Accessibility links

Орал Қазақ драма театрының сахнасында «Сұлтанның сасқаны» атты қойылымның алғашқы көрсетілімі өтті


«Сұлтанның сасқаны» қойылымынан көрініс. Орал, 7 ақпан 2009 ж.
«Сұлтанның сасқаны» қойылымынан көрініс. Орал, 7 ақпан 2009 ж.

Мысыр жазушысы Таупиқ әл-Хәкімнің «Сұлтанның сасқаны» атты пьесасы оралдық өнерсүйгіш қауымның үлкен қызығушылығын тудырды. Қызылордалық режиссер Құсайын Әмір-Темір қойылымының алғашқы көрсетілімі 7-ші ақпан күні ең жоғарғы деңгейде өтті.

Араб аңызына негізделіп қойылған пьесаның басты кейіпкері бұрын ғұмырын құл болып өткізген мамлюктік сұлтан. Оған дейін ел билеген елбасы өз орнына сұлтанды мұрагер етіп қалдырарда оған басқарудың қыр-сырын бере отырып, бірақ, еркіндік сыйлап үлгермей дүниеден өтеді. Басында жас сұлтан билігін сақтап қалу мақсатында оның шығу тегінің сырын білетін өзін сатқан құл саудагерін өлтіруге бел буады. Бірақ, құлдың заң бойынша еркін адамдарды билеуге құқылы еместігін түсінген сұлтанның алдында «Семсер әлде заң?» дилеммасы туындайды. Ұзақ ойланған ол бұл жазадан бас тартып, өзінің билігін заңдастыруды жөн санайды.

Жоғарғы сот төрешісі заңнан аттап кетпес үшін сұлтанға өзін аукционға қойып, осылайша сатылғаннан кейін еркіндікке ие болып, оның билік басына келуін құлаққағыс етеді.

Қалалық алаңға жиналған халыққа құл саудасы рәсімінің мән-жайы түсіндіріледі. Сұлтанды бұрыннан сүйіп, пір тұтатын халық бұл әрекетке келісіп жатады. Сауда басталып, оның нәтижесінде сұлтан бір әйелдің қолына өтеді. Бір уақытта сұлтанды сатып алған әйел оған еркіндік сыйлаудан бас тартып, осылайша аукционның алғашқы шартын бұзады. Белгілі уақытта әйел мамлюк мемлекеті мен оның елбасының тағдырын шешуші адамға айналады.

Бұл қырсық әйелді жазалау керек деген сұлтан жақтастарының ұйғарымын сұлтанның өзі тоқтатады. Ол әйелдің бұл еркелігін орындауға келісім береді. Елбасының абыройлығы мен тәртіптілігі әйелді таң қалдырып, өзінің тілегіне қарамастан оған еркіндік сыйлаудың сыйақысы ретінде оған бұл сұлтанмен бірге бір түн өткізуге рұқсат сұрайды. Әйелдің бойындағы өзіне деген сүйіспеншіліктің бар екенін сезген сұлтан оның бұл тілегіне жол береді.

Келесі күні әйел айтқан сөзін жерге тастамай құжатқа қол қойып, сұлтанға еркіндік сыйлап қоя береді. Оның есесіне, елбасы деп мойындалған сұлтан әйелге ризашылығын білдіріп, оған ең қымбат гаухар тасын сыйлайды.

"Сұлтанның сасқаны" спектаклін қойған бас режиссер Құсайын Әмір-Темір. Орал, 7 ақпан 2009 ж.
Режиссер Құсайын Әмір-Темір бұл қойылымның қазіргі заманға сай екендігін айтып, оның себебі - заңдылық пен әділеттілік қашан да өзектілігін жоғалтпайтын ұғымдар деп түсіндіреді.

- Біздің еліміз демократиялық және құқықтық мемлекетті құру жолын таңдады. Бірақ, бүгінгі таңда Қазақстандағы заң мемлекеттік деңгейдегі беделге ие болып отырған жоқ. Заң әртүрлі жолдармен бұрмаланып, мейлінше бұзылып отыр. Халық заңның күшіне сенбей, соның салдарынан тұрғындардың дау-жанжалдық жағдайлардың әділетті шешілуінен үміттерін үзгендері әлдеқашан. «Сұлтанның сасқаны» қойылымы халықта қалыптасқан бұл ой құрылымын бұзып, әділеттілікке деген сенімді оятуға бағытталған. Сондықтан 1960 жылдары жазылған бұл пьеса шенеуніктердің заңды өз мүдделеріне шебер қолдану әдістерін керемет суреттеумен қатар, абырой мен махаббатты да бейнелейді. Көрермендер біздің жұмысымызға лайықты баға беріп отырғанына өте ризамын, - деді режиссер Құсайын Әмір-Темір.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құсайын Әмір-Темірдің аталған қойылымы 2008 жылы Ақтау қаласында Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына орай өткен ХVI Республикалық театр өнерінің фестивалінде үшінші жүлделі орынды жеңіп алған.
XS
SM
MD
LG