Аштық акциясына қатысып жатқандар - кезінде екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық несиелерін қайтаруға уақытылы төлем жасай алмай проблемаға кезіккендер. Қазірде өздеріне банктер мен коллекторлық компаниялар тарапынан қысым жасалып жатқанын айтқан олар үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасында проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шаралардың әлі күнге белгіленбегеніне наразылық білдіріп, бұл мәселені қоғамға жария түрде тездетіп қолға алу туралы талап қойып отыр.
«Біз мемлекеттің банктерден сатып алатын проблемалық несиелер тізіміне кепілге өз баспанасын қойып несие алған барлық азаматтарды енгізуді талап етеміз. «Самұрық - Қазына» қоры мен үкімет бұл мәселе бойынша «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысының басшылығымен келіссөз өткізсін. Бұл мәселені шешпей, ары қарай соза берудің арты қоғамда ашу-ызаны күшейтіп, осындай наразылық шараларына қатысушылар қатары мен аймақтар ауқымының ұлғаюына апарады», - делінген қаңтардың 20-ы күні сағат 11-де мерзімсіз аштық акциясын бастаған 12 әйелдің атынан Қазақстанның бас министрі Кәрім Мәсімовтың атына жазылған үндеуде.
«Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысы мүшелерінің айтуынша, қазір жиыны 48 адам аштық акциясына қатысуға тілек білдіріп отыр.