Accessibility links

Жастары жұмыссыз Жітіқарада қылмыс өршіп тұр


Жітіқара қаласына кіреберістегі жазу. Қостанай облысы, қыркүйек, 2009 жыл.
Жітіқара қаласына кіреберістегі жазу. Қостанай облысы, қыркүйек, 2009 жыл.

Қостанай облысындағы Ресеймен шекаралас орналасқан ауданның орталығы Жітіқара қаласы қылмысты ашудан да, жасалатын қылмыс саны жағынан да облыста алдыңғы орында тұр.


ҰРЛЫҚ ТҮБІ ҚОРЛЫҚ

Қыркүйек айының төрті күні Қостанай облыстық сотының судьясы Қадиша Құсайынова Жітіқара қаласының тұрғындары - он жеті жасар Самир Иманғалиев пен 24 жастағы Станислав Иликаевты он бір және он бес жылға бас еркінен айыру туралы үкім шығарды. Олардың екеуін де таксикоманиядан және алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу туралы шешім қабылданды. Самир осы қыркүйек айының он бесінде он сегіз жасқа толады, сондықтан ол берілген жазаны колонияның жалпы режимінде өтейтін болады. Станислав қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясына барады.

Сотталып отырған екі бозбала да орта мектепті бітірмеген, еш жерде жұмыс істемейді, бұған дейін де сотталған. Тергеу барысында анықталғаны - олар 72 жастағы Лилия Полухинаның үйіне әуелі пәтерге тұрады, бірақ, ақшасын төлемегеннен кейін және пәтердегі теледидар қолды болғаннан кейін оларды зейнеткер әйелдің баласы қуып шығады.

Дәніккен ұрылар болса аталған пәтерге бірнеше мәрте келіп, қасықтан бастап табаға дейін, көйлектен бастап терезе пердесіне дейін ұрлайды. Ұрлаған заттарын олар бір шөлмек араққа айырбастап отырған. Осындай ұрлықтың үстінен шыққан пәтер иесі зейнеткер әйелді олар басынан балғамен ұрып, есінен тандырып, іздерін жасыру үшін үйге өрт қояды.

МАСТЫҚТЫҢ СОҢЫ ҚЫЛМЫСҚА ҰЛАСАДЫ

Осыдан біраз уақыт бұрын облыстық сот тағы бір қылмысты істі қараған. Жітіқара қаласындағы «Юнайт-планет» түнгі клубында болған төбелес салдарынан 21 жастағы Алмат Алтыбаев қаза тапқан. Оның жанында болған серіктері Біліспаев, Жұмамұратов және Арықов пышақ жарақатын алған.

Тексеру материалдары бойынша, бірінші болып пышаққа жармасқан Авилов, ал төбелеске оның жолдасы Гарифуллов араласқан. Олардың барлығы да төбелеске дейін ішімдік ішіп алғаны анықталды. Қырықтан астам куәдан жауап алынған сот мәжілісінен кейін Авилов пен Гарифуловтың әрқайсысына қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеуге он сегіз жылға үкім шығарылған болатын.

КІСІ ӨЛІМІНЕ КҮДІКТІ РЕТІНДЕ ПОЛИЦИЯ ОФИЦЕРІ ТЕРГЕЛУДЕ

Жітіқара қаласында жақында тағы да сұмдық оқиға болды.Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Кісі өлтірді деген күдікпен жиырма үш жастағы полиция лейтенанты қамауға алынды.

Жітіқара қаласының маңайындағы ағаш арасынан 58 жастағы кісінің мәйіті табылған. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, кісі өліміне қатысты күдікке ілінген полиция қызметкерінің нағашысы көптен дау болып жүрген пәтер мәселесіне байланысты сол пәтер иесін қорқытуға және пәтердің кілтін алып беруге жиенін көндірген.

Ол болса пәтер иесін сыртқа алып шығып, айтқанына көнбегеннен кейін алдымен ұрып өлтіріп, содан кейін мәйітті өртеп жіберуге әрекет жасаған деген күдікке қалып отыр. Бұл оқиғаны сол маңайда саңырауқұлақ теріп жүрген кісілер көріп, полицияға хабарлаған. Сөйтіп, полиция офицері істі болып қамауда отыр. Аталған қылмысты іске байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚЫЛМЫСТЫ АШУДАН ДА, ЖАСАУДАН ДА ЖІТІҚАРА АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА ТҰР

Осыдан бір жыл бұрын дәл осы қалада мектеп оқушылары өздерінің құрбысын қинап өлтіргені туралы хабар естіген адамның жанын түршіктірген. Осы оқиға туралы жергілікті газеттер хабар беріп, мектептердегі тәрбие жұмысының бетімен кеткені сыналған еді.

«Қылмыс жасаушылар жазасыз қалмайды. Тіпті, қылмысты ашудан Жітіқара полицейлері облыс бойынша көш басында келеді екен. Бірақ, мәселе қылмыстың ашылуында емес, қылмыстың алдын алуда ғой. Жастардың көбі жұмыссыз. Көшеде босқа сенделіп жүреді. Қаладағы жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмысы жеткілікті деңгейде емес деген қорытынды жасауға болады. Енді қылмысқа полицейлердің өздері қатысты болса не деуге болады?» - дейді қала тұрғыны Жақия Әлімбаев.

Жітіқара қаласының жанында сот үкімімен қамау жазасына өмір бойы кесілгендер отыратын түрме бар. Ресми емес дерек көздеріне сенсек, онда да жітіқаралықтар бар көрінеді.

Ал Ресеймен шекаралас орналасқан аудан орталығы болып есептелетін шағын қала қылмыс саны жағынан облыс бойынша алдыңғы орында тұр.
XS
SM
MD
LG