Accessibility links

Кәрім Мәсімовтің әкесінен қарыздарын даулаған кәсіпкерлерге ақшаны белгісіз біреулер қайтарған


Қазақстанның бас министрі Кәрім Мәсімов.
Қазақстанның бас министрі Кәрім Мәсімов.

Премьер-министрдің әкесі Қажымхан Мәсімовтің иелігіндегі серіктестіктің өкілі құрылтайшыны айыптаған кәсіпкерлерге берешек қарызды компания толық қайтарды, деп хабарлады Азаттық радиосына. Бірақ, кәсіпкерлер өздеріне үшінші бір тарап төлеген ақша қарызды толық жапқан жоқ деп отыр.

Азаттықтың сайтында жарияланған «Шымкенттік бір топ кәсіпкер Кәрім Мәсімовтің әкесін ақшамызды жеп кетті деп айыптайды» атты мақаладан кейін, Қажымхан Мәсімовке тиесілі делінген «ХАС-ЕР КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшыларының бірі әрі коммерциялық директоры Сапаргүл Маханбетова Азаттыққа сұхбат берді.

Ол ЖШС шымкенттік кәсіпкерлермен цемент саудасына қатысты және базар салуға байланысты келісім шартқа отырғанын растады.

– Компания басшылығы ешқайда кеткен жоқ. Негізгі орталығы Алматыда, Шымкентте өкілдігіміз бар. Кәсіпкерлерге цемент беруге келісім болғаны рас. Олардың жартысына уақытында цементтері берілген. Бірақ, дағдарыстан кейін цемент зауыты тоқтап қалды да, қалғандарына тиесілі цементті бере алмай қалдық. Оның үстіне цемент зауытының басшылары бізді алдап, тауарымызды басқа жаққа сатып жіберген. Содан орта жолда екі оттың ортасында біз қалдық. Уақыт өтіп кетті, – дейді Сапаргүл Маханбетова.

Коммерциялық директор «ХАС-ЕР КЗ» фирмасының кәсіпкерлерге жалпы берешегі 77 млн емес, 39 млн. теңге, деп отыр. Ал берешек ақшаны наурыздың 30-ы күні Астанада жүрген кәсіпкерлерге компания толығымен қайтарып берді, деді Сапаргүл Маханбетова Азаттық тілшісіне:

– Кәсіпкерлер бізге «ақшаны толық алдық, енді ешқандай наразылығымыз жоқ» деген қолхат жазып берді. Барлығы ретке келді. Адамдар тарқады.

Сонымен бірге, Сапаргүл Маханбетова Азаттық радиосына берген сұхбатында, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымхан Мәсімовтің бұл шуға еш қатысы жоқ дегенді айтты:

– Ол кісінің Кәрім Мәсімовтің әкесі екені және осы компанияның құрылтайшыларының бірі екені рас. Алайда, ол кісі компаниядан адамдардың ақшаларын ала алмай жүргенін баспасөз беттеріндегі мақаладан кейін ғана бір-ақ білді. Сондықтан да ол тез арада шара қолданып, ақшаны тауып беріп, кәсіпкерлерге қайтарып отыр.

Әйткенмен, Шымкенттен Астанаға келген он алты кәсіпкердің мүддесін қорғап жүрген Талас Сағымбаев ЖШС-інен алашағы бар адамдардың барлығы емес, тек он адамның ғана өз қарыздарын толық алғанын айтады. Кәсіпкерлердің өздері сенімді өкілдері ретінде Талас Сағымбаевтың Азаттыққа сұхбат бергенін жөн көрді.

– Астанада жүргендердің үшеуі әлі ақша алмады. Оларға жетпей қалды. Бірақ, мынаны баса айту керек: ақшаны «ХАС-ЕР КЗ» компаниясы төлеген жоқ. Олар бір тиын да шығармады. Үшінші бір тарап қолма қол ақшамен төлеп отыр. Яғни, бір коммерсанттар келіп, «ХАС-ЕР КЗ»-дің барлық шығынын сатып алды. Ал олардың қайдан шыққаны белгісіз, – дейді Талас Сағымбаев.

Оның айтуынша, «ХАС-ЕР КЗ» ЖШС-мен есеп айырыса алмай жүрген азаматтар Шымкентте әлі де аз емес көрінеді. Қазіргі кезде сол азаматтардың тізімі жасалып, «ХАС-ЕР КЗ» ЖШС-інен алашақ қарыздың жалпы көлемі есептеліп жатыр екен. Олардың да өз алашақ ақшаларын қайтаруды талап етіп, Астанаға келмек ниетте екенін жеткізді Талас Сағымбаев:

– Біріншіден, аталмыш компания барлық азаматтардың толық қарызын қайтаруы керек. Екіншіден, девальвациядан кәсіпкерлер отыз пайыз зиян шекті, ЖШС оны да қайтаруы керек. Үшіншіден, кәсіпкерлердің екі жыл мазасыз күй кешкен моральдық, материалдық шығындарын өтесін. Олар екі-үш жыл бойы кәсіпкерлердің ақшасын айналдырып, рахат күй кешеді екен. «Судың да сұрауы бар» дейді. Ал адамның сұрауы одан қымбат. Біз осы мәселені аяғына дейін жеткізбей тынбаймыз. Кәсіпкерлер де осыған бел буып отыр.

«ХАС-ЕР КЗ» ЖШС бұл талапты толық орындағанша, кәсіпкерлердің ешбірі бұған дейін компанияның үстінен заң мекемелеріне жазған арыздарын қайтарып алмайды, дейді Талас Сағымбаев.
XS
SM
MD
LG