Accessibility links

Әлемдік киножұлдыз Депардье қазақ киносына түсіп жатқан ауыл - Жерар Машат деп аталуы мүмкін


Француз актері Жерар Депардье Азаттық тілшісіне сұхбат беруде. Келте Машат ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 4 қыркүйек, 2009 жыл.
Француз актері Жерар Депардье Азаттық тілшісіне сұхбат беруде. Келте Машат ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 4 қыркүйек, 2009 жыл.

Атақты француз актері Жерар Депардье қазақ ауылында туып-өскен неміс қариясының рөлін сомдауда. Қазақ-француз картинасы Шымкенттің маңындағы Келте Машат ауылының тау шатқалында түсіріліп жатыр

ЖЕРАР ДЕПАРДЬЕ – ҚАЗАҚ КИНОСЫНДА

Есімі әлемге әйгілі француз актері Жерар Депардье екі аптадан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы жерінде жаңа фильмге түсіп жатыр. Қазақ-француз бірлескен халықаралық жобасында танымал актер басты кейіпкерлердің бірін сомдауда. Жаңа картина бірге туып өскен үш ауылдастың өмірін бейнелейді. 60-ты алқымдаған ақсақалдардың бірінің рөлінде - Жерар Депардье ойнайды.

Сценарий бойынша ол таулы Түлкібас ауданында туып-өскен Георгий, Гера аға есімді неміс жігіті. Есейген соң ата-баба топырағы тартып, Германияға қоныс аударады.

Алайда араға біраз жылдар салып, кіндік қаны тамған жерді аңсаған Гера аға қазақ еліне қайта оралады. Бірге доп қуып өскен достарымен қуанып қауышады. Туған ауылында оны ізгілікті іс күтеді. Жерар Депардьенің кейіпкері әйелінен айрылған бір досын үйлендірмек болып, оған қыз айттыруға кіріседі. Фильмде Депардьені кей тұстарда альпинист Владимир Тугалев ауыстыратын болады.

«КЕЙІПКЕРІМНЕН ӨЗІМДІ ТАНЫДЫМ»

Түсірілім басталған Түлкібас ауданы Машат ауылына екі күн бойы барып, фильм продюссері Сергей Әзімовтен француз актерінен сұхбат алуға рұқсат сұрадық. Ол атақты әртістің жұмыс барысында БАҚ-ың кедергі жасағанын жақтырмайтынын айтып, санаулы сұрақ беруге ғана рұсат етті.

– Жерар мырза, қазақ киносына түсуге келісімді бірден бірдіңіз бе? Және оған не түрткі болды?

– Көп ойланған жоқпын. Мен Қазақстанды өте қатты жақсы көремін. Халқы өте қонақжай, қарапайым, ашық-жарқын. Осыдан екі жыл
Француз актері Жерар Депардье Келте Машат ауылында. 4 қыркүйек, 2009 жыл
бұрын Еуразия кинофестиваліне келгенде режиссер Сергей Әзімовпен таныстым. Сонда осы елдің киносы жайлы сұрап, қызығушылық таныттым. Егер ұлттық идеясы бар, қазақи оқиғамен кино түсірсе жақсы болар еді деген едім. Кейін маған осы рольді ұсынды. Фильмнің идеясы маған өте ұнады.

– Фильмнің сценариі ойыңыздан шықты деген сөз ғой?

– Әлбетте. Кейіпкерімнен өзімді таныдым. Қызықтырғаны да сол болды. Автордың айтуынша, ол маған арнап жазылған. Қазақстандық көрермендермен жақын танысқым келді. Фильмнің оқиғасы қарапайым, қазақи хикая. Кейіпкерлердің мінез-құлқы да қазақи. Бірақ оқиға жалпы адамзатқа тән. Басты кейіпкер, менің жан досым, егде жастағы азамат, өмірде жалғыз қалады. Мен оған жар іздеймін. Бұл шынымен өмірлік оқиға. Артық драматургиясыз. Қарапайым адамның тағдыры. Асыра сілтеушіліксіз.

– Сценаридің әсіресе көңіліңізде ұялаған тұсы?

– Махаббаттың жас таңдамайтыны. Адамның кез-келген жаста ғашық бола алатыны. Кез-келген жаста бас қоса алатыны. Жалғыздықтан құтылу. Өмірдің соңғы шақтарын абыроймен өткізу. Еуропада, әлемнің кез-келген жерінде қарттар үйі өте көп. Балалары ата-анасын тастап, қалаға кетіп қалады. Қарттар өмірінің ақырына дейінгі уақытын сонда өткізеді. Ал бұл фильмде қариялар бала-шағасымен бірге өмір сүреді. Балалары еңбектеніп, үй шаруашылымен айналысады. Бұл сондай керемет көрініс.

– Фильмдегі кейіпкер бейнесінде өзіңізді қалай сезінесіз?

– Мен ойнайтын Гера аға, неміс жігіті. Қазақстанда немістер көп екенін білемін. Кейіпкерімнің мінезі де көңіліме қонды. Мен бұл рольде жалғыз өмір сүріп жатқан досым Қалтайға жесір әйел тауып беремін. Үш егде адамның берік достығы да маған қатты әсер етті. Кез-келген жаста достықты бағалау керек. Түсірілім кәсіби және асқан бір декорациясыз, табиғаттың аясында өтуде.

– Қазақтың ұлттық нақышындағы фильмде өзіңізді қалай сезінесіз? Жатырқап жатқан жоқсыз ба?

Келте Машат ауылы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 4 қыркүйек, 2009 жыл.
– Еш жатырқап жатқан жоқпын. Керісінше, мен бірден сіңісіп кеттім. Бұл орта маған өте жақын. Ауылдағы өмір – менің балалық шағымның елесіндей. Айналама қараймын да, рахаттанып, ләззат аламын. Мына табиғаттың кереметін қараңызшы, осыны көріп демаламын. Мына бұлақ суының тазалығына тамсанамын. Түсірілім де артық бір әсірелеусіз, жанды, табиғи. Оның үстіне, басты кейіпкерлермен де тез тіл табысып кеттік. Жанымыз, жүрегіміз бірге соғатындай.

«АУЫЛ ӨМІРІ – ЖЕРАРДЫҢ ЖАНЫНА ЖАҚЫН»

Жерар Депардье түсірілім болып жатқан Түлкібас ауданы, Машат ауылындағы табиғаттың тамашалығын көріп тамсанды дейді актердің досы әрі «Кеш келген махаббат» фильмің копродюссері Арно Фриллей. Ауыл өмірі – Жерардың жанына жақын дейді ол. Қазақтың ұлттық тағамдары да ұнапты.

– Кеше бесбармақ, палау жедік. Өте ұнады. Жерар осындай ауылда туып-өскен. Кішкентай үйде тұрып, пеш жағып, мал бағып өскен. Бүкіл отбасы тар ғана ас бөлмеге сыйып жататын болған. Сондықтан түсірілім оны балалық шағына жетелеп келгендей. Жерар Астана мен Алматыда болған. Онда оны қошаметпен қарсы алды. Бірақ оның жаны ауылда рахат тапты. Ыстықтан шаршаса да, түсірілім кестесінен алшақтамауда. Ол актер. Түсірілім алаңында ол бұйрыққа бағынады, – дейді «Кеш келген махаббат» фильмінің копродюссері Арно Фриллей.

"ЖЕРАР МАШАТ" - ҚАЗАҚ АУЛЫНЫҢ ЖАҢА АТАУЫ БОЛУЫ МҮМКІН

Қазақстанда бірлескен жоба жасауға бірнеше себеп түрткі болды дейді француздық продюссер. Ең алдымен жергілікті кинематографтардың жақсы фильм түсіруге деген үлкен талпынысы. Сондай-ақ фильмнің ұлттық нақышқа бағытталуы, біздің қызығушылығымызды арттырды дейді ол.

Сонымен бірге ол Қазақстан халқымен, мұндағы жалпы ахуалмен танысу барысында кейбір жайттардың өзі үшін жаңалық болғанын да айтады.

– Түсірілім болып жатқанда, аулада кішкентай қазақ қызының сары шашты баламен ойнап отырғанын көріп таң қалдым. Біз мұндайды
Француз актері Жерар Депардье мен қазақ актері Нұржыман Ықтымбаев. Келте Машат ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 4 қыркүйек, 2009 жыл.
Азияның басқа елдерінен байқамаппыз. Міне, тағы бір себеп. Бізге фильмнің сценариі, айтар ойы әсер етті. Қоғамда жас келген соң, ысырып тастайтын жайт орын алады. Егде жастағылар да сүюді, сүйікті бола білетіні туралы ұмытпауымыз керек, – дейді «Кеш келген махаббат» фильмінің копродюссері Арно Фриллей.

Фильмнің түсірілім алаңына жиналған жұрттың арасында жергілікті сәулетші Бақыт Әшірбаев Келте Машат ауылының атауын әйгілі актердің құрметіне «Жерар Машат» деп ауыстыру туралы идеяны ортаға салды. Бұл ойды ауыл әкімі қоштап та кетті. Келте Машат ауылының әкімі Сатыбалды Қамбарбеков бұл ойды аудандық мәслихат жиналысында көтермек.

«ОЛ – НАҒЫЗ ӨЗІМІЗДІҢ ЖІГІТ!»

Жерар Депардье қазақ киносына түсу туралы ұсынысты осыдан екі жыл бұрын алған екен. Қазақ режиссері Сергей Әзімов Жерар Депардьеге қазақстандық киноға түсуді ұсынғанымен, француз жұлдызының оған келісім беретіндігіне дүдәмал болыпты. Атақты актер келісімін бергеннен кейін «Кеш келген махаббат» фильмінің сценарийі дүниеге келген. Қазақ режиссері басында қобалжығанын да жасырмайды.

– Әлемдік деңгейдегі ерке жұлдыздар секілді талабы мықты болар деп ойладық. Бірақ Жерар – нағыз өзіміздің жігіт болып шықты! Ол жоқшылықтың не екенін жақсы біледі екен. Ең бастысы, оны ұмытпайды. Өз еңбегімен көтерілген. Ол өте нәзік жанды, қарапайым, бірақ жұмысқа келгенде аса ұқыпты екен, – дейді фильмнің продюсері Сергей Әзімов.

Фильмдегі басты кейіпкер әйелдің есімі – Жиде. Ол ең кеш гүлдейтін ағаштың атауы. Осыдан келіп, кеш келген махаббат деген атау туған екен. Басты рольдерде Қазақстанның белгілі актерлері Болат Калымбетов пен Нұржұман Ықтымбаев шақырылған. Депардьенің жарының рөлін Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театрының әртісі орындауда.

Продюсер Арно Фриллей. Келте Машат ауылы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 4 қыркүйек, 2009 жыл.
– Біздің фильм махаббат пен жалғыздық туралы. Бұл өмірлік оқиға. Фильмде әртүрлі адамдардың осы сезімдерді қалай бастан кешіріп, бір-біріне қолдау көрсете алатындарын көрсетуге тырысамыз. Бұл роль Депардьеге арнап жазылды. Оның келісім бергені бізді қуантады. Ресейден Наталья Орынбасарованы шақырдық. Наталья Гвоздикова ролі кішкене болғанына қарамастан, қуанып келісімін берді, – дейді фильмнің продюсері Сергей Әзімов.

Фильмнің нақты қай жанрда болатынын әзірге продюсердің өзі дөп басып айта алмайды. Лирикалық комедия не лирикалық әлеуметтік трагикомедия деуге болады дегенді айтады.

Бір анығы, онда ауылдың өмірі көрініс тапқан. Ал фильмнің негізіне айналған сайқымазақ пен серілер жайлы оқиға қазақтың қай ауылында да табылады. Шет елдің танымал актерін шақырудағы басты мақсат – отандық киноны әлемге таныту.

Жаңа фильмдегі «күйеу баланы» сомдайтын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұржұман Ықтымбаев та француз актерімен тіл білмесе де, тез түсінісе кеткенін айтады.

– Қазірде бізде ел күлетін, драма-комедия жанрындағы фильм жоқ. Бұл өкінішті-ақ. Түсірілім ойымнан шығып жатыр. Жерар Депардьемен бір көргеннен-ақ бір-бірімізді түсіндік. Оның французша, менің қазақша сөйлеп жатқаным мүлде білінбейді, – дейді актер Нұржұман Ықтымбаев.

«Кеш келген махаббат» – көркем фильмнің жұмыс барысындағы аты. Оны түсіруге «Қазақфильм», «Танарис» киностудияларымен бірге, еуропалық киногерлер де үлесін қосып отыр. Француз компанияларының арасында Люк Бессонның жетекшілік етуіндегі «Еуропакорп» компаниясы да бар. Картина режиссерлері – Ақтан Арын Құбат пен Сәбит Құрманбеков, сценариін жазған Ақтан Арын Құбат пен Сергей Әзімов.

Жаңа туындының бюджеттік қоры бір жарым миллион АҚШ долларын құрайды. Оның басым бөлігі француз актерінің еңбегіне төленеді екен. Ауторлар жаңа туындыны келесі жылдың көктемінде көрерменге ұсынбақ. Фильм қазақ тілінде жарыққа шығады. Орыс, ағылшын, француз тілдеріне аудару көзделген.
XS
SM
MD
LG