12-16 қаңтар аралығында Қазақстанға келген Халықаралық валюта қорының өкілдері ел үкіметінің тереңдеп бара жатқан әлемдік дағдарысқа қарсы әрекеттерін қарастырды. Ұйым сарапшыларының бағалауы бойынша, осы жылы Қазақстанның ЖІӨ-і бар-жоғы 1 пайызды құрамақ. «Қазақстанның алдында өте маңызды міндеттер тұр, алдағы айлар оңай болмайды» — Халықаралық валюта қорының ресми сайтында жарияланған өкілдің баяндамасының негізгі түйіні осындай.
Халықаралық валюта қорының өкілі әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделілігіне сілтеме жасай келіп, Қазақстан экономикасы үшін 2009 жыл қиын болатынын айтады:
«Біз биыл экономикалық өсудің әрі қарай 1 пайызға дейін төмендеуін күтіп отырмыз, өсу қарқынының белгілі дәрежеде қалпына келуін 2010 жылдан күтуге болады, сонымен бірге инфляцияның әлсіреуі де күтілуде. 2008 жылы сауда балансының оң айырымы тіркелгеннен кейін, биылғы жылы экспорттық кірістердің құлдырауы салдарынан дефицит болуы мүмкін».
Теңгенің шетел валютасына шаққандағы бағамы туралы өкіл: «Ұлттық банк айырбастау бағамы саясатына қатысты қиын жағдайдың алдында тұр» деді. Өткен кезеңдерде ұлттық валютаның тұрақтылығын қолдаудың экономикалық дамуда жағымды рөл ойнағаны айтылады. Бірақ қазір «басқа аймақтық валюталардың девальвациясына байланысты соңғы айларда қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеті төмендеуде». Халықаралық валюта қорының өкілдері «кез келген айырбас бағамының саясаты тәуекелді қажет ететінін» көрсеткенімен, нақты ұсыныс жасауға іркіліп отыр. Осылайша, сарапшылар оң шешім іздеу құқын Қазақстан үкіметінің өзіне қалдырды.
БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланған «Әлемдік экономикалық жағдай және 2009 жылға арналған даму жоспары» атты баяндамасы да жабырқатарлық болжамдар айтады. БҰҰ-ның сарапшылары әлемдік экономика Ұлы тоқыраудан бері ең үлкен дағдарысты бастан кешіп отыр деп есептейді.
Жалпы алғанда әлемдік ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2008 жылғы 2,5 пайыздан 2009 жылы 1 пайызға дейін төмендейді. ТМД елдерінде осыдан бір жыл бұрын 6,9 пайызды құраған өсу көрсеткіші мұнай мен метал бағасының түсуіне байланысты, сондай-ақ әлемдік қаржы жүйесінің әсерінен 4,8 пайызға дейін құлдырайды. Осыған қоса баяндама авторларының есептеуінше, көп жағдайда дағдарыстан аймақтың Ресей, Украина, Қазақстан сияқты ірі елдері жапа шегеді.
Келесі жылға арналған бюджеттің өлшемдері Қазақстан үкіметінің енді пессимистік болжамдарға жүгінуге мәжбүр болатынын көрсетіп отыр. 2009 жылы елде соңғы онжылдықтағы ең төменгі экономикалық өсім болмақ. EurasiaNet сайты: «Үкіметтің мәлімдемесіне сәйкес, 2009 жылы Қазақстанда ЖІӨ 2 пайызға ғана өседі, бұл уақытта жұмыссыздық деңгейі 8 пайызға жетуі мүмкін. Бұған қоса инфляцияның төмендеуі 2008 жылғы 9,5-тен сәл азайып, 9 пайыз болуы мүмкін» деген деректер келтіреді.
Қазақстан валютаның девальвациясы жөнінен Украина мен Беларустың ізін басуы мүмкін, — дейді Bloomberg агенттігіне сұхбат берген UniCredit SpA и RBC Capital Markets агенттігінің сарапшылары.
UniCredit-тің мәскеулік өкілдігінің экономисі Владимир Осаковский өкілетті органдар теңгенің девальвациясын 30 пайызға дейін жіберуі мүмкін деп есептейді. 20-шы қаңтарда Астанада өткен кеңестен кейін осындай мәлімдеме жасаған ол: «Мұнай бағасының мұндай дәрежедегі құлдырауы әсеріне шалдыққыш ел үшін теңге бағамын жасанды жолмен ұстап тұру өсімді тежейді. Айырбас бағамына кейбір түзетулер керек және біз ол жуықта енгізіледі деп ойлаймыз», — деді.
«Қазақстан «қиын рецессияға» қарай кетіп барады, бұған қоса кейбір корпоративтік міндеттемелер бойынша «жоғарғы дефолт тәуекелі» де бар», — деді Канаданың Торонто қаласында орналасқан RBC Capital компаниясының дамушы нарық жөніндегі стратегі Пол Бишко.
Теңге «девальвацияның ең жоғарғы тәуекеліне» ұшырады, өйткені энергетикалық ресурстар бағасының төмендеуі экономиканы жандандырып және банк пен сауда балансын тұрақтандыру үшін валюта құнын төмендетуді қажет етеді, — деп тұжырымдайды Бишко. Оның айтуынша, «бұл Қазақстан үшін тығырықтан шығар жалғыз жол» болмақ.
Аймақтың көптеген елдері өз валюталарын девальвация жасады, өйткені несие нарығының құлдырауы мен әлемдік рецессияның күшеюі дамушы нарықтарға келетін шетел инвестициясының жолын жапты. Көршілес Ресейде өткен жылдың тамызынан бері рубль 26 пайызға, ал алтын қоры төрт есеге кеміген. Украина да осы кезеңде гривнаның долларға шаққандағы бағамы 47 пайызға төмендеуіне жол беріп алса, белорус рублі 21 пайыз девальвацияға ұшырады.
Теңгенің долларға шаққандағы бағамы өткен айда 1пайызын жоғалтты. Қазақстанның алтын валюта қоры қыркүйектен қарашаға дейін 13 пайызға кеміген, ал Орталық банктің мәліметі бойынша, үшінші тоқсандағы төлем балансының белсенді айырымы 3,7 миллиард долларды құраған.
Девальвациядан қашып құтылмайтынын Қазақстан үкіметі де мойындап отыр. Reuters агенттігінің ақпаратынша, экономика министрі Бақыт Сұлтанов 2009 жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы 10 пайыздан артпайды деп есептейді. «Біз девальвацияның шегі 10 пайыз деп ойлаймыз және ол мейлінше ұзақ уақыт кезеңінде біртіндеп өтуі тиіс. Бұған біздің қаржылық жүйеміз шыдас береді», — деді Сұлтанов.
Хабарламада соңғы уақытта мұнай мен метал және Қазақстанның экспорттық тауарларының бағасының төмендеуінен теңгенің қысымға ұшырағаны айтылған, бірақ девальвация банктерді шығынға ұшыратып, сыртқы қарыз 40 миллиард долларды құрайды. Сондықтан үкімет үйлесімді шешім табуға мәжбүр. «Кенеттен болған девальвация қаржы жүйесіне сыртқы қарыздарды төлеуді қиындатады. Бір жағынан көрші елдердегі девальвациядан компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі зардап шекті», — дейді Бақыт Сұлтанов.