Accessibility links

Махмұд Сарбас: Шеттегі қазақ жастарының интеллектуалдық күшін Қазақстан пайдалана білуі керек


Махмұд Сарбас Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 17 ақпан 2009 ж.
Махмұд Сарбас Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 17 ақпан 2009 ж.

Кезінде Алтай асып, Памир, Гималай тауларын басып, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақтардың ұрпағы бүгінде бүкіл Еуропаны шарлап кетті. Солардың бірі – Швецияның Вестерос қаласында тұратын Махмұд Сарбас.

Ол – Түркия және Швеция азаматы. Мамандығы инженер-электрик Махмұд генератор өндіруден әлемде 2-ші орынды иеленетін АВВ компаниясында жетекші маман қызметін атқарады.

Махмұд Швецияға 8 жасында келгендігін айтады.

- Ол кезде Швецияда қазақтардың 8 отбасы болған. Қазір олардың саны 100-ге жетті. Содан бері 4 буын ауысты. Бес-алты жүздей қазақ бар. Оның 50-і бір қалада, бір аулада тұрады. Вестерос қаласы Стокгольмге 100 шақырым жерде, - дейді ол.

Швецияға қазақтардың алғашқы буыны қара жұмыс іздеп барған болса, кейінгі ұрпақ оқуға қол жеткізіп, қазір ірі-ірі кәсіпорындарда жұмыс істей бастаған. Швеция қазақтары Вестерос қаласының орталығында ірі көне шіркеуді сатып алып, мешітке айналдырғандықтарын мақтанышпен айтады.

- Қазір онда 24 елден мұсылмандар ғибадат етеді. Бұл қызметті қала әкімшілігімен бірге жүзеге асырып отырмыз, - дейді ол.

Қазір осы Вестерос қаласында қазақ мәдени орталығы бар. Осыдан төрт жыл бұрын Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өткізілген. Биылғы жылы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын Лондонда өткізу жоспарланған екен.

- Қазақ мәдени орталығын құруды, діни қорлар жасақтауды, құрылтай өткізуді Еуропа қазақтары тәуелсіздіктен бұрын бастаған. Жылына бір рет Еуропадағы 1500-дей жас бас қосады. Бұның негізі қазақтың қазаққа үйленуіне мүмкіндік тудыру. Балаларымыздың өз ұлт өкілімен көңіл жарастыруын қалаймыз. Сондай-ақ, біздегі жазылмаған заң бойынша, балаларды 25-ке жетпей үйлендіруді көздейміз. Соның нәтижесінде, Еуропа мен Түркия қазақтарының арасында кәрі қыз бен сүр бойдақтар аз. Демек, отбасылық институтын берік сақтауға тырысамыз. Швецияға келгенде бойдақ кезім еді, қазақ қызына үйлену мақсатында Мәскеуге келіп, Мәскеу арқылы Алматыға жетуді көздегенмін. Бірақ, мені ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары екі апта қамап тастады. Өйткені, менің ағаларым Азаттық радиосында жұмыс істейтін. Сөйтіп, бассауғалап үйге әзер жеткенмін.

Қазір Махмұд Сарбастың 4 баласы, Абай атты немересі бар. Алматыда АВВ компаниясының өкілдігі бар, Махмұд соның шаруасымен Қазақстанға жиі келеді екен.

- Түркияның Алтай аулында 8 жасыма дейін өстім. Соның арқасында қазақша жақсы сөйлей аламын. Ассимиляция процесі Еуропада да жүріп жатыр. Ондағы барлық мұсылман баласы христиан мәдениетіне жұтылып барады. Қазақ мәдени орталығы сол үшін жұмыс істеп отыр. Сол себептен де, бір баламды қазақша білім алу үшін Алматыға аттандырдым. Ол Швециядан келгенде ағылшын, швед, түрік және итальян тілдерін білетін. 13 жылдық орта мектебін тәмамдағаннан кейін, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсірдім. Алғашқы жылы дайындық курсын оқыды. Басында қазақ тілін білмейтін еді. Қазір кім-кімді де жаңылдыратын деңгейге жетті. Сондай-ақ, орыс тілін де үйреніп алды. Сөйтіп, 6 тілде сөйлейді. Қазір Астанаға қызметке орналасты, - дейді Махмұд Сарбас.

Ол шетелде білімді, білікті қазақ жастарының көп екендігін айтады. Қазақ тілімен қатар, ағылшын және әлемнің жетекші тілдерінің бірнешеуін меңгерген жастар техниканы да жақсы біледі. Солардың интеллектуалдық қуатын қазақ елінде неге пайдаланбасқа деген ой қосты сұхбаттасымыз.

- Менің Асан деген інім бар. Американың Кастролл деген фирмасының өкілдігін Швецияда ашты. Оның қол астында 80 швед инженері жұмыс істейді. Бұл азаматымыз германиялық бір фирма арқылы Атырауға келіп, білгенін қазақ баласына үйретуге талаптанып көріп еді, неге екенін қайдам, жергілікті қазақтармен тіл табыса алмай, Швециядағы компаниясына қайта оралды.

Сол секілді, Скандинавия елдеріндегі ІВМ компаниясының басшысы Дария Ермиш есімді қазақ қызы болды. Ол 700 швед ішінде Америкада сертификатты тұңғыш алған маман. Айсу Ақсақал деген қызымыз Стамбул қаласындағы метроны басқарған, қазір Швециядағы АВВ деген компанияда жұмыс істейді. Яуыз Қахарман деген жігіт Лондон мен Адана метросының жобасымен айналысады. Сондай-ақ, ғалымдарымыз да бар. Бұлардың тізімін бұдан ары соза берсек біразға жетеді.

Әлемде миға операция жасайтын екі қазақ бар. Оның бірі – Алматыда, екіншісі Германияның Майнс қаласында. Немістер одан айрылғысы жоқ. «Мерседес Бенц», «Сименс» секілді әйгілі фирмаларда жұмыс істейтін қазақтар да бар. Солардың интеллектуалдық қуатын Қазақстанның игілігіне пайдалану керек. Мұнда келіп жатқан шетелдік мамандар қандай да бір техниканың тілін толығымен түсіндіре бермейді. Ал, біздің қазақтарды алып келетін болса, техниканың ішкі сырын айтып берер еді. Ол балалар қазақша жақсы түсінбесе де, ұлттық-патриоттық сезімі жоғары, - дейді Махмұд Сарбас.

Қазір Швециядағы, Лондондағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі сабағы өтеді екен.
XS
SM
MD
LG