Accessibility links

Бақылаушылар Қазақстанның қылмыстық заңнамасын халықаралық талапқа сай реформалау қажеттігін айтады


Алматыдағы №1 тергеу абақтысы. Сәуір, 2009 ж.
Алматыдағы №1 тергеу абақтысы. Сәуір, 2009 ж.

Сот тергеуін жеңілдету мәселелері жан-жақты талқылануда, алайда заңгерлер азаматтардың құқын шектеу орын алуы мүмкін дейді

Қазақстан Республикасының қылмысты-процессуалдық Кодексіне сот тергеуін жеңілдету мәселесіне қатысты өзгертулер мен түзетулер енгізу көзделген. Бұл қазіргі таңда кең тараған «орташа дәрежедегі қылмыстардың» тез арада ашылуына бағытталған.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің пайымдауынша, бұл құжат осы категориядағы қылмыстарды 10 күннің ішінде сотқа жеткізіп, тиісті шешім шығаруға мүмкіндік тудырмақ. Алайда жекелеген заңгерлер, бұл құжат осы қылмысқа қатысты жақтардың бостандыққа деген конституциялық құқын шектейді дегенді айтады.

Бақылаушылар, Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мен адам құқықтары бойынша бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылып, ратификациялағанына орай, елдегі кейбір заң құжаттарын халықаралық үлгілерге сәйкес келтіру мақсатымен реформалау керектігін айтады. Бұл әсіресе, қылмыстық заң құжаттарын реформалауға қатысты.

Осы мақсатта, 2008-ші жылдың аяғынан бері Қазақстан Республикасының қылмысты-процессуалдық кодексіне сот тергеуін жеңілдету мәселесіне қатысты өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасы қарастырылуда.

Мамандардың пайымдауынша, бұл жерде ең басты мақсат сот тергеуін жеңілдету. Қазақстан Республикасының ішкі істер вице-министрі Александр Саванковтың айтуынша, бұл құжаттың тиімді тұсы - қылмыс жасалынған сәт пен сотта белгілі бір шешім шығарылған уақыт аралығы барынша қысқарылмақ.

Оның сөзіне қарағанда бұл жерде сөз болып отырған жеңілдетулер, бүгінгі таңда кең тараған «орташа дәрежедегі қылмыстарға» қатысты болып отыр.

– Мәселен, қалтаға ұры түсті делік, ол ұрлық жасаған адам сол сәтте ұсталып, дереу куәгерлер табылды делік. Егер қылмыс жасаған адам өзінің кінәсін мойындап тұрса, оған арнайы қылмыстық іс қозғап барлық сот тергеу процесін жүргізудің қажет қанша? - дейді вице министр.

Оның сөзіне қарағанда, дәл осы жағдайда 10 күннің ішінде бұл істі сотқа жіберуге болады. Ал кей заңгер мамандар, бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына деген конституциялық құқын шектейді дегенді айтады.

Мәселен, Қазақстан Республикасының адвокаттар одағының өкілі Әнуар Түгелдің сөзіне қарағанда, бұл жерде азаматтардың емес, Ішкі істер министрлігінің мүддесі басымырақ сияқты екен.

– Бұл заң жобасында, оның авторлары белгілі бір қылмыстық іске қатысты азаматтың қорғалуға деген құқын ұмытып кеткен сияқты. Жалпы кез келген процесті жеңілдету немесе қысқарту ол - азаматтардың бостандықтарын қамтамасыз ету кепілдігіне нұқсан келтіреді. Өйткені, қылмыстық процесс барысында адамның құқы мен бостандығы ескеріледі. Аталмыш процесс барысында ол өзіне тағылған айыппен танысып, оған қатысты пікірін білдіріп, немесе өзінің келіспеушілігін жеткізе алады. Ал ол процесс жүргізілмесе автоматты түрде азаматтың аталған барлық құқықтары аяқ асты болмақ. Сондықтан менің пікірімше, бұл құжат - тергеу барысында адамның құқын бұзады, – дейді Әнуар Түгел.

Ал Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, бұл құжат азаматтардың конституциялық құқына қаншалықты қайшы келетіндігі жайында айту әлі ерте дейді.

Өйткені бұл заң жобасы әлі дайындық үстінде. Дегенмен, сот тергеуіне қатысты мәселеде тек бір ғана жеңілдетуді мақсат етпей, осы процеске қатысты барлық жақтардың ісін жеңілдетуді назарға алған жөн дейді Игорь Рогов.

– Қылмыстық сот жүргізу мәселелерін жетілдірудегі қолға алынып жатқан осы заң жобасы мен басқа да құжаттарды дайындау барысында проблеманы концептуалды ұғыну қажет. Бір ғана тергеу барысын жеңілдету деп емес, қылмыс жасаған адамның конституциялық құқын да ескерген жөн, – дейді ол.

Сондай-ақ ол әріптестер осы құжатты талқылау барысында бір бірінің пікірлеріне құлақ асып ортақ мәмілеге келер деген сенімімен бөлісті. Қазіргі таңда бұл құжат жан-жақты талқыланып, жуырда мәжілістің қарауына жіберілмек.
XS
SM
MD
LG