Accessibility links

Гонгадзе ісі жаңаша сипатта жалғасса, Қазақстанда журналистер өлімі мейлінше жасырылады


2000 жылы кісі қолынан қаза болған журналист Георгий Гонгадзе.
2000 жылы кісі қолынан қаза болған журналист Георгий Гонгадзе.

Украинада журналист Георгий Гонгадзенің өліміне байланысты күдікті ретінде генерал Пукач тұтқындалды. 2007 жылы Қазақстанда журналист Оралғайша Омаршанова жоғалып кетті. Айырмашылығы – Қазақстанда журналистердің өлімі бүркемеленеді.


ПУКАЧ ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІ АТАҒАНДАЙ БОЛДЫ

Украина ІІМ қылмыстық іздестіру басқармасы сыртқы бақылау департаментінің бұрынғы бастығын ұстау шарасы барлық дерлік телеарналардан көрсетілді. Өйткені, Алексей Пукачтың әлі тірі екеніне елде көп адам сенбейтін.

Ол кісі өлтіруге тапсырыс берушілердің кім екендігі туралы тергеушілер мен қоғам үшін маңызды дерек бере алатын жалғыз адам еді. Дей тұрғанмен, журналистің өлімін ұйымдастырғандардың есімдері Украинада бұрыннан айтылып келе жатыр.

Ең әуелі ол – бұрынғы президент Леонид Кучма, Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Леонид Деркач және Украина парламентінің қазіргі спикері Владимир Литвин. Бұл үштік Украинада өте танымал. Олардың екеуі – Леонид Кучма мен Леонид Деркач зейнеткерлік демалыста "бетегеден биік, жусаннан аласа" болып, тып-тыныш өмір кешіп жатыр. Жұрт көзіне сирек түседі.

Деркач мүлдем жоқ болып кетті. Кучма анда-санда көзге көрініп қояды, бірақ, қоғамның дүрлікпеуін ойлап, бір көрініп, жоқ болады.

Георгий Гонгадзені өлтірген деген күдікке ілінген Украина ІІМ қызметкері Алексей Пукачтың ұсталған сәті. Житомир облысы, Украина, 23 шілде 2009 жыл.
Алексей Пукач ұсталғаннан кейін бұрынғы президенттің бар-жоғы тіпті байқалмайтын болды. Ал көпшіліктің назарында жүрген Владимир Литвин ғана. Спикер өзін сергек ұстайды, бірақ, ол неғұрлым сергек көрінген сайын, соғұрлым қоғамда «ол тек сырттай ғана өзін солай көрсеткісі келеді» деген сезік ұлғаюда.

Пукачтың тұтқындалуы – ірісі бар, шағыны бар – барлық топтардың тыныштығын кетірді. Күш құрылымы қызметкерлерінің хабарлағанындай, Пукач алғашқы жауап алу кезінде-ақ Георгий Гонгадзенің өліміне тапсырыс берушілердің кім екенін айтып қойған. Сол кезде қайтадан үштік туралы сөз болған. Бұған дейін осы үштікке қатысты Кучманың оққағары майор Николай Мельниченко өз аудиожазбалары арқылы ақпарат берген-тұғын.

Дәл сол аудиожазбалар бұрынғы президент Леонид Кучманың және оның төңірегіндегі қызметкерлердің ішкі өміріндегі ең сорақы жақтарын елге жария қылған-ды.

Дәл сол Николай Мельниченконың ыждаһаттылығы мен басын қауіп-қатерге тігуінің арқасында сол адамдардың әрбірі кез-келген уақытта журналист Георгий Гонгадзе ісі мен басқа да қылмыстардың кейіпкеріне айналып шыға келуі мүмкін.

ОРАЛҒАЙША ОМАРШАНОВА

Бұл кәсіп ешқашан ешбір билік үшін, тіпті, ең демократиялық деген билікке де жайлы болған емес. Тіпті, Америкада не Германияда президенттің немесе канцлердің журналистке деген төзімі таусылатын кездері болады.

Уотергейт шатағы кезінде Ричард Никсон, қаржы жанжалы уағында Германия басшысы Гельмут Коль өзін өзі ұстай алмай қалған еді.

Әйткенмен, олар ащы сөздер мен оғаш қылықтан ары аспады. Ал, журналистке қастандық жасауға олардың ешқайсысының дәті бармады. Себебі, оның арты қиын болатын еді.

Батыста журналистер қауымы өзін өзі қорғай алады. Тіпті, биліктің баспасөзге қарсы сөйлеуінің өзі олардың өзіне сор боп тиюі мүмкін.

Ал, аутократиялық постсоветтік жағдайға келсек – ондағы әңгіме мүлде өзгеше. Ондағы журналистер әлі күнге, төтесінен айтқанда, нағыз нысанада жүргендердің нақ өзі. Әрі ондағы жеке дара билік жүйесінің деспотиясы қоғамды өз уысында тырп еткізбей ұстап отыр. Жергілікті басшылар барлық іс-әрекетімен орталық билікті айнытпай қайталайды.

Және де, мәселен, түкпірдегі бір құс фабрикасының директоры аудандық журналистке кәрін төгіп, жауыздық танытуда биік лауазымдылардан артып кетпесе, кем түспейді.

Украиналық қасіретке ұқсас оқиғалар Қазақстанда да әлденеше рет болған. Олардың көбісі әлі күнге тұманды, жұмбақ қалпында қалып
Қазақстандық тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов 2004 жылы шілде айында Алматының орталығында опат болды.
отыр. Ресми мәліметтерде 2002 жылы жол апатынан қаза тапқан делінетін журналистер Нури Муфтах пен Алексей Пугаевқа, 2004 жылы опат болған Асхат Шәріпжановқа қатысты күмән-күдік әлі сейілген жоқ,.

2007 жылы 30 наурыздан бері ізім-ғайым жоқ болған журналист Оралғайша Омаршанованың құпиясы да әлі ашылған жоқ. Жезқазған мен Алматы облысындағы мафиялық істерді зерттеген журналист әлдекімнің жолына кесе-көлденең шыққаны сөзсіз.

Журналистің хабар-ошарсыз жоғалуы – Қазақстанның қым-қуыт өмірінде бірінші рет болды. Жоғалатынынан біраз уақыт бұрын мафияны әшкерелеген кезекті мақаласы жарық көрген Оралғайша Омаршанованы әлдекімдердің қорқытқанын айғақтайтын дәлелдер бар. Оралғайша билік орындарынан қорғаныш сұраған, бірақ, оның өтініші еленбей қалған.

БҰЙРЫҚТЫ ӨТЕ ДӨКЕЙ АДАМДАР БЕРГЕН

Жоғалмас бұрын журналист Георгий Гонгадзе де украиналық биліктен қорғаныш талап еткен, бірақ, ол өтінішін айтқан жерде қаскөйлерін жолықтырған боп шықты.

Жылдар өте келе, оның көзін құртқан да сол билік өкілдерінің өздері екендігі ашылды. Осы жақында ғана бұл қылмыс тарихында алғаш рет журналистің жан тапсыру сәтін жете баяндаған сот сараптамасының қорытындысы жарияланды.

Мұндай құжаттар некен-саяқ. Тұрақты түрде кісі өлтіруге дағдыланып жүрген адам үшін бұл – орындық жасағаннан да оңай шаруа.

Қаза тапқан журналист Георгий Гонгадзеге қойылған ескерткіш. Киев, 22 шілде 2008 жыл.
Олар төртеу еді. Генерал Алексей Пукач пен оның бөлімшесінде істейтін офицерлер байлаулы Георгий Гонгадзені Белая Церковь қаласының түбіндегі орманға әкелген. Журналисті сыртқа сүйреп шығарған бетте Пукач оны өз қолымен буындыра бастаған. Бірақ онысынан түк шықпаған соң Попович Георгийдің белдігін шешіп алып, Пукачқа берген. Анау соны тұзақ етіп, журналисті буындырып өлтірген.

Генерал бағыныштыларына бұлай істеуге өздеріне бұйрықты өте дөкей адамдардың бергенін, ал бұйрықты орындамаған жағдайда Гонгадзенің орнына өздерінің өлім табатынын айтқан. Орындаушылардың үшеуі қазір темір тордың арғы жағында отыр. Ал Пукач, тапсырыс берушілермен тікелей байланысы бар адам ретінде, осы кезге дейін қылмыстық іздеуде болған еді.

Ақыры ол да құрыққа түсті. Бірақ, генерал үнемі баспасөзде жазылып жүргендей Израильден емес, жақын маңнан табылды. Житомир облысы, Чуднов ауданы, Молочки ауылында бір әйелмен тұрып жүр екен. Ол әйел мұның кім екенін де білмеген. Бұл ауыл Киевтен бірнеше сағаттық қана жерде орналасқан.

Екеуі қолындағы малдың сүті мен еккен картоптарын сатып, нағыз бейбіт өмір кешіп жатқанда, заң орындары Пукачқа бүкіл әлем бойынша іздеу жариялап, ізін таба алмай сабылып жүрген еді. Әзірге тергеу орындары генерал-қылмыскердің қалай табылғанын көпшілікке айтпай отыр.

Енді қылмыстық іске қатысты жаңа ақпараттар айтыла бастады. Күн сайын, тіпті, сағат сайын жаңалықтарда кезекті бір сенсация дайын тұрады. Соңғы жаңалықтардың бірінде, генералдың көрсетуі бойынша Гонгадзенің бас сүйегінің бөлшектері табылғаны айтылды. Қылмыс жасалған сәттен бері қарай қайда екендігін ешкім білмеген марқұмның басы табылды. Бірақ, өлтірілген журналистің басын не үшін және кімнің шауып тастағаны әлі белгісіз.

Бүгінде бүкіл постсоветтік кеңістікте мұнан асқан қасіретті жаңалық жоқ шығар. Осы бір жантүршігерлік істің арты немен тынарын Гонгадзенің Украинадағы туыс-достары мен әріптестері ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бұл қайғыға ортақтасқан жандар жіті бақылап отыр.

ҚАЗАҚСТАНДА ТІС ЖАРМАУДЫ ЖӨН САНАЙДЫ

Кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналистердің де туыстары, достары мен әріптестері украиналық оқиғаға бейжай қарай алмас.

Қазақстанның жаңа тарихында өлімі әлі күнге жұмбақ болып қалып отырғандардың арасында жоғарғы биліктің жақтастары да, қарсыласы болғандар да аз емес. Бірақ, бір ерекшелігі – мезгілсіз немесе құпия жағдайда өлгендердің туыстары үндемеуді жөн көреді. Ұзынқұлақтың айтуынша, билік олардың ауызын көп ақшамен, ал, көбінесе қорқыту арқылы жабатын көрінеді. Оның себебі де бар – 1937 жылды әрбір қазақстандық отбасы ұмытқан жоқ.

Бір жыл бұрын ҰҚК-нің астаналық түрмесінде осы мекеменің генералы тұтқын Жомарт Мажренов құпия жағдайда опат болды. Ресми мәлімдеме бойынша, ол түрме камерасында өзіне өзі қол салған. Кезінде, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы, алматылық студент Қайрат Рысқұлбековті де тура солай «өзіне өзі қол салды» деп хабарлап, семейлік түрмеде асылып қалды деп шығарған еді. Рас, ол кезде Совет Одағының заманы еді, бірақ, «өзіне өзі қол салудың» қолтаңбасы тәуелсіз Қазақстанда әлі өзгере қоймапты.

Жоғалып кеткен қазақ журналисі Оралғайша Омаршанова. Алматы, 2007 жыл (жеке мұрағаттағы сурет).
Қаламы қарымды алматылық бірқатар журналистердің жол апатынан қаза болғаны Қазақстанның қара кітабында жазылып қалды. Ал, хабар-ошарсыз жоғалған журналист Оралғайша Омаршанованың ісі жеке-дара тұр. Екі жыл бұрын жоғалған екі банкирдің әйелдері секілді оны бүкіл әлемге жар салып іздейтіндей мықты туысқаны болмай тұр-ау, шамасы.

Екі елдегі айырмашылық та сонда: Украинада кісі өлтірді деген сезікпен шені үлкен адам – генерал Пукачтың тұтқындалуы арқылы журналистің қазасына қатысты қылмыстық іс жаңаша өрбіп, алға жылжып жатқанда, Қазақстанда опат болған журналистердің істері жабулы қазан күйінде қалып отыр.

Бәлкім, Астанадағы дөкейлер де Украинадағы оқиғалардың қалай өрбитінін жіті бақылап отырған шығар. Дүние кезек деген, Леонид Кучманың өзі ресми сезіктілердің қатарынан бір-ақ шығуы мүмкін. Ал ондай жағдайда тағдырдың тәлкегіне ұшырмау жайлы басқа президенттер де ойлана бастайды.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG