Accessibility links

Даулы «Келін» фильмі үлкен экранға жол тартты


«Келін» көркем фильмінен көрініс. Режиссері - Ермек Тұрсынов.
«Келін» көркем фильмінен көрініс. Режиссері - Ермек Тұрсынов.

Қазақстанда көрерменіне жетпестен бұрын басы дауға қалған режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» кинокартинасы маусымның 26-сынан бастап елдің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады. Ерекшелігі - фильмде ешқандай сөз, кейіпкерлердің диалогтары жоқ.

«КЕЛІННІҢ» ТАРИХЫ

«Келіннің» тарихы әріден басталады екен. 2006 жылдың 27 нші ақпанында www.kinokultura.com сайтында жарық көрген қырғыз режиссері, сценарисі, актері Ақтан Арым Құбаттың сұхбатында былай деген екен:

Ермек Тұрсынов, «Келін» көркем фильмінің режиссері. Алматы, маусым 2009 жыл.
«Фильмнің негізгі оқиғасы біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларында болады. Бұл ислам дәуіріне дейінгі кезең. Кез-келген канондық негіздерге ұстындалған дін – өзіндік заңдар мен догмалардан тұрады. Ал, тәңіршілдік дәуірінің ерекшелігі тіршіліктің табиғатпен тұтасып жатуында.

«Келін» — өздерін табиғаттың бір бөлшегі санайтын адамдардың өмірі туралы. «Келін» идеясы он жылдан бері бар. Оны Марат Сарұлы екеуміз бірлесіп жазған едік. Идеяның жүзеге асуының алғашқы қадамы Сергей Бодров менің жұмыстарымның ішінен осы «Келінді» ұнатқанынан басталды.

Ол мені қазақ сценарисі Ермек Тұрсыновпен таныстырды. Біз бірлесіп жұмыс істей бастадық. Ермек сценариді жетілдіріп, бас-аяғын жинақтап дайындап шықты. Сөйтіп, дайын сценарий «Қазақфильмнің» директоры Сергей Әзімовтің қолына түсіп, ол өз кезегінде оны Қазақстанның Мәдениет министрлігінің тендеріне өткізді».

Ақтан Арым Құбат «кинодағы кейіпкердің бірі – бақташының өлі тәнін гриф атты құс әбден жеп кеткеннен кейін сүйегін жинап алады. Сөйтсек, Тибетте әлі күнге, дәл біздің кинодағыдай, өлген аданың тәнін грифке жегізетін салтты сақтаған этнос бар екен. Сөйтіп, ойдан шығарылған нәрсе нақты өмірде бар болып шықты» деп жазады.

«Келіннің» тұсакесеріндегі баспасөз хабарламасында Ақтан Арым Құбат идея авторы әрі краеативті продюссер деп көрсетіліпті.

«КЕЛІННІҢ» ДАУЫ

Бұдан кейін фильмнің «қызығы» түсірілім аяқталғаннан кейін басталғаны жайында кезінде Азаттық радиосы хабарлаған болатын. 2009 жылы 11 ақпан күні режиссер Ермек Тұрсынов Алматыда БАҚ мен киносыншыларға жабық көрсетілім өткізді.

Актер Қуандық Қыстықбаев «Келін» фильмінде басты рольді сомдады.
Режиссердің бұл ісін өзімбілемдік деп тапқан «Қазақфильм» басшылығы оны сынға алып, «киноның авторлық құқы «Қазақфильмге» тиесілі. Ол үшін біз Ермек Тұрсыновқа 9 млн. теңге төлегенбіз, ал ол біздің рұқсатымызсыз жабық көрсетілім өткізді» деп дау шығарды.

Ақыр соңында, «Келін» көркем фильмі «Қазақфильмнің» өнімі ретінде үлкен экранға жол тартты. «Келін» қатты сынға да ұшырады. Фильмді сынға алушылардың бірі «Қазақфильм» көркемдік кеңесінің мүшесі, киносценарист, жазушы Дулат Исабеков оны «қияли, өтірік кино» деп атайды:

«Бізден кім өтінді тарихи кино түсіріңдер деп? Қазақтың, түркінің тарихын түсіреміз деп, «Келінді» түсірдік. Жарайды, түсірсін. Бірақ осындай өтірік кино түсіруге бола ма? Мейлі, өтірік бола берсін, бірақ тағы да қазақты жерге қарататын фильмдердің қатарын толықтырды. Жаңа бір кино жарық көрген сайын қазақ жерге қарайды», – деді Дулат Исабеков.

Алайда, режиссер Ермек Тұрсыновтың бұған қарсы айтар уәжі бар.

Фильмдегі келіннің ролінде актриса Гүлшарат Жұбаева ойнады.
– Бұл жерден тарихи дерек іздеудің қажеті жоқ. Бұл – көркем дүние. Өмірдің шындығы мен өнердің шындығы бар, бұл екеуін шатастыруға болмайды. Меніңше, «Келінге» осы тұрғыдан қарау керек, – деді Ермек Тұрсынов Азаттық радиосына.

«КЕЛІННІҢ» ОҚИҒАСЫ

Фильм самырсын, қарағайлы қарлы тау көрінісінен басталады. Титрда фильмнің атауынан кейін «Алтай, біздің дәуіріміздің ІІ ғасыры» деген жазу шығады. Сөйтіп, қызды ұзатуға дайындап жатқан көне түркінің ғұрпы көрініс табады.

Әрі қарай қалыңдық үшін қыздың әкесіне тарту-таралғы жасап, отырған бақташы мен аңшының бейнесін көреміз. Ақыры, тарту-таралғы жағынан аңшыдан асқан бақташы қызды алып кете барады. Негізгі кейіпкер бесеу: бақташы, аңшы, ене, қайны және келін. Оқиға аңшы мен бақташының кездесіп, аңшының бақташыны өлтіруі арқылы шиеленісе дамиды.

Киноның өн-бойында бірнеше эротикалық кадрлар бар. «Келін» әмеңгерлікпен қайнысына қосылады. Аңшымен әуейі болады. Ақыр соңында, бақсы енесімен бірге қалып, босанады. Кімнен екені белгісіз балаға бақсы ене көкбөріні сауып, сүтін береді де, өзі ажалымен жүздесуге бет алады.

Көркем фильмдегі эротикалық көріністер «Қазақфильм» жанынан құрылған сарапшылар кеңесі мен кино авторларының арасында дау туғызған еді.
Картинаның соңында бақсы енесінен қалған бақсылық таяқ пен кішкентай сәбиімен келін қалады. Бар болған негізгі оқиға осындай. Кинода сөз жоқ.

«КЕЛІНГЕ» КӨЗҚАРАС


Фильмнің көрсетілімінен соң Азаттық тілшісі сөзге тартқан екі режиссердің бірі Сатыбалды Нарымбетов шығарма өзіне ұнағанын айтып қысқа қайырса, режиссер Болат Атабаев режиссердің еңбегіне тәнті болғанын айтты.

— Эстетикалық талғамы жоғары туынды деп қабылдаймын. Эстетиканың сөзге ғана байланып қалмағанын режиссер дәлелдеген. Бір сөз жоқ, дыбыстың семантикасы, дыбыстың эмоциясы арқылы көп дүниені берген. Адамның өмір сүрудегі ішкі қуатының биік шарықтау шегін көрсеткен. Режиссер мен актерларға басымды иемін, – деді Болат Атабаев.
XS
SM
MD
LG