ХАНЗАДАҒА 3 МИЛЛИОН ФУНТТЫ АРТЫҒЫМЕН ТӨЛЕГЕН
Британияда шығатын «Дейли мейл» газетінде шілденің 26-сы күні жарияланған мақалада, Рахат Әлиев өзінің «Өкіл қайын ата» кітабында, Беркшир графтығында тұрған «Саннингхилл Парк» ранчосын 15 миллион фунтқа сатып алғандардың артында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр деп жазғаны айтылады. Бұл сауда-саттықтағы және бір ерекшелік – қазақтар әлгі үйді сатып алу үшін 3 миллион фунтты артық төлеген.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған үйді нарықтық бағасынан 3 миллион фунтқа артығымен сатып алып, ханзада Эндрюді өз жағына тартып, екінші Елизавета ханшайымның ұлы арқылы өз мүддесін итермелеуді көздеген дейді аутор.
Әңгімеге арқау болған бұл үйді ағылшын патшайымы екінші Елизавета 1986 жылы өзінің ұлы ханзада Эндрю мен Сара Фергьюсон үйленгенде, осы жас отбасына көрімдік – отау ретінде сыйлапты. Газет Рахат Әлиевтің сөзіне сілтеме жасап, бұл сарайды сатып алуының астарында ханзаданы үзеңгілес серік ету мақсаты жатқанын, ал Эндрю болса соңғы жылдары Қазақстанға жиі барғыштауды әдетке айналдырғанын жазады.
Он екі жатын бөлмесі бар осы даңғарадай кең сарай 2007 жылы сатылып кеткелі бері талай пыш-пыш әңгіме тарап, мұны кімнің сатып алғанын жұрт білгісі келген еді. Содан бері әлі ешкім көшіп келмей, қаңырап бос тұрған бұл үй, иесіз, иен жатқан соң, өз-өзінен тозып, қабырғасының шеті омырылып бара жатқан сыңайы бар.
Бірақ, «Өкіл қайын ата» кітабының ауторы Рахат Әлиевтің сөзіне қарағанда, ранчоны ханзададан Нұсұлтан Назарбаевтың өзі сатып алған көрінеді деп жазады «Дейли мейл». Қазақстанда тыйым салынған кітапта жемқорлық, қылмыстар мен сайлау кезіндегі алаяқтық жөнінде көптеген дерек келтірілген. Бұлардың бәрі үшін кінәні батыс мемлекеттерінің басшылары халықаралық лаңкестікпен күресуде таңдаулы одақтастың бірі деп қарайтын Нұрсұлтан Назарбаевқа тағады кітап ауторы.
Сондай-ақ батыс елдерінің жетекшілері Қазақстанның бай қазба байлығын игеру құқына қол жеткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасты тереңдете түсуге ынталы деп түсіндіреді басылым.
Кезінде Назарбаевтың «елді уысында ұстаған» жақын адамы ретінде атышулы болған Рахат Әлиев, бұрынғы қайын атасымен келіспей қалған соң оны жер-жебіріне жетіп сынап-мінеген кітап жазып шығарды.
Оның кітабындағы «Сайлауды ұрлап алған адам» деп аталатын тараудың «Президенттің жалдамалы достары» деген бөлімінде берілген тізімде ханзада Эндрюдің есімі де аталады. Аутордың айтуынша, 2006 жылы шілде айында «өкіл қайын ата» жоғары мәртебелі Йорк герцогы, ханзада Эндрюді құрақ ұшып, құшақ жайып қарсы алғанын баяндайды. Осыдан кейін сәл уақыт өте салысымен, жоғарыда аталған вилланың бағасынан 3 миллион фунт артық ақшаға сатылғаны жайлы ақпарат тараған-ды.
Осы жайтқа байланысты газет Рахат Әлиевтің кітабынан, оның бұрынғы қайын атасы әлгіндей сауда-саттық арқылы, ханзада Эндрюді «Қазақмыс» тау-кен компаниясының мүддесін қорғайтын өзінің лоббиіне айналдырып жібермек болды деген сөзінен үзінді келтіреді.
«Қазақмыс» компаниясының акциялары «Файненшл Таймс» 100 биржалық индексінің» тізіміне енеді. Бұл тізім «Файненшл Таймс» басылымы жариялап отыратын алдыңғы қатарлы 100 компания акцияларының бағамы негізінде жасалған Лондон қор биржасының индексі болып табылады, ол биржадағы нарықтың даму барысын неғұрлым дәл сипаттайды.
Мыс өндіретін «Қазақмыс» компаниясы былтыр 5 миллиард доллар көлемінде таза пайда тапты. Рахат Әлиевтің кітабында осы компания мүлкінің қанша мөлшерін Қазақстан президенті мен оның отбасы бақылап отырғаны жөнінде дерек келтірілген.
ХАНЗАДАНЫҢ ҚАНАТЫ АСТЫНДА
Рахат Әлиев өзінің «Дейли мейл» газетіне шілденің 26 жұлдызында берген сұхбатында былай дейді:
«Ханзада Эндрюді жалдаған жоқ. Алайда, нақты ахуалға байланысты, егер мысалы, бірдеңені жөндеп жіберу қажет болса не бір мәлімет алу керек болса, не Британиядағы президенттің түрлі істерін реттеу қажеттігі туса, ханзадаға бірдеңені «жасай салшы» немесе «түсіндіре салшы» не «біле салшы» деп қолқа салуға болар еді».
«Қазақмыс» фирмасының мүддесін Эндрюдің қорғаған - қорғамағаны жайлы әлі ештеңе белгісіз. Дегенмен, оның Қазақстанмен байланыстары аяқ астынан нығайып, ол Назарбаевпен жиі жүздесетін болған. 2003 жылдан бері ол Қазақстанға бес рет ресми сапар жасап үлгерді деп жазады басылым. Газет редакциясы өткен сенбі, шілденің 25-і күні Назарбаевтың ресми өкілінің телефонына қоңырау шалғанымен, онымен тілдесудің сәті түспегенін жазыпты.
Букингем сарайының – Лондондағы ағылшын королінің бас резиденциясының – ресми өкілі шілденің 25-інде былай деп мәлімдеген:
«Ханзада Қазақстанға қатысты істерді Англияның Сыртқы істер министрлігінің өтініші бойынша атқарады әрі бұл оның Британияның сауда және инвестиция бойынша ресми өкілі ретіндегі міндеттерінің бір бөлігі болып саналады. Бұған оның Қазақстан президентімен қарым-қатынасы және оның аталған елдегі достық қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі іс-әрекеті де енеді. Мұнайдың бай қоры мен оны өндіруге қатысты өнеркәсіпті дамытып отырғандықтан, Қазақстан сауда саласында Британия үшін аса маңызды мемлекет болып табылады».
Газетке берген сұхбатында король сарайының ресми өкілі ханзаданың Қазақстанда ресми түрде бірнеше мәрте болғанын айтқан. Ал ханзаданың жеке мақсаттағы сапарлары жайлы мәлімет беруге өзінің өкілетті еместігін алға тартып, түсініктеме бермеген.
«Саннингхилл Парк» үй-жайының сатылып кетуіне байланысты Букингем сарайының ресми өкілі: «Бұл мүлікті сату барысында ешқандай бұрмалау (заң талаптарына қатысты – Азаттық) болған жоқ» деп жауап берген.
Бұдан бөлек газет Британия салық төлеушілерінің ақшасын ханзада Эндрюдің қалайша оңды-солды жұмсағанын жазады. Ол әртүрлі жиын-кеңестерге, соның ішінде Кент графтығындағы өзінің сүйікті ойыны – гольф алаңына бару үшін мемлекет қазынасынан 2000 фунт, 900 фунт және тағы 2000 фунт, т.б. көлемдегі қаржыны шашқан. Ханзада бұл сапарларға шыққанда ел бюджеті есебінен қаржыландырылатын әуе көлігін пайдаланған екен. Бір сапарында ол автокөлікпен 28 минутта баруға болатын жерге тікұшаққа отырып, 20 минутта ұшып барғанын да жазыпты газет.
Букингем сарайының ресми өкілі болса, бұған қатысты «Дейли мейл» басылымының сауалына жауап бере келіп, аталған жайттарда ханзада Британия үкіметінің ресми өкілі ретінде халықаралық жиындарға қатысты деп Эндрюді қорғамақ болыпты.
Британия парламентінің депутаты, либерал-демократтар партиясының мүшесі Норман Бейкер бұны естігеннен кейін, ханзада Эндрюді «салық төлеушілерді мүлде қорлап отыр» деп айыптағанын жазады британдық «Дейли мейл» газеті.