Кеше ғана АҚШ-тың бір долларын Алматыда 121,7 теңгеге сатып алуға болатын, ал 4 ақпанда түстен кейін кейбір аймақтарда доллар 170 теңгеге дейін барды. Көптеген айырбас пункттері жабылып, дүкендер қайта есеп жасап жатырмыз деп есіктерін құлыптап алды.
Ақпанның 4-і күні Алматы қаласындағы айырбастау пунктерінде доллардың бағамы 143-150 теңге аралығында ауытқып тұрды.
Теңгенің құнсыздануы Қазақстанның қор биржасындағы саудадан кейін ақпанның 4-і күні сағат 11-ден басталды. Дәл осы уақытта елдің Ұлттық Банкі теңге бағамын еркіне жіберуінің себебі туралы түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
«2009 жылдың ақпанның 4-інен бастап, ҚР Ұлттық банкі бір доллар үшін 120 теңге деңгейіндегі айқын емес дәлізде ұстап тұруды доғарады. Соған қарамастан, ұлттық валюта теңгенің айырбастау бағамына қысымның өсуі жағдайларында соңғы жылдары Ұлттық банк айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету және 1 АҚШ доллары үшін 117-123 теңге шегінде (+/-2%) айқын емес дәлізді сақтау бойынша айтарлықтай күш-жігер жұмсады. Бұл экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жағдай жасады. Алайда, алтын-валюта қорының ағымдағы деңгейін және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін сақтау қажеттілігі Ұлттық Банктің тарапынан валюталық саясатқа арналған тәсілдерді қайта қарауды талап етеді», - делінген мәлімдемеде.
Ұлттық Банктің есебінше, оның негізгі себептері төмендегідей:
1. Мұнай бағасының түсуі. 2. Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдерде ұлттық валютаның девальвациясы. 3. Сыртқы қарыздар бойынша жүктемесі көп екінші деңгейдегі банктер нақты мемлекеттік қолдауға ие болды және пруденциалдық нормативтерді бұзбай жұмыстарын жалғастыра алады. 4. Ұлттық Банкте алтын-валюталық қордың сақталуы.
Мәлімдемеде 2008 жылдың 4-ші ширегінен бастап, бүгінге дейін ҚР Ұлттық Банкі ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау үшін 6 млрд АҚШ долларын жұмсағаны туралы айтылған.
Доллардың өсуін экономист Ілияс Исаев қазіргі жағдаймен байланыстырады:
- Қазір Қазақстан сыртқы қарызын қайтаруы керек. Еліміздегі шетелдік инвесторлар өз пайдасын доллармен алулары керек. Сондықтан біздің ішкі нарығымызда долларға деген сұраныс ешқашан азаймайды. Ал әлемдік дағдарысқа байланысты енді қазір сол сұранысты қанағаттандыратын бұрынғыдай сырттан келетін доллардың көлемі қысқарды. Бұл қаншалықты жалғасады дегенге келсек, ол Ұлттық Банктің ішкі интервециясына байланысты.
Ұлттық валютаның соншалықты құлдырайтыны туралы, әрине, көпшілік білген жоқ. Сол себепті, мұндай оқиға көпшілікке жай түскендей әсер еткен көрінеді. Олардың кейбірі бұны уақытша құбылыс шығар деп қабылдауда.
- Бір апта, әрі кетсе он күн өткеннен кейін доллар қалпына түседі. Әрі кетсе 5-10 теңгеге көтеріледі. Доллар бағамы 130-135 теңгеге барып тоқтайды. Мұның салдары халыққа өте ауыр тие қоймас деп ойлаймын. Доллармен келген тауарлардың құны жоғарылайды, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әлкен Оразтаев.
Теңгенің құнсыздануын жұрт дағдарыстың тереңдей түсуінің нышанына балап отыр.
- Доллардың өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді деген ойдамын. Себебі, қазір халықта ақша жоқ. Қиын кезең. Елдің көбінің мойнында несие бар. Меніңше, дағдарыс енді басталған сияқты, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Қошқар Мырзабаев.
Сәсенбі күні кешке қарай дүрбелең Қазақстанның аймақтағы алыс қалаларына дейін жетті. Біздің тілшілеріміздің хабарлауынша, аймақтарда да айырбас пункттері жабылды.
Сәсенбі күні кешке қарай дүрбелең Қазақстанның аймақтағы алыс қалаларына дейін жетті. Біздің тілшілеріміздің хабарлауынша, аймақтарда да айырбас пункттері жабылды.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Қазақстандағы айырбас пунктерінде 1 АҚШ долларының бағамы 170 теңгеге дейін жетсе, евроның бағасы 220 теңгеге дейін шарықтап кетті.