Accessibility links

Қаскүнем «Тасжарған» журналисінің алдымен есімін сұрап, сосын оған пышақ салған


Дүйсенбі күні сағат 22.00 шамасында Алматының «Айнабұлақ» шағын ауданында орналасқан «Рамстор» дүкені маңында «Тасжарған» газетінің тілшісі Артем Миусовке белгісіз қаскүнем үш рет пышақ салған.

Қаладағы №4 аурханаға жеткізілген журналистке түнде операция жасалған соң, дәрігерлер оны бірнеше сағат жансақтау бөліміне жатқызып, кейін палатаға шығарған.
«Қазір Артем өзіне келді, бірақ оның халі мүшкіл», - деп хабарлаған журналистің анасы Надежда Миусова ҚазТАГ агенттігіне желтоқсанның 30-ы күні.
Әріптестерінің айтуынша, 29 жастағы Артем Миусовтің «Тасжарған» газетінде жұмыс істеп жүргеніне жарты жылдан асқан. Олег Кудашев деген бүркеншік атпен шығатын оның мақалалары ешкімнің шамына тиіп, өшпенділігін қоздыратындай нәрсе болған емес деді «Тасжарған» газетінің шеф-редакторы Алмат Азади Азаттық тілшісіне:
- Біз, Ермұрат Бапи екеуміз кеше түнде болған жайтты Артемнің өз аузынан бүгін естідік. Ол «Рамстор» дүкенінен апельсин мен минералды су сатып алып шығып, үйіне бет алып бара жатқанда біреу оның есімін дауыстап атап шақырады. Бет-пішіні азиат тектес әлгі ер адам «Артем деген сенбісің?» деп сұрайды. «Иә» деген жауапты ести сала, «онда, мә саған сәлемдеме!» деп Артем Миусовке бірнеше рет пышақ жұмсайды. Ол «сәлемдемені» кімнің жібергені және әлгі ер адамның тағы не айтқаны Артемнің есінде қалмапты.Қас-қағым сәттегі оқиға үстінде Артем ешқандай қарсылық көрсетіп те үлгермеген. Қансыраған күйі бірінші кезіккен дүкенге дейін қашып барып, сол жердегі сатушылардан үйіне және жедел жәрдем мен полицияға хабар беруді сұраған. Бір атап өтерлік жайт, сонда келіп жеткен полиция Артемнің қансырап жатқанын көре тұра, шұғыл жедел жәрдем шақырудың орнына одан болған оқиғаның мән-жайын сұрастыра бастаған. Ал жедел жәрдемнің өзі кешігіп жеткен. Айтпақшы, Артем өзіне пышақ салған адамды күндіз «Тасжарған» газетінің редакциясы маңынан көргенін айтты бізге.
Денесіне бойлата сұғылған пышақ өкпе-бауырына тиген журналистің халі әлі ауыр күйде. Полицейлер бұл оқиға бойынша әзірге баспасөз өкілдеріне ешқандай түсінік берген жоқ.
«Тасжарған» газетінің редакциясы да әзірге бұл қылмысқа қатысты пікір-болжам білдірген жоқ.
Өткен жылдарда да талай шырғалаңды басынан өткерген редакция қызметкерлері биылғы жыл басынан бері басылымға қарсы бірнеше қорқытып-үркіту әрекеттерінің болғанын айтады. Көктемде белгісіз біреулер редакцияның терезесіне екі мәрте оқ атқан. Оны зерттеген полиция терезеге пневматикалық және газбен атылатын қарудан атылған деген қорытынды жасаған. Жаз кезінде Ермұрат Бапидің автокөлігінің астына жарылғыш зат қойылды.
Оның сыртында, бірнеше жеке және заңды тұлғалар «Тасжарған» газетін сотқа беріп, жалпы сомасы жүздеген миллион теңгені өндіріп алуды талап етіп отыр.
Мәселен, желтоқсанның 24-і күні «Тасжарған» газетіне қарсы берілген үш арыз бойынша үш бірдей сот мәжілісі өтті. Оның біріншісінде – газеттен 50 млн теңге (шамамен 420 мың доллар) өндіріп алуды сұраған Алматы облыстық ішкі істер басқармасының арызы, екіншісінде – редакциядан 42 млн теңге (350 мың доллар) алмақшы болып отырған «Тигрохауд» компаниясының, ал үшіншісінде – газеттен 300 млн теңгені өндіріп алғысы келіп жүрген парламент депутаты Ромин Мадиновтың арыз-талаптары қаралды.
Бұлардың арасында Алматы облыстық полиция басқармасын сотта редакция жеңіп шықты, демек олардың арызы қанағаттандырылмады. Ал қалған екі талап бойынша сот ісі Жаңа жылда тағы да жалғасады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG