Режиссер Әлімбек Оразбековтың айтуынша, Сәкен Сейфуллин атындағы театр сахнасында Әуезовтың «Абай» трагедиясы соңғы рет осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын – 1954 жылы қойылған екен. Сол кезде Абай бейнесін Қазақстанның халық әртісі Мүлік Сүртібаев сомдапты.
– Данышпан ақын өзі жайында «мыңмен жалғыз алыстым» дейді. Ол сол кездегі қараңғылықпен, рушылдықпен тартысып, алысып өтеді. Оны айналасындағылар көп түсінбей жатады. Өмірде ерте туып, ерте өнген дара тұлға ғой ол. Осылайша шырылдап жүргенде балалары
Әлімбек Оразбеков, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының бас режиссері. Қарағанды, 17 қыркүйек 2009 жыл.
да бірінен соң бірі өліп, ақыры Абайдың өмірі трагедиямен бітеді, – дейді Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының бас режиссері Әлімбек Оразбеков.Режиссердің айтуынша, бұл спектакльмен Абай өмірі толық қамтылды деу артықшылық. Қойылым Абай өміріне, философиясына бір ғана қырынан қаралған дүние. Абайдың өмірі қаза берсе таусылмайтын көмбе секілді. Бірақ, ұлы ақынның өмірі жайлы туынды трагедиялық сипатын еш уақытта жолғалтқан емес.
"МЫҢМЕН ЖАЛҒЫЗ АЛЫСҚАН"
Елім, жұртым деген жалғыздың сол кездегі әділетсіздікке қарсы тұруы, қазақ санасының тазаруын көксегендік оның өкінішке толы жазылған қара сөздерінен аңғарылады. Абай адам теңдігі және әділдіктің орнауы үшін әлсізге араша түсу күресі жолында аш қасқырдай анталаған өз бауырларына да қарсы шығуға мәжбүр болды. Олар да өз кезегінде Абайды көрсе жиырылған жыландарша бола қалатын бейнелерін режиссер сахнада айқын көрсетуге тарысқан.
– Абай, әлсізге әлімжеттік көрсеткен ағайын-бауырларын бір атадан туса да жыртқышқа теңейді. Абай алысып өткен кертартпалық, руға бөліну, бірін-бірі көре алмай, ұстап беру қазіргі қоғамға да тән дүние. Қазаққа бақыт туар күнді аңсап өткен дара тұлғаның даналығы сол, ол – сол заманда-ақ қазақтың мінезіне қарап отырып, қанға сіңген сорақы қасиеттерімізден арылмасақ, сол дерттің бүгінге дейін жететінін дәл болжай білгендігінде. Бұл да көрерменге ой салуы тиіс. Ол – ақылына парасаты сай, өте өжет те қайсарлы тұлға. Бірақ, қуанышынан әттеген-айы көп Абай өмірінің барлық қыр-сырын театр сахнасында қамту мүмкін болған жоқ, – дейді Әлімбек Оразбеков.
Екі актлы екі сағатқа созылатын қойылымда театр ұжымының барлық мүшесі -38 артист түрлі рөлдерде ойнайды. Ал Ұлы Абай рөлін театр әртісі Қайрат Кемалов сомдайды.
С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры Кеңес Жұмабековтың айтуынша, Қарағандының қақ ортасынан салынған театрдың жаңа ғимараты мен қаржыландырудың арқасында өнер ұжымына өнерлі жастарды қабылдау мен олардлың өз өнерлерін шыдауына жақсы мүмкіндіктер туды.
Осындай жағымды жаңалықтарының арқасында Қарағанды қазақ театры қыркүйектің 21-і мен 26-сы аралығында елдің түкпір-түкпірінен келетін 15 театр ұжымын театр фестиваліне қабылдағалы отыр. Биыл алғаш рет бұл фестивалде тек қазақ тіліндегі спектакльдер ғана қойылмақ.