКШІ

«Нью-Йорк таймс» басылымы таяуға дейін «дамушы нарықтар» аталатын экономикаларға қаражат салумен айналысатын инвестициялық үлес пұл қорларының өз іс - әрекетінде шикізат тауарларына қаржы салуды артық көретін инвестқорлар сияқты жұмыс істегенін жазады. Алайда, осы жылдың үшінші тоқсанында «дамушы нарықтарға» қаражат салумен айналысатын инвестқорлардың пайдасы тез өсуімен ерекшеленген. Аталған көрсеткіш бойынша бұл қорлар шикізат ресурстары қорлары (минералдық ресурсты өндірумен айналысатын компаниялардың акцияларын алып – сатады) мен шикізат инвестқорларын (фьючерстік контрактілерді алып – сатумен айналысады) шаң қаптырып кетті дейді «Нью-Йорк таймс».

T. Rowe Price инвестициялық қорының менеджері Гонзало Пангаро келешекте дамыған және дамушы елдер арасындағы өсу шапшаңдығы бойынша айырмашылық арта түсетінін айтып отыр. The Van Eck Emerging Markets инвестициялық қоры бүкіл дүние жүзі бойынша өзінің қаржысын табысты әрі сенімді кәсіпорындарға сәтті түрде салып келе жатқан инвестициялық компанияның бірі боп саналады.

Өзі салған инвестицияның көлемі бойынша бұл қордың иелігіндегі портфелдер ішінде екінші орынды алып отырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» фирмасының акциялары екен деп жазады «Нью-Йорк таймс». Аталған қордың акциялар портфелдерін басқару ісі бойынша менеджері Дэвид Сэмплдің сөзіне қарағанда, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы сенімді активтерге ие әрі оның банктегі қолма-қол ақшасы да жеткілікті» болып табылады.

Дегенмен, Сэмпл қазақстандық бұл компанияның қордың назарын өзіне тартқан басты қасиеті оның Қазақстан үкіметімен қарым – қатынасы болғандығын атап өткен. Энергетикалық ресурстарға өте бай бұл орталықазиялық мемлекет үкіметі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясына ел аумағында мұнай мен газ өндіру құқысын жеңілдікпен беріп отыр деген қорытынды жасайды газет.

Дағдарыстан бұрын ТМД аумағында Қазақстан «дамушы нарықтар» категориясына енетін елдер ішінде даму қарқыны бойынша ең алдыңғы орынды иемденіп келді. ТМД мемлекеттері ішіндегі экономикасының көлемі бойынша ең ірісі Ресейді Қазақстан даму қарқыны көрсеткіші бойынша үздіксіз түрде артқа тастап, шаңға көміп отырған болатын.

Келешекте де бұл айырмашылық осылай сақталып қалатын тәрізді. Мұндай ахуал Қазақстандағы көңіл көтеру мен туризм саласындағы кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
XS
SM
MD
LG