ҚАРСЫ ЖҮРІС
KazakhGold акцияларының 50,1 пайызына ие «Полюс Золото» компаниясы бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлерді акция пакетін саудаға салғанда жалған ақпар берген, компания қаржысын ұрлаған деп айыптаған болатын. KazakhGold компаниясының Асаубаевтарға қарсы азаматтық шағымы Лондондағы Жоғарғы сотта қаралады. Алтын өндіруші компания жауапкерден 450 миллион доллар талап етіп отыр.
Асаубаевтар отбасы адвокаттарының бейсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде талапкердің Асаубаевтарға кінә тағуына еш негіз жоқ екендігі айтылған.
«Асаубаевтар отбасы бұл талаптар шындыққа сай емес, «Полюс Золото» тобы біле тұра бұрмалап отыр деп есептейді. Олар бүгін жарияланған қайтарып алу келісімі қарсаңында Асаубаевтар отбасы мен басқа да миноритарлық акционерлердің мүдделеріне соққы беруді көздеп отыр. Асаубаевтар отбасы бұл айыптауларды жоққа шығара отырып, шағым иесінің талаптарына қарсы әрекет етеді», – делінген мәлімдемеде.
Бұған қоса, қазақстандық кәсіпкерлер акцияларды сатып алушы тарап қаржы операцияларына қатысты құжаттармен алдын ала танысып шыққан дегенді алға тартып отыр.
ТАЛАПКЕР ІСТІҢ АҢЫСЫН АҢДАЙДЫ
«Полюс Золото» компаниясының PR директоры Антон Аренс, жұма күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, Асаубаевтардың мәлімдемесімен таныс екендігін, бірақ оған қатысты пікір білдірмейтіндігін айтты.
– Әзірге бұл сауалға жауап бере алмаймын. Біз олардың мәлімдемесіне пікір білдіре алмаймыз, – деді Антон Аренс.
Ресейлік компания өкілі Лондондағы Жоғарғы сотта қаралып жатқан азаматтық шағым туралы да қосымша ақпарат беруден бас тартты.
– Біз сот талқылауларына қатысты пікір айтпаймыз. Оның барысы туралы мәліметтер заң талаптарына сай жарияланады. Барлық мәлімет біздің компания таратқан баспасөз хабарламасында айтылған, – деді Антон Аренс.
«Полюс Золото» компаниясы Асаубаевтар отбасын сотқа бергендігі туралы ақпаратты маусымның 29-ы күні жариялаған болатын.
Маусымның 25-і күні Лондондағы Жоғарғы сот KazakhGold компаниясының Асаубаевтарға қарсы азаматтық шағымын қарай бастады.
АЙЫПТАУ
Бұл сот процесі кезінде KazakhGold компаниясы басшылығы құрамында болған Асаубаевтар отбасының бес мүшесіне қатысты өтіп жатыр. Олардың арасында KazakhGold директорлар кеңесінің бұрынғы атқарушы төрағасы Қанат Асаубаев пен директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Айдар Асаубаев бар. Айдар Асаубаев 2010 жылғы маусымның 17-сіне дейін компанияның директоры қызметін атқарған.
Алтын өндіруші компания оларды «бірнеше жыл бойы компания қаржысын ұрлап келген» деп айыптап отыр. KazakhGold таратқан ақпаратта 2006 жылғы 200 миллион долларлық облигациялар компания есебіне емес, жауапкерлердің пайдасына жаратылған, оны жасырып қалу үшін жалған келісім-шарт жасалған делінеді.
Бұған қоса, KazakhGold жауапкерді «алтын өндіруші компанияны алдап сатқан» деп айыптап отыр. «Полюс Золото» KazakhGold компаниясының акцияларын 2009 жылы тамызда 270 миллион долларға сатып алған еді.
Шағым беруші тарап әзірше іске қатысты бұдан басқа мәліметтер жариялаған жоқ. Сот енді ғана басталғандықтан KazakhGold оның нәтижелеріне қатысты болжам жасауға ерте деп есептейді, бірақ қосымша мәліметтер алдағы күндері жарияланады деп хабарлады.
KazakhGold Қазақстандағы Ақсу, Бестөбе және Жолымбет алтын кеніштеріне иелік етеді. Компанияның 25 пайыз акциясы 2005 жылы алғаш рет Лондон қор биржасына шығарылды.